• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Наурыз, 2018

Қытай мен Солтүстік Корея басшылары кездесті

1484 рет
көрсетілді

Бірнеше күн бұрын Корей Халық Демократиялық Республикасының (КХДР) көсемі Ким Чен Ын көршілес Қытай елінде бейресми сапармен болып, ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Бұл Солтүстік Корея басшысының билікке келгеннен бергі алғашқы сапары болып отыр. Бір қызығы, Қытай тарапы Солтүстік Корея өкілдері өз еліне қайтқанша бұл ақпаратты құпия ұстады.

Қытайдың CCTV арнасы Ким Чен Ынның ҚХР-да 25-28 наурыз аралығында болғанын хабарлады.Солтүстік Корея басшы­сы­ның Қытайға сапарлауының мә­нісі неде? Әлемдік сарапшылар бұл туралы түрлі болжам­дар айтуда. «Бұл сапар Ким Чен Ынның алдағы екі айға жос­­парланған маңызды екі кез­­десулеріне қатысты» деседі бол­­жаушылар. Айта кету керек, осыған дейін жабық саясат ұстанған КХДР басшысы сәу­ір айында Оңтүстік Корея президенті Му Чжэ Инмен кез­­десуді жоспарлап отыр. Со­ны­мен қатар мамырда АҚШ президенті Дональд Трамппен келіссөз өткізу ниеті бар.

«Си Цзиньпин Дональд Трамппен кездескен. Онымен қалай сөйлесу керектігін біледі. Дегенмен Қытай басшысы Кимнің нені қалайтынын, қан­дай мақсаты барын анықтап алуы қажет. Бүгінге дейінгі алау­ыздыққа қарамастан Қы­тай әлі күнге дейін КХДР-ға ық­па­лын жүргізеді», дейді амери­ка­лық дипломаттар.

Айта кетерлік бір жайт, КХДР көсемінің Бейжіңге брон­ды пойызбен барғаны қы­зы­ғушылық тудырып отыр. Дәл осы пойызбен 2011 жылы оның әкесі Ким Чен Ир да Қы­тай­ға жол салған. Бұдан бө­лек, Жапонияның Nippon News Network арнасы вокзал аймағында қауіпсіздік ша­ралары күшейтілгенін, ал Тяньаньмэнь алаңында туристердің жүруіне тыйым салынғанын жеткізді.

Қытай мен КХДР-дың байланысы алдағы уақытта да өрбитін сыңайлы. Себебі Си Цзиньпин Дяоютайдағы резиденцияда өткен кездесуде Ким Чен Ын мен оның жұбайы Ли Соль Чжуды Қытайға тағы келуге шақырды.

Ал Ким Чен Ын өз сөзін­де Қытай төрағасы Си Цзинь­пин­мен өткен алғашқы кездесуі екі ел­дің достық байланыстарын нығайтып, Корей түбегіндегі бей­бітшілік пен тұрақтылыққа ық­­пал ететініне сенімділік біл­дірді.

Өткен жылы Солтүстік Корея­­ның баллистикалық зы­мы­­рандарды бірнеше рет сы­нақ­­тан өткізгенін бүкіл әлем сын­­ға алған. Осыған қатысты бұл елге түрлі санкция да са­лын­­ды. Ал Ким Чен Ын бас­та­ған бірнеше лауазымды топ қара тізімге енгізілді.

Осыған орай, Сеул мен Токио Бейжіңнен КХДР көсе­мі­нің сапары туралы түсінік­те­ме сұрап отыр. Осыған қа­тыс­ты жақын күндері Қытай үкі­ме­тінің өкілі Ян Цзечи Сеулге бармақшы. 

Жаһанға жойқын қаруымен сес көрсетіп отырған Солтүстік Кореяның биылдан бастап әлем­ге есік аша бастағаны қу­ан­­тарлық жайт. Ал жақын күн­­дері Си Цзиньпин мен Ким Чен Ынның кездесуінде нақ­ты қандай мәселелер тал­қы­лан­ғаны белгілі болуы мүмкін.

Аян ӘБДУӘЛИ,

«Егемен Қазақстан»