• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Наурыз, 2018

«Сарыарқа» магистральды газ құбырының тиімділігі неде?

1693 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы биылғы 5 наурыздағы Үндеуінде «Сарыарқа» магистральды газ құбырын салу жобасын іске асыруды тап­сырғаны белгілі. Ол Астана мен еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газбен қам­тамасыз етуді көздейді. Бұл жоба «Қызыл­орда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша жүзеге асатын болады. Осы орайда газ тасымалдау инфра­құрылымын дамытудың еліміздің энерге­тикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық мәні аса зор екенін атап өткен жөн.

2014 жылы Қазақстан Үкіметі елімізді 2015-2030 жылдарға дейін газдандырудың бас схемасын бекітті. Осы схемаға сәйкес газдандыру деңгейін ағымдағы 47%-дан 2030 жылға қарай 56%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл 3 миллионға жуық адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, тәуелсіздік жылдары газды ішкі тұтыну 1,5 есеге өсті.

Кеңес өкіметі кезінде біз тек үш газ құбырын ғана пайдаланып келдік. Олар «Орта Азия – Орталық» газ құбыры, екіншісі «Бұхара-Орал» және үшіншісі Ташкент-Бішкек-Алматы» магистралі.

Республика аумағында жүргізілген бұрынғы магистральды газ құбырлары технологиялық тұрғыдан бір бірімен байланыспай жатты. Осы жағдай батыс өңірінде өндірілген газды еліміздің оңтүстік, орталық және солтүстік өңірлеріне жеткізуге мүмкіндік бермейтін.

Тәуелсіздік жылдары энергетикалық қауіпсіздік мақсатында Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбыры салынды. Ол ең алдымен елдің оңтүстік өңірінің импортқа тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік берді.

Осыдан біржарым жыл бұрын, яғни 2016 жылы Қазақстан Республикасын газ­дан­дырудың бас схемасы аясында «Алматы-Талдықорған» магистральды газ құбыры пайдалануға берілді. Ол шамамен 170 мың тұрғыны бар облыс орталығын таби­ғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бұдан өзге, Орталық Азия газын Қытайға транзиттеуге арналған «Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» магистральды газ құбыры республиканың транзиттік-экспорттық әлеуетін барынша кеңейтті.

Бүгінде газ саласындағы осындай ірі жобаларды іске асыру бұған дейін газ берілмей келген өңірлер тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар бұрыннан қалыптасқан газ тасымалдау жүйесіне сәйкес, әзірге табиғи газ Қазақстанның 14 облысының тек 9 облысына ғана жеткізіледі. Бұл ретте орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз қалып отыр. Алайда Елбасының бес бастамасы аясында бұл мәселе де өз шешімін табады.

Еске сала кетсек, елдің орталық және солтүстік өңірлерін газдандыру мақсатында Үкіметпен 2 негізгі нұсқа әзірленген болатын:

1. Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана бағыты бойынша «Батыс – Солтүстік – Орталық» магистральды газ құбыры. Онда газды Қостанайдан жеткізу көзделді.

2. Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана– Көкшетау-Петропавл бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральды газ құбыры. Көп талқылаудың нәтижесінде осы «Сарыарқа» бағыты таңдалып отыр. Бұл бағыт несімен тиімді?

«Сарыарқа» жобасын іске асыру салыс­тырмалы құны бойынша газбен жабдықтауды барынша қамтуға мүмкіндік береді. Әрі бұл құбыр жобасы индустриялы дамыған өңірлер арқылы өтеді. Мұнымен қоса, бұл бағыт бойынша Қазақстанда шығарылған газ пайдаланылады.

Осы жоба бойынша «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы техникалық-экономи­калық негіздемені әзірледі. Оған мемлекеттік сараптама оң бағасын берді. Негіздемеге сәйкес жобаның жалпы құны – 370 млрд теңге.

Бұл жобаны кезең-кезеңмен іске асыру көзделіп отыр. Қазірде Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес ұзындығы 1081 шақырым, құны 267,3 млрд теңге болатын «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша бірінші кезең әзірленіп жатыр. Газ құбырының осы учаскесі аталған қала тұрғындарын және газ құбыры трассасы бойында жатқан елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз етеді.

Сарапшылар пікірінше, осы жобаны жүзеге асырудың бірнеше тиімділігі бар. Олар:

– магистральды газ құбыры бойындағы инфрақұрылымды және табиғи газды пайдалана отырып жаңа өндірістер дамиды;

– Астана қаласында жылу электр орталығында жағылатын 651 мың тонна көмірді бұдан әрі газ алмастыратын болады. Осылайша ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар едәуір азаяды. Ал, бұл қалдықтың мөлшері жылына 36 мыңнан аса тонна;

– құрылыс барысында шамамен 800 жұмыс орны және оны пайдалану кезеңінде 225 жұмыс орны ашылады.

Бүгінде алдыда екі міндет тұр. Біріншісі үстіміздегі жылдың мамырына дейін жоба­лау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және шілдеге дейін мемлекеттік сараптамадан өткізу. Екінші Еуропа Қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі, сондай-ақ Қазақ­станның Даму банкі сияқты ұйымдардан қар­ажат тарту арқылы қаржыландырудың схемасы мен талаптарын айқындау.

Жүргізілген жұмыстар қорытындысы бойынша, осы жылғы шілденің басында құрылысты бастау және дәнекерлеудің салтанатты рәсімін өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар қазірде Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстары және Астана қаласы әкімдіктерімен бірлесіп, газ тарату желілерін жобалау мен салу мәселелері пысықталып жатыр. Осылайша тарату желілерінің бірінші кезеңі «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы аяқталысымен 2019 жылдың аяғында қосылуға дайын болуы тиіс.

Мемлекет басшысы алдымызға қойған мақсат-міндеттер тапсырылған мерзімде орындалуға тиіс. Өз тарапымыздан біз мүдделі мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен бірлесіп, тапсырмаларды уақтылы іске асыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.

Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ,

Энергетика вице-министрі