Уақытша үкіметтің басқару органы «Учредительное собрание» («Комуч») мүшелерімен кездесуге Алашорда атынан 1918 жылдың шілде айында Семейден Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков, Түркістаннан М.Шоқай, Батыстан У.Танашев төртеуі Самарада бас қосады. Бұлар «Комичпен» келіссөз жүргізді. Нәтижесінде, 20-қыркүйекте Уфада Уақытша үкімет жанынан Алашорда Кеңесі ашылды.
– Әнес Төлендіұлы, сізді көзі қарақты қауым алаш тақырыбында айтары бар тұлға деп біледі. Сұрайын дегенім – Алашорда ықпалы қазақ даласын толық қамти алды ма?
– Қазақстанда Алашорданың ықпалы басым үш аймақ болды. Табаны – Торғай, өзегі – Семей, жұлыны – Жымпиты. Торғайда Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов болды. Семейде Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Райымжан Мәрсеков сынды мықтылар топтасты. Үшіншісі – Батыстағы Жымпитыда Халел және Жанша Досмұхамедовтер бастаған қайраткерлер бас қосты.
Осылардың бәрі Семейге бағынды. Мәселен, 1918 жылдың наурыз айында Халел мен Жанша Досмұхамедовтер Алашорда үкіметінің Семейдегі басшысы Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасымен Мәскеуге барып, Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Лениннің қабылдауында болып, сонымен қатар Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Сталинге жолыққан.
– Досмұхамедовтер Мәскеуге қандай мақсат көздеп барды?
– Мақсат айқын, халықтар өзін-өзі дара билеу құқығын талап етуі заңды деп түсінген алаштықтар әуелі автономия мәселесін шешуді қолға алды. Әуелі өкілдер Ленин мен Сталинге 1917 жылы желтоқсанда өткен ІІ Жалпықазақ сиезінің «Автономия құру туралы» қаулысын табыс етті. И.Сталин қаулымен танысып, наурыздың 19-ы күні Семейдегі Алашорда басшылары Ә.Бөкейханов және Х.Ғаббасовпен телефон арқылы сөйлесті. Мұнда автономия мәселесі талқыланды. Осы телефон-сұхбатта айтылған дүниелер қазақ тіліне аударылып, алаштың көз-құлағы саналған «Сарыарқа» газетіне жарияланды.
– «Сарыарқа» газетіне қазақ тіліне аударылып жарияланған мәтінде не айтылған?
– Газетте жарияланған мәтінге қарағанда кеңестік көсемдер 1917 жылы желтоқсанда өткен Жалпықазақ жиынының қаулысымен терең танысқаны байқалады. Бірақ олар алаштықтар тарапынан «Кеңес үкіметіне ешбір қарсылық болмау керек», дегенді алға тарта отырып, тіпті автономияға келіскен жағдайда: «Ол таптық автономия болсын. Билік басында большевиктер отырсын. Әуел бастан келісіп алайық, ұлтшылдар аулақ жүрсін!» деген шарттарын ұсыныпты.
Мәселе мұнымен бітпейді. Жалпы, алаш тақырыбына бойлау үшін сол дәуірде алма-кезек құйқылжыған саяси оқиғаларды да білу керек. Өйткені Алаш қайраткерлерінің арман-аңсарын Ресейде пайда болған саяси-әскери топтар бәрі де өз мүддесі үшін пайдаланғысы келіп, жан-жаққа тартқылады...
– Мысалы...
– Мысалы, алаштықтар большевиктермен келісе алмай жатқан тұста, Уфада Уақытша үкімет орнады. Оның басқару органы «Учредительное собрание» дейтін құрылды. Олар: «Қазақтарға арнап 81 депутаттық орын бөліп қойдық. Түбінде сендерге автономия береміз!» деп дәмелендіреді.
– Алаш қайраткерлері осы тұста Уақытша үкімет жағына ойысқан сыңайлы...
– Әрине, Уақытша үкіметтің басқару органы «Учредительное собрание» («Комуч») мүшелерімен кездесуге Алашорда атынан 1918 жылдың шілде айында Семейден Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков, Түркістаннан М.Шоқай, Батыстан У.Танашев төртеуі Самарада бас қосады. Бұлар «Комичпен» кліссөз жүргізді. Нәтижесінде, 20 қыркүйекте Уфада Уақытша үкімет жанынан Алашорда Кеңесі ашылды. Осы жиынға Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, М.Тынышпаев, М.Шоқай, У.Танашев бастатқан 172 адам қатысып, олар «Батыс Алашорда Семейдегі орталыққа бағынады, бірақ төтенше жағдайда өз бетінше әрекет жасауға құқылы» деген қаулы қабылдады.
Сонымен қатар, «Комуч» Шығыс Алашорда әскеріне 2 млн сом ақша, 3000 әскерге киім-кешек, қару-жарақ берді. Осының бәрін Ә.Ермеков артып-тартып, Семейге алып кетті. Ал Батыс Алашордаға 2000 мылтық, 37 пулемет, 2 зеңбірек, 2 автомобиль берді.
(Алаш қаласының ХІХ ғасырдағы көрінісі)
– Осы қару-жарақтарды пайдаланып алаштықтар әскер-милиция, яғни елді қорғайтын жасақ құруға талпынды. Солай ма?
– Сөйтті. Жоғарыда айтқанымыздай алаштықтар Алашорда қарулы күштерін құруға көмек көрсету мәселесі бойынша Самарадағы Құрылтай жиналысының комитетімен келіссөз жүргізді. Бұл істің басы-қасында Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, Ә.Ермековпен бірге патшалық Ресейдің әскери қызметкері Xамит Тоқтамышев та жүрді. Бұлар Семейде Шығыс Алаш әскерін жасақтауды қолға алды.
Бірақ менің пайымдауым бойынша, сол кезде алаштықтар аты айтып тұрғандай Уақытша үкіметке сеніп жүріп уақыттан ұтылып қалды. Екі ортада большевиктер күшейіп кетті. Олар Орынборды жастанып жатқан Колчакты қуып шықты. Келесі қарсы тұрар күш Деникин мен Жайықтағы Толстов отрядын жойып, Түркістанды толық бағындыру мақсатында «4-ші Түркістан майданын» ашты. Майданға барлық қару-жарақты үйіп-төгіп берді. Сөйтіп Фрунзе басқарған алапат күш дүниені басып-жаншып Оңтүстікке қарай жылжыды.
Обалы не керек, бұлармен Батыс Алаш әскерлері кәдімгідей соғысты. Оларға Толстов отряды көмектесті. Батыс Алаш әскеріне «Темір, Ойыл, Електен қызылдарды өткізбеңдер!» деген тапсырма жүктелді. Алғашқы соғыс 1919 жылы Жымпитының терістігінде Аққаты өзенінің жағасында өтті...
– Бірақ Фрунзе басқарған 4-ші Түркістан майданы жеңіске жетті. Алаштықтар да, ақтар да жеңілді. Сөйтіп жеңген жақ жазалау шарасын жүргізді ғой?
– Фрунзе «Алаш әскерін оңдырмай жазалаймын» деп қатты шүйліккен. Дәл осы сәтте Ахмет Байтұрсынов араласып, жанын салып «алаштықтарды жазаламауға» Фрунзені көндірген. Бәкібаев деген адамды жіберіп, Алаш әскерилерін де сабырға шақырған. Халел Досмұхамедов Елек қаласында Фрунземен жасырын кездескен. Сөйтіп 1919 жылы 10 желтоқсанда Орынборда алаштықтар мен Фрунзе келісімге келген. Алаш әскерінің атын өзгертіп «Қызыл коммунарлар отряды» деп атаған. Содан кейін Казревком тек Батыс қана емес, бүкіл Алашордаға кешірім жариялады. Осының бәрі Ахаңның еңбегі.
– Дұрыс айтасыз, Әнес аға! Батыс Алаш әскерилерінің тағдыры осылай шешілді. Капитан Тоқтамышев бастаған Шығыс Алаш әскерлері жайлы көп жазылды, бұдан ел-жұрт құлағдар. Сөз басында өзіңіз айтқандай, Алаштың табаны Торғай жеріндегі Алаш әскерлері жайлы қысқаша хабардар етсеңіз?
– Алаш әскері тарихында ең бір күрделі оқиға орын алған жер осы Торғай топырағы. Өйткені бұл өлкеде А.Иманов басқарған 4-ші қызыл әскер полкі болды. Оның үстіне әкеліп Міржақып атаң 4-ші Алаш полкі дегенді құрды. Бұдан басқа Қостанай жақта Колчакқа қарсы қызыл партизандарды ұйымдастырып, Мәскеу жақтан қару-жарақ алып отырған Таран отряды тұрды.
Торғайдағы қызыл әскерлерге орталықтан қару-жарақ жеткізіп беруші адам – Әліби Жангелдин. Әлекең 1918 жылы 20 шілдеде мол қару-жарақпен Мәскеуден теміржол арқылы шығып, 1 тамызда Астраханға келеді. Содан 21 тамыз күні екі желкенді кемемен Каспий арқылы Александровскіге, одан Құланды аралы арқылы Бұзашыға келіп, Жандауыр мүйісіне жүктерін түсіреді.
Ойдан-қырдан құралған әскерлер Маңғыстаудың жерін көріп «қу далада қаңғырып өлер жайымыз жоқ» деп, бүлік шығарып, келген кемелерімен қайтып кетеді. Жағада жалғыз қалған Әліби порттың коменданты, уақытша үкімет өкілі, полковник Оспан Көбеевке келеді. Жөнін айтады. Осылай да осылай, мына қару-жарақты Торғайға жеткізуім керек деген.
Оспан далалық адайдың болысы Тобаниязды шақырып алып көмектесу қажетін ұқтырған. Тобанияздың арқасында Әлекең елден түйе жиып, оған қару-жарақ артып Шалқар – Мұғалжар – Ырғыз арқылы Торғайға тартқан. Жолай Шалқарда Ахмет Байтұрсыновпен құпия кездесіп, Ахаңды Ұлттар істері жөніндегі Халық Комиссариаты Қазақ бөліміне қызмет жасауға көндірген. Ахаң осы қызметін пайдаланып, Фрунзенің тілін табу арқылы жоғарыда Батыс алаштықтарды құтқарып қалған жоқ па...
Қысқасы, Торғай өңірінде кеңестік билік орнаған тұста Міржақып басқарған 4-ші Алаш полкі кіммен соғысарын білмей тағы да далада қалып қояды. Олар осылай қиналып тұрғанда Мәскеуден алып-ұшып Ахаң жеткен. Міржақыппен сөйлесіп 4-ші Алаш полкын, «4-ші Қызыл әскер полкы» деп атын өзгертіп, Аманкелдінің сарбаздарына қосып кеткен... Алаш әскерлерінің қысқаша тарихы осылай, қарағым!
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»