Жылқының еті мен қымызы бойға қуат беретінін айтып жүз жерден шалқып сөйлесек те, қазір елдің бәрінің бірдей қазы кертіп жеуге, саба-саба қымыз сіміруге шамасы жетпейтіні белгілі.
Әсіресе, қалалық жерде төрт түліктің етіне қолы жете бермейтіндер құс етін қызылдауға мәжбүр. Құс етін кемсіткелі отырған ештеңеміз жоқ. «Ауру – астан» деген аксиоманы алға тарта отырып, өнімнің сапасын әңгіме қылмақпыз.
Құс еті тез бұзылатын және құрамындағы түрлі қоздырғыш бактериялар тез көбейетін болғандықтан, тиісті органдар тарапынан бактериологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштері басқа өнімдерге қарағанда қатаң тексеріледі екен. Анықталған теріс фактілер де толып жатыр. Айталық, сальмонеллез, стафилоктоз қоздырғыштары бар, ылғалы шектен тыс мол етті, жарамдылық мерзімі өтіп кеткендіктен қайта таңбаланған жұмыртқаларды сату жиі кездесетін жайтқа айналған. Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінен алынған деректерге көз жүгіртсек, биылғы жылдың екі айында жүргізілген тексеру барысында дүкендер мен базарлардың сөресінде самсап тұрған «Брянский бройлер», «Чебаркульская птица», «Нагайбакский птицеводческий комплекс» сынды кәсіпорындардың мұздатылған құс етінің сальмонелла және ішек таяқшаларымен ластанғаны анықталыпты. Бұл дегеніңіз адамдардың адал ақшасына сатып алған асынан уланып қалуы мүмкін деген сөз. Құс етінің үнемі қатып тұратыны мәлім, ал мұздатылған өнім шикі астардың ішіндегі ең қауіпті түрі екенін ескеру керек.
«Буштың сирағынан» бас тартқанымызға біраз болса да, сөренің бәрін отандық өнім жаулап алды десек өтірік айтқан болар едік. Сауда желілеріндегі шетелден келген құс етінің құрамынан фосфаттар түріндегі тағамдық қоспалар жиі табылады екен. Ал еліміздің заңнамасына сәйкес құс етіне оны қосуға тыйым салынған. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин: – Бұл ерітінділер ағып кетпейді. Құс етін қатырғанда су қосса, ол мұзға айналады, мұздың көлемі суға қарағанда үлкейетіндіктен етті жыртып жібереді де, ерітінді бүкіл өнімге тарайды, – дейді.
«ФинИнвест», «Приосколье», «Куриное царство Брянск», «Пенза МалИнвест», «Инжавинская птицефабрика», «Витебская бройлерная птицефабрика»... атауын айта берсек ауыз талатын шетелдік кәсіпорындардың құс етінен дайындалған жартылай фабрикаттары таңбалау талаптарына қайшы келетіні белгілі болыпты. Еттің дұрыс таңбалануының да маңызы бар. Тұтыну нарығында заңсыз әзірленген тамақ өнімдерін, оның ішінде ет, май, сүт өнімдерін анықтау халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған басты міндеттердің бірі саналады.
– Тамақ өнімдерінде өндіруші таңбада көрсетпеген компоненттер мен заттардың болуы адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Ондай өнімдер, әсіресе жүрек-қан тамырлары мен эндокринді аурулардың, аллергиялық реакциялардың ушығуына ықпал етуі ықтимал,– дейді бұл туралы Жандарбек Бекшин.
Құстың еті мен жұмыртқадан басқа өнімдердің де бәрі бірдей тамаша емес. Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің хабарлауынша, биылғы жылдың алғашқы екі айында аталған комитет 79 түрлі сүт өнімін тексеріп, 1227 зерттеу жүргізіпті. Нәтижесінде, 79 түрлі сүт өнімінің 18-інен алынған сынама тиісті талаптарға жауап бере алмаған. Жарнамасы жер жаратын франциялық «Президент» сары майы, финляндиялық «Валио» сүті, германиялық «Омира Оберланд» фирмасының өнімдері, Ресей мен Қырғызстанның сүт, май, йогурттарынан да кінәрат табылған. Жосықсыз өндірушілердің тізімі комитеттің сайтына орналастырылыпты.
Бірер жыл бұрын Ресейден келетін «Шадринское» сүтінен ши шыққаны есімізде. Қалбырындағы «Ресей Федерациясының аумағында сатуға арналмаған» деген жазуға байланысты дау туғанда өндірушілер «Жазудан жай ғана қате кетіпті, бұл сүтті өзіміз де ішіп жүрміз» деп ақталып баққан болатын. Алайда таяуда ғана «Сапа» тұтынушылар құқын қорғау ұлттық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің кеңесшісі Әлиақпар Мәтішев сараптама нәтижесінде «Шадринскоенің» денсаулыққа қауіпті екендігі анықталғанын хабарлады. Ресейлік өнім ғана емес, отандық «Одари» мен «Адалдың» сүттері де оншалықты адал болмай шығыпты.
Тиісті мекемелер халықтың денсаулығын қолдан келгенше қорғауға жауапты десек те, бірінші жауапкершілік асты тұтынушының өзіне байланысты екені түсінікті. Дүкен сөрелерінен бұзылған өнімді байқап қалып әлеуметтік желі арқылы елді құлақтандыратын, санитарлық-эпидемиологиялық органдарға хабар беретін, азаматтық белсенділігі жоғары адамдарды көріп жүрміз, әрине. Дегенмен тіркеліп жатқан теріс фактілердің де көп екенін ескерсек, ішер ас пен судың сапасына әлі де болса көбірек көңіл бөлу керек сияқты. Өзінің және отбасының денсаулығына алаңдайтын адамдардың басқа амалы жоқ.
Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»