Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға сапармен келген Норвегия Корольдігінің Крон-ханзадасы Хаакон Магнуспен кездесті. Кездесу барысындағы әңгімелесуде тараптар екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық ойдағыдай дамып келе жатқандығын атап өтті
Біз Норвегиямен әрқашан да ыстық ықыласты әрі сенімді қатынаста болғанды қалап келдік, деді Нұрсұлтан Назарбаев кездесудегі сөзінде. Менің 2001 жылы Норвегияға жасаған алғашқы сапарым кезінде жоғары мәртебелі Король Харальд V-пен кездесіп, келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілген келісімдер екіжақты қатынастардың дамуына жаңаша серпін берді. Біз Норвегияны Еуропадағы сенімді әріптес деп білеміз.
Бұдан кейін Қазақстан басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тоқталды. Елбасының атап өткеніндей, Норвегия Корольдігі 1992 жылдың басында Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныды. Содан бергі уақытта екі мемлекет арасындағы қатынас тұрақты дамып келеді. Қазақстан өзінің Норвегиядағы елшілігін ашты. Енді Норвегия Қазақстандағы елшілігін ашқалы отыр. Бұл Қазақстан мен Норвегияның тығыз ынтымақтастық жасауына қызмет етеді. Мемлекет басшысы, сондай-ақ кешегі Қазақстан-Норвегия бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен бизнес-форум Қазақстан – Норвегия іскер топтарын жақындастыра түсетінін де атап өтті.
Ослода өткен қарусыздану жөніндегі халықаралық конференция біздердің ынтымақтастығымыздың маңызды бір көрінісі болып табылады, деді Нұрсұлтан Назарбаев әрі қарай. Қазақстан Семей ядролық полигонын жапқанын және ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын жақсы білесіздер. Біз ядролық қарусыз әлем құру жөнінде белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Өзіңізді қызықтырған кез келген мәселені талқылауға әзірміз.
Ал Хаакон Магнус Норвегия мен Қазақстан арасындағы қатынастар жайына тоқталды. Екі елдің қатынастары достық жағдайда тереңдеп келеді, деді мейман. Ынтымақтастықты дамытудың болашағы өте зор. Біз Сіздің ядролық қаруды таратпау жөніндегі белсенділігіңізді жоғары бағалаймыз.
Хаакон Магнус бұдан соң, Қазақстан – Норвегия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызы ерекше екенін ортаға салды. Мейманның айтуынша, бүгін ертеңгісін энергетика саласындағы қатынастарды жандандыруға қатысты кездесу болды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстанды әлемдік деңгейге шығарады. Еліміздің жауапкершілігі жоғары бұл міндетті ойдағыдай атқаратынына сенімді.
Елімізге тұңғыш рет сапармен келген Норвегия Корольдігінің Крон-ханзадасы 1973 жылдың 20 шілдесінде Осло қаласында туған. Ол Харальд мұрагерлі ханзада мен оның зайыбы Сонидің отбасындағы екінші баласы және жалғыз ұлы екен. Елдің бұрынғы конституциясы бойынша Хаакон Магнус тақтың мұрагері ретінде өмірге келген. 1991 жылдың 17 қаңтарында әкесі оны тәжілендірген соң, Хаакон Магнус мұрагерлі ханзада болып аталды.
Крон-ханзаданың балалық шағы Скаугум корольдік қонысында өтті. Ата-аналарының тілегі бойынша ханзаданың және оның әпкесі Марта Луизаның тұрмыс қалыптары жай балалардың өміріне сай болды. Ханзада 1991 жылдың 20 шілдесінде Мемлекеттік кеңестің отырысына алғаш рет қатысты, ол сол жылдың 22 шілдесінде алғаш Корольдің шетелге кетуіне байланысты Мемлекеттік кеңесте тұңғыш рет төрағалық етті. Мектепті бітірген соң, ол Данияның әскери-теңіз училищесінде, одан кейін АҚШ-та оқып, қоғамдық-саяси ғылымдар бойынша бакалавр дәрежесін алды. Сондай-ақ, ол Норвегия сыртқы істер министрлігінде қызметкер, БҰҰ Даму бағдарламасының ізгі ниет елшісі болып істеді. Үш баласы бар.
* * *
Норвегия Корольдігінің Крон-ханзадасы Хаакон Магнус кеше сапар аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде болып, оқытушылар мен студенттер алдында лекция оқыды. Мейманға “Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры” атағы берілді. Крон-ханзада сол күні “SYSLAB” еңбекпен қамту орталығында да болды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.