Батыс Қазақстан облысында сәуір айының ортасында ауа температурасы +20 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, төтенше қызмет өкілдері биылғы топырақ қабатындағы тоңның қалыңдығынан қауіптеніп отыр. Күн күрт жылынып, жауын-шашынға ұласса, қар суы жерге сіңе алмай, өзендер арнасынан асуы әбден мүмкін.
Соңғы күндері Ақ Жайық өңірінде табиғат тосын мінезін көрсетіп тұр: наурыз айында Батыс Қазақстан облысында республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдар бұрқасынға және көктайғаққа байланысты бірнеше рет жабылды. Тіпті наурыздың 24-25-і күні соққан бораннан Қазталов ауданының елді мекендерінде жол қатынасы кідіріп, Орал қаласынан арнайы инженерлік техника көмекке барған.
– Соңғы бораннан Қазталов ауданында 12 елді мекеннің жолы жабылып қалды. Аудан басшылары көмек сұраған соң Қазталов және Тасқала ауданына арнайы техникалар жібердік. Дәл қазір Талдықұдық пен Болашақ ауылынан басқа жерде жол қатынасы қалпына келтірілді, – дейді Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов.
Наурыздың 25-і күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов барлық аудан және төтенше жағдай қызметі басшыларымен көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша құрылған штаб мәжілісін өткізді. Өңір басшысының бұйрығымен 26 наурыздан бастап Батыс Қазақстан облысында азаматтық қорғаныс мекеме-ұйымдары ең жоғарғы дайындық режімінде жұмыс істеуге көшті.
– Көп жылғы бақылау сараптамасына қарағанда көктемгі су тасқынынан зардап шегуі мүмкін аймақта облыс бойынша 36 елді мекен орналасқан. Бұл жерлерде 9 мың үй бар, 36 мың адам тұрады. Ал қала маңындағы саяжайларда, өзендер аңғарында орналасқан 75 бау-бақша серіктестігін 13 мың адам жыл бойы мекен етеді. Бұлардың 4 мыңы – балалар. Біз биылғы су тасқынын тосын шығынсыз өткізуге барлық күш-жігерімізді салып жатырмыз, – дейді Ақылбек Қосманұлы.
«Қазгидромет» РМК Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұржан Шияптың айтуынша, сәуір айынан бастап ауа температурасы түнде де жылына бастайды. Бірінші онкүндікте жылылық +12 градусқа жетсе, екінші онкүндікте +20 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Жердегі тоңның қалыңдығы оңтүстік аудандарда жұқарып келеді екен. Бірақ Дариян ауылы тұсында тоң қабаты 115-тен 119 сантиметрге қалыңдағаны байқалған. Жалпы, облыстың солтүстік өңірінде, Орал қаласы маңында тоң әлі қалың. «Тасқын қаупі бар, тұрғындарға біз оны ашық айтып отырмыз», дейді Нұржан Айтмағанбетұлы.
Ауа райын болжаушылар Жайық өзенінің мұзы 8-13 сәуір аралығында бұзылып, сең жүреді деп отыр. Басқа да шағын өзендердің мұзы, әсіресе сең жиналып, су арнасы бітеліп қалу қаупі бар тұстардың мұзы арнайы арамен тілініп, кептелістің алдын алу жұмыстары жүргізілген. Былтыр 50 мың шаршы метр мұз айдыны тілінсе, биыл оның көлемі 209 мың шаршы метрге жеткен. «Табиғат апатының алдын алуға адам күші де, техника да, қаржы да жеткілікті» деп сендіреді төтеншеліктер. Лайым солай болсын!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы