• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Наурыз, 2018

«Ешкімге ұқсамайтын халық»

355 рет
көрсетілді

Фридрих Обойковицті былайғы жұрт жете біле бермеуі мүмкін, ал асүйдің м­аңайында жүргендердің оған деген ілти­паты ерекше. Шетелде тіпті танымал. Софи Лорен, Фрэнк Синатра, Клау­дия Кардинале секілді есімдері төрт­күл дүниеге кеңінен таныс тұлғаларға дәм­ді­лігі тіл үйіретін тағамдар әзірлегенін айт­сақ та жеткілікті.

Баварлық бас аспаз «SES» халықаралық ынтымақтастық бағдарламасы аясында Петро­павл қаласына арнайы келіп, тегін шеберлік сағаттарын өткізді. Неше түрлі тағамдардың өзіне ғана мәлім дайындау құпияларымен бөліс­ті. «SES» жобасының ресми өкілі Ирина Ва­сильева­ның айтуынша, Қазақстан мен Гер­мания ара­сындағы еріктілердің өзара тәжірибе алмасу­л­ары 2004 жылдан бері жалғасып келеді. Осы аралықта көптеген кәсіп иелері халықаралық сер­ти­фикат алып шыққан. Бүгінде бірлестіктің құра­мында 10 мыңға жуық шеберлігі жоғары мамандар бар.

 – Жаратқанның бере салған қасиеті ме екен, бала кезімнен ас қамдауға өте епті, бейім болдым. Бірақ ата-анам аспаз емес, басқа мамандық иесі болуымды қалады. Гимназияда оқып жүр­генде көне грек, латын тілдерін меңгеріп, кейін ағыл­шын, хорват, орыс тілдерін үйрендім. Ат жа­лын тартып мінер шаққа жеткенде өз ұ­й­­ғары­мым бойынша 3,5 жыл оқып, даяшы және аспаз мамандықтарын алып шықтым. Ас­па­з­­дықтың тылсым сырларын игерудің еш қиын­дығы жоқ. Ең бастысы ынта, жігер, талап болсын, дейді жарты ғасырға жуық жұмыс өтілі бар өз ісінің білгірі.

Айтуынша, Қазақстанда экология таза. Табиғи өнімдерден жасалған азық-түлік құнарлы, ағзаға сіңімді. Қазір көптеген елдер адам денсаулығын ойлағаннан гөрі тезірек табыс тауып, байығысы келеді. Жасанды дәмдеуіштер күрт көбейіп кетті. Соның салдарынан жастар түрлі кеселдерге тез шалдыққыш. Өйткені ағзада ауруға қарсы тұру иммунитеті әлсіз. Шамадан тыс семіру де белең алып барады.

Ол шеберлік сағаттарының бірінде италиялық «Фиттуччини» тағамын әзірлеудің өзін­дік тәжірибесімен таныстырды. Жетпісті ең­серсе де қимылына көз ілеспейді, қолы-қолы­на жұқпайды. Оның ас әзірлеу машығын тап­жылмай бақылып тұрған «Beer-Grad» мей­рамха­насының аға аспазы Александр Михеев мына ақсақалға ілесу қайда дегендей басын шайқап қояды. Баварлық брецель, нан тоқаштары мен десерттерді заматта дайындап берді. Картоп салатының онға жуық түрін жасаған оның шеберлігі шынында да қайран қалдырмай қоймайды.

«Басқа жақты қайдам, Германияда аспаздық өнер ретінде бағаланады. Кулинарлық дәріс сабақтарының бағасы 3,5 мың еуроға дейін барады. Сондықтан уақытты босқа жібермей тегін ақыл-кеңес алып қалыңыздар», деп ара-арасында қалжыңдап та қояды.

Еңбек жолын 20 жасында Мюнхендегі элиталық мейрамханалардың бірінен бастап, көп жыл бойы аға, бас аспаз болып жұмыс істепті. 44 жасында экономист-менеджер мамандығын алып­ты. Араламаған мемлекеті, жеңіп алмаған жүл­­десі жоқ секілді. Зейнетке шықса да, лекция­­лар оқуға, конкурстарға жетекшілік етуге, ше­бер­­лік сағаттарын өткізуге шақырған өтініштер аз емес.

Қазақтың ұлттық тағамдарына қалай қарай­сыз, қайсысын ұнатасыз деген сұраққа «ет асу» дегендей бас бармағын көрсетті. Қазақ – ерек­ше жаратылған жауынгер халық, ешкімге ұқ­самайды. Мінезі кең, құшағы ашық, көңілі жомарт. Алайда майлы тағамға құмарлық, дас­тарқан басында көп отыру жарамайды. Етті негізгі тағам ретінде тұтынуға болмайды дегені ескертудей естілді. Дастарқанға жеміс-жидектің көбірек қойылуын қалайды. Қазақтар секілді сүттен жасалған мәзірді ұнатамын, тамақты талғап жегенге не жетсін, деп қосып қойды.

Қызылжар жерінде әлі боламын. Наурыз мейрамына қатысып, қазақтың салт-дәстүрлерімен, тағамдарымен кеңірек танысқаннан кейін ұлт­тық шеберлік сағаттарын өткізуден бас тартпас едім. Осы күнді тағатсыздана күтіп жүрмін, деген сөздері адам жанына жылылық ұялатады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы