• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2018

 «Теңізшевройлдағы» жергілікті мамандар саны 83 пайыздан асты

390 рет
көрсетілді

Алдағы күндері сәуірдің алғашқы лебімен «Теңіз­шев­ройл» ЖШС Қазақ­стандағы ширек ға­сырлық қызметін атап өте­ді. Осы аралықта Аты­рау өңірінің түлеуіне ТШО аз үлес қосқан жоқ. Ай­мақ­­тың ажары кірді. Мұ­найдың күші жергілікті ха­лық­тың әлеуметтік өміріне көп өзгеріс әкелді. Сондай-ақ ТШО өзінің күміс тойына жаңа рекордтармен жетті.

 

Сөзіміз жалаң болмасын, осы 25 жылда ТШО есебінен Атырау облысының әлеуметтік жобаларына 1,4 миллиард доллардан астам қаражат салыныпты. Ерікті әлеу­меттік-инфрақұрылымдық бағ­дарламалардың аясында құны 230 миллион доллардан асатын 110 жоба жүзеге асты. Бұл де­­геніңіз үйге келген көгілдір отын, нан зауыты, қазандық, ем­ха­­налар, мектеп, балабақша, де­ма­лыс орындары... тізе бер­сең ел тіршілігін түрленткен тірл­ік­тердің легі.

Ең бастысы, шетелдік инвес­торлар өңірге әлеуметтік биз­нес мәдениетін, яғни қоғам­мен қарым-қатынастың адам­гер­шілікке құрылған үлгісін алып келгенін мойындаған жөн. «Те­ңізшевройл» ЖШС ба­тыс өңір­де ғана емес, бүкіл рес­пуб­ликада корпоративтік жау­ап­кершіліктің стандарттарын ен­гізуге айтарлықтай ықпал етті.

Таяуда «Теңізшевройл» ЖШС өзінің өзгермейтін дәс­тү­рі бойынша Алматыда бұқа­ра­­лық ақпарат құралдары өкіл­де­рінің қа­тысуымен кезекті есебін бер­ді. Яғни 2017 жылдың қо­ры­тындылары жарияланып, жаңа табыстар туралы баяндалды.

Жергілікті мамандардың машығы артып келеді

«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тед Этчисон сөзін өндіріс барысындағы қауіпсіздік техникасы мен қоршаған ортаны қорғаудан бастады. Бірақ БАҚ өкіл­дерімен дәстүрлі басқосу жер­гілікті кадрлар мәселесін де ай­налып өтпейді. Бұрынғы зау­ыт­тардан бөлек, қазір Теңізде үшін­ші буын зауытының құрылысы – «Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды бас­қа­ру жобасы» (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қар­қын­ды жүруде.

Жуырда осы осы зауыттың опе­раторлығына үлкен байқау жа­рия­ланып, 5 мыңдай үміт­кер­дің іші­нен 60 маман іріктелініп алын­ған. Және сол 5 мың үміткердің өзі де құжаттары талапқа сай тә­­жі­рибелі қызметкерлерден құ­рал­­­ған.

­Қысқасы, жаңа жобалар жер­гілікті кадрлардың қатарын артты­рып отыр. Және осы ширек ға­сырда өндірістің басы-қасында жү­ріп тәжірибе байытқан мықты мамандар легі пайда болғанын мақтаныш тұту қажет.

Мерейтойлық мәслихатта жер­гілікті қызметкерлердің кә­сіп­қойлығын шыңдауға жұм­сал­ған инвестиция жайы айтылды. Бүгінде ТШО-да жұмыс істейтін отандастарымыздың үлесі 1993 жылғы 50 пайыз көрсеткішпен салыстырғанда 83 пайызға жеткен. ТШО-дағы жергілікті ұлттан шыққан басшылардың, жоғары және орта буын жетекшілерінің үлесі жалпы басшылық құрамның 67 пайызын құрайды. Нақты айт­қанда, 2007 жылдан бері 156 Қазақстан азаматы сырт мемлекет­терде, өндіріс барысында бі­лімін көтеріп, тәжірибесін бай­ы­та келе басшылықтағы және тех­никалық бөлімдердегі ше­т­елдік мамандардың орнын ал­мас­тырған.

Бүгінде ТШО кадрлары жаса­рып келеді деп айтуға негіз бар. Екінші буын зауытындағы опе­ра­­торлардың орташа жасы – 30. Ын­­тымақтаса қимылдайтын қыз­­­меткерлер бәрі де өзіне бай­ланыс­ты екенін біледі. Жұ­мыс­ты жауапкершілікпен сапалы атқарса, ертеңгі күнім не бола­ды деп алаңдамайды. Әркімнің ең­бе­гі мен біліктілігіне сай алатын жалақысы бар.

«Теңізшевройлдың» мұнан да үлкен межеге жетуге қауқары бар

Не десек те, компания биыл атап өтілетін күміс тойына ауыз толтырып айтарлықтай табыстарымен келіп отыр.

Ең ірі Теңіз мұнай-газ кен орнын игеріп жатқан «Те­ңіз­шевройл» 2017 жылдың қо­ры­тындысына сәйкес шикі мұ­най­дың 28,7 млн тоннаға (229 млн бар­рель) тең рекордтық көлемін өн­діріп, мұнай нарығындағы көшбасшылық орнын кезекті мәрте бекітті. 25 жылдықтың бедеріндегі ең жоғары жылдық көрсеткішке қол жеткізді.

Ал ТШО бас директоры Тэд Этчисон компания 2018 жы­лы атап өтетін мерейтойын өндіріс саласындағы ғана емес, сонымен бірге басқа да са­бақ­тас са­ла­лардағы тамаша нә­ти­же­ле­рі­мен қарсы алып отыр де­ді. Яғни өт­кен жылы сұй­ы­тылған газ сату көлемі шама­мен 1,38 миллион тоннадан асып, құрғақ газ сату көлемі 7,45 миллиард текше метрге, ал күкірт сату көлемі 2,49 миллион тоннаға жетті.

Соңғы он жылдағы осынау үз­­діксіз табыстар 2008 жылы жү­­зе­ге асырылған Шикі газды ай­дау және екінші буынға жататын зауыт сынды жобалардың ар­қа­сында ұлғайып келеді. Осы жо­балардың нәтижесінде Теңізде тәу­лік ішінде өндірілетін мұнай көлемі 75 мың тоннаға (600 мың баррель), ал табиғи газ көлемі 22 млн текше метрге (750 млн текше фут) жетіп отыр.

Тед Этчисонның айтуынша, компанияның биылғы көр­сет­кіш­терден де биік межеге жетуге қауқары жеткілікті.

Әлемдегі ең алып зауыттың бірі салынуда

Бұл күндері Теңізде алып құ­ры­лыс кестеге сай жүруде. Үшін­ші буын зауыты – 2016 жылы ТШО серік­тестерінің ККЖ-ҰЕҚБЖ-ны қаржыландыру туралы ақыр­ғы шешімді мақұлдағаны аян. Осы мәмілеге сәйкес, 2022 жылға қарай кен орнындағы осы алып жоба аяқталуы тиіс.

Жоба дүние жүзінің 11 елінде орна­ласқан 19 орталық арқылы жүзе­ге асады. Бұл зауыт мұнай өнді­ру көлемін жылына 12 млн тон­на немесе тәулігіне 260 мың бар­рельге арттыра отырып, мұ­най өндірісінің жылдық көле­мін шамамен 39 миллион тоннаға немесе тәулігіне 850 мың барре­льге жеткізуді көздейді. Әрі қол­даныстағы нысандардың толық қуатпен жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ететін алып жоба.

Өткен жылы бірқатар қосал­қы нысандардың құрылысы аяқ­тал­ған.

Қазіргі таңда ККЖ-ҰЕҚБЖ нысандарының құрылысы әлем­дік стандарттардың озық үлгі­сіне сәйкес, қаражатты үнем­деу мақсатында бір мезетте орын­­далуда. Оған қоса ККЖ-ҰЕҚБЖ аясында 30 мыңнан ас­там қазақстандық ел ішіндегі жұ­­­мыстарға тартылып, жоба­да қыз­­мет етіп жатқандар саны­ның 92 пайызын құрап тұр. Жә­не ТШО қазақстандық жаб­дықтаушыларды ККЖ-ҰЕҚБЖ үшін жобалау, сатып алу және модульдерді дайын­дау қызметтеріне барынша тартып отыр. Жоба іске кіріс­келі бері 2 мыңнан астам отандық ком­пания алдын-ала ірік­теу­ден өтті. Қазірдің өзінде қазақ­стан­дық компаниялармен 500-ден астам келісімшарт жа­салған. Осы арада мынаған мән берген жөн. Қазақстандық қам­ту ком­панияның бес басым ба­ғы­тының бірі. Сондықтан «Келе­шек кеңею» жобасының мақсаты жалпы шығындардың 32 пайызын қазақстандық қамтуға бағыттау болып табылады.

Осыған байланысты ТШО бас директоры Тед Этчисон есеп­ті баяндамасында 2017 жы­лы ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасы ая­сында үш бірдей ірі форум өткі­зілді деді. Атап айтқанда, құ­рылыс компанияларының фо­ру­мынан бөлек, біліктілікті ба­ғалау мен кәсіби техникалық оқы­ту форумы өткізілген. Және Құл­сарыда ТШО-ның негізгі өн­дірісі мен ККЖ-ҰЕҚБЖ бас мердігерлерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

Ендігі күш жобалау мен ма­те­­риалдық-техникалық қамту жұ­­мыстары модульдерді те­ңіз арқылы алғашқы тасымалдауды бастауға және Теңіз кен орнындағы нөлдік цикл жұмыстарын орындауға бағыт­та­луда. Яғни қазір жер асты жұмыстары жүріп жатыр.

ККЖ-ҰЕҚБЖ жабдық­та­ры­ның негізгі бөлігі Қазақстан, Оңтүстік Корея және Италияда жа­салады. Алып зауыттың мо­ду­льдері алдын-ала жинақталып, одан кейін соңғы құрастыру үшін Теңіз кен орнына жеткізіледі. 2016 жылдың қазан айында Маң­ғыстау облысында орна­ласқан Ерсай өндірістік ала­ңын­да құбыр эстакадаларын жа­сау басталып, қазіргі таң­да жұмыстар жоспарға сәй­кес орындалуда. Оған қоса Ита­­­­лияда газ-турбиналы ге­не­­ра­­торларды жасау және Оң­түс­тік Кореяда модуль жасау жұ­мыстары жоспарға сәйкес орын­­далуда. Ал модульдерді та­­сы­­малдайтын кемелерді жасау жұ­мыстары Вьетнам мен Ру­мы­нияда жалғасуда. Қазірдің өзін­де алғашқы 10 модуль жет­кі­зе­тін кеме суға түсірілген. Бо­лашақта бұл кемелердің үшеуі Қа­зақстанның меншігіне өтеді.

Бәрі де адамзат үшін және жеке адам үшін

Егер мұнай өндіру ісі жалпы адамзат баласы үшін болса, мұ­най­лы өңірдің жеке адамдар үшін қандай игілігі бар деген сұрақтың туындауы да заңдылық. Осы арада ТШО-да аймақты әлеу­меттік тұрғыда қолдауға қа­тысты екі бірдей бағдарлама жұ­мыс істейтінін атап өткен жөн. Оның бірі – «Игілік» әлеу­мет­тік-инфрақұрылымдық бағ­­дар­ламасы болса, екіншісі әлеу­мет­тік инвестициялық бағд­ар­­- л­­ама. 2017 жылы Атырау об­лы­сы­ның денсаулық сақтау және бі­лім беру салаларына қолдау көр­сету мақсатында ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағ­дар­ламасына 1,06 миллион АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсалған.

Тек өткен жылы Атырау об­лы­­сында маңызды 9 әлеуметтік инфра­құрылымдық жоба жүзеге асса, бұлардың қатарында маман­дандырылған техникалық гимназия мен Атырау қаласында тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған Ретро-сая­бақтың құрылысын бөле-жарып атап өту ләзім. Мы­салы, ТШО-ның Үкіметпен жә­не жұртшылықпен байланыс бө­лі­мінің бас менеджері Рза­бек Ар­­тығалиев «Игілік» бағ­дар­ла­­масы Атырау облысының әлеу­меттік келбетінің өзге­руін­де маңызды рөл ойна­ғанын нақты атқарылған жобалармен дәйектей келе, ол есеп түріндегі емес, іс жүзіндегі жақсылықтар екенін атады.

Қысқасы, 1993 жылдан бері әлеуметтік жобаларға жалпы 293 миллион доллар бөлініп, 110 нақты жоба іске асқан. Ең бас­тысы, «Игілік» бағ­дар­ла­ма­сына бө­лінген қа­ра­жат­тың тиісті мақ­сатқа жұм­са­лу­ы­на қатысты жер­гілікті би­лік, әкім­шілік және БАҚ та­ра­пы­нан авторлық, тех­ни­ка­лық ба­қы­лаулар бар. Осы бағ­дар­ла­ма­ға тартылған үкі­мет­тік емес ұйымдар да арнайы комиссия алдында есеп береді.

Өз кезегінде Тед Этчисон мыр­за Алматыдағы БАҚ жетек­ші­лерінің қатысуымен өткен жи­ын- да ТШО-ның қызмет етіп ке­ле жатқан жылдары ішінде ком­панияның Қазақстанға ба­ғыт­таған тікелей қаржылай төлем­дері 125 млрд доллардан асып түс­кенін мәлімдеді. Бұл қара­жат­тың ішінде қазақстандық қыз­мет­керлерге төленген жалақы, отандық тауар өндірушілер мен жет­кізушілерден сатып алын­ған тау­ар­лар мен қызметтер, мем­­­ле­­кеттік кәсіпорындарға ауда­­рылған төлемдер, қазақ­стан­дық се­ріктеске төлен­ген дивидендтер, сон­дай-ақ мем­ле­кеттік бюджетке салық және роя­лти түрінде ау­дарылған ақша қам­тылған.            

­Бұрынғысынша, жоғарыда атап өтілген әлеуметтік инвести­ция­лар бағдарламасы аясында 1 млн долларға тарта қаржы ай­мақ­тағы денсаулық сақтау және білім беру саласын қолдауға бағытталады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ