• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Наурыз, 2018

Шымкентте Әлішер Науаи саябағы ашылады

433 рет
көрсетілді

Бүгінде Оңтүстік Қазақ­стан облысындағы 3 мил­лионға жуық тұр­ғын­ның 17 пайызын өзбек этносының өкілдері құрай­ды. Нақтырақ айт­сақ, облыста 491 мың өзбек өмір сүруде. Өңірдегі 15 мектепте білім өзбек тілінде беріледі, ал аралас тілді 50 мектепте өзбек сыныптары бар. Сонымен қатар республикамыз­дағы жалғыз өзбек драма театры да оңтүстікте орналасқан. 

Облыс аумағында 4 газет өзбек тілінде жарық көрсе, 3 телеарна қазақ-орыс-өзбек тіл­дерінде хабар таратады. Қазақ­стан өзбектері этномәдени бір­лестіктерінің «Достық» қауым­дастығы мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігі және оның аудандық, қалалық 13 филиалы жұмыс істейді. Өзбекстан Республикасынан Шымкентке келген бір топ зиялы қауым өкілдерімен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың кез­десуінде осындай деректер кел­тірілді. Қазақстанда 2018 жыл Өзбекстан жылы деп жариялануына байланысты ұйым­дастырылатын іс-шара­лар аясында өткен кездесу бары­­сында екі ел арасындағы стра­тегиялық әріптестік, іскерлік қарым қарым-қатынас, мәдени ықпалдастық орнату жайы айтылды.

«Өздеріңізге белгілі биылғы 15 наурызда Астана қаласында Өзбекстанның Қазақстандағы жылы жарияланып, салтанатты жағдайда ашылды. Соңғы 1,5 жылдың ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында достық байланыстар бекіп, жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бүгіннің өзінде темір жол тасымалы 44 пайыз­ға артып, тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті», деді Жансейіт Қансейітұлы. Соңғы жылдары қос мемлекеттің бас­шылары бірнеше мәдени ық­палдастық іскерлік қарым- қатынасын жалғастыру және саяси-экономикалық әріптестікті нығайту мақсатында маңызды кездесулер өткізіп, ортақ саяси шешімдер қабылдаған болатын.

Соның нәтижесінде Өзбекстан мен Қазақстанның белгілі кәсіпкерлері қатысқан халықаралық бизнес форум өткізіліп, жалпы құны 1,2 млрд АҚШ долларына тең болған 75 келісімшартқа қол қойылды. Елбасы Н.Назарбаевтың өткен жылы Өзбекстанға жаса­ған жұмыс сапары аясында қазақ-өзбек бизнес форумы ұйым­дастырылып, оған екі елдің 300-ден астам кәсіпкерлері қатыс­ты. Ал Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның әкімі сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты арттыру бағытында Ташкент, Сырдария, Жызақ облыстары басшыларымен меморандумға қол қойды. Көрші елмен арадағы іскерлікті нығайтуға бағытталған іс-шаралар биыл да жалғасын табуда.

Осындай игі істер нәти­жесінде бүгінде екіжақты тауар айналымы 20,3 пайызды құрап, өткен жылы сауда байланысы 11,7 пайызға артып, 622,6 млн АҚШ долларына жетіп отыр.

Кездесу барысында сөз алған Өзбекстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы Мұхаммед Әли бауырлас екі ел арасындағы дәнекерлікті нығайту бағытында атқарылып жатқан кешенді іс-шаралардың одан әрі жандана түсетініне сенім білдірді. Қонақжай оңтүстік жұртына, облыс басшылығына алғысын жеткізді. «Екі бауырлас ел арасында рухани ұқсастық бар. Ортақ дәстүр мен ұқсас әдет-ғұрып, бірыңғай тарих ынтымағымызды жарастыра түседі. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы қаулыға қол қойғаны мәлім. Ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбайұлының есімі мен мол шығармашылық мұрасы қазақ халқының ғана емес, барша түркі халық­тарының, оның ішінде өзбек халқының рухани даму тарихында өшпес із қалдырды.

Бүгінде Абай Құнанбайұлының шығар­машылық мұрасын кеңі­нен зерттеу мен насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Мен өзім бірне­ше өлеңін өзбек тіліне аудардым. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтың шығармаларын бала кезімізде оқып өстік. Ақын-жазушылар арасындағы байланыс үзілген емес, енді жандана түсетініне сені­міміз мол», деді Мұхаммед Әли. Сондай-ақ көрші елден келген қонақтар бүгінде Абайдың шығармаларын өзбек тіліне, ал Ә.Науаидың еңбектерін қазақ тіліне аударып, мектептерге тарату көзделіп отырғанын жет­кізді. Ал өзбек еліндегі жас­тар орта­лығы қазақ ақын-жазушы­лары шығармаларының электронды нұсқасын жасауда екен.

Кездесуді қорытқан облыс әкімі екі ел басшыларының арқа­сында қазіргі кездегі қарым-қаты­нас одан әрі жақсара түс­кенін айта келе, Шымкентте Ә.Науаи саябағы ашылатынын мәлім етті. Әлішер Науаи мен Абай Құнанбаев әділет пен адам­гер­шілікті, пәк сезім мен таза махаббатты, адалдықты, азаматтықты өз шығармаларына арқау еткені белгілі. Жауыздыққа, зорлық-зом­былыққа қарсы болды, дос­тық пен ынтымаққа шақыр­ды, сондай-ақ жастарды білімге үндеді. Сондықтан да, Науаи мен Абай қос елде қан­дай да жо­ға­ры құрметке лайық­ты тұл­ға. Құра­­мы­на Өзбекстан Рес­пуб­­ли­ка­­сы­­ның зиялы қауым өкіл­­дері, ға­лым­дар мен жазушы­лар енген деле­гация облыс аумағындағы тари­­хи орындарды аралап, Түркіс­тан­да Әмір Темір­дің 682 жыл­ды­ғына арнал­ған ғылыми тәжі­ри­белік конфе­рен­цияға қатысты.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан» 

Оңтүстік Қазақстан облысы