Верный бекiнiсiне пар ат жеккен пәуескемен келген жас жiгiттiң алдымен назарын аударған ұшар басы аспан тепкен ақ бас шыңдар едi. Жанарын алмаған қалпы қиялына қанат бiтiп, сонау биiкке көтерiлгiсi де келген. Шiркiн, көгiлдiр аспан астында күнмен шағылыса нұрланып сан құбылған сол шыңдар шынында да ғашық етердей екен. Алатау баурайындағы бекiнiске арнайы тапсырмамен келген жас геодезист Николай Пальгов жол соқты болып шаршағанын да ұмытқан.
Табиғаттың құпиясын қымтай жасырған мұздықтар қызықтырып, өзiне шақырды да тұрды. Арман болып жүректi тыншытпаған құштарлық жас геодезистi араға уақыт салып барып, жолға жетеледi. 1922 жылы еңбек демалысын алып, жаздың жайма-шуақ бiр күнiнде биiк таудың ұшар басына ирелеңдей көтерiлген жалғыз аяқ сүрлеуге түстi. Бұл сапарға алғаш келгендегi қиялмен, соның қызығымен шыға салған жоқ.
Жұмысқа орналасқан күйде кезектi еңбек демалысына дейiн қаржы жинады, қалай бару керектiгiн сұрастырып, жер жағдайын әркiмнiң айтуымен картаға түсiрдi, дайындалды. Жолға бiр ат, алты пұттай жүк алды. Жанына өз ерiктерiмен екi жолсерiк ердi. Қасындағы жолсерiктерiнiң жолды жақсы бiлуi Николай Никитич Пальговтың Орталық Тұйықсу сапарына, оның сәттi аяқталатынына деген сенiмiн арттырды.
Бiздiң бiлетiнiмiз, Тұйықсу мұздығы Тянь-Шаньның солтүстiк жоталарының бiрi болып географиялық картаның тiнiн әспеттей түсетiнi. Ал жолсерiк ғалымның қосқаны бiрiнен соң бiрi қайталанған деректер тiзбегi өзiндiк мазмұнмен көп жайтты меңзер. Өйткенi Iле Алатауында ұзындығы 5,1 шақырым, жалпы көлемi 3,8 шаршы шақырым жердi алуы қызық мәлiметтердiң бастауы болып тармақтала берген.
Мұздықтың төменгi бөлiгiн қараңыз, сусыған қиыршық тас пен үлкен-үлкен қой тастар биiкке өрiле түседi. Өзгеше әспетiмен ерекшеленген iргетас секiлденiп жатқан тас жамылғы бiр шақырым ұзындыққа созылып, теңiз деңгейiнен 3100 метр биiктiкте Альпi белдеуiне ұласады. Одан әрi күнмен шағылыса жанарды арбаған жалаңаш мұздық. Қатуланған қабақтай төбеңнен төне түскен қар тосқауылдар мұздықтың ұшар басын сiзден қызғанып жасырғысы келгендей қорғаштап, көлегейлей түседi. Әйтсе де маңғаз мұздық кербез кейпiмен көз алдыңызда тұрады.
Тау өзендерiнiң бастауындағы мұздықтар кескiнi әдемiлiгiмен айрықшаланар едi, жоғары беткейi жазық күйiнде биiктей бередi. Ұшар басын алқа болып тағылғандай дөңгелей қоршаған қарлы жамылғы төменге қарай етегiн кеңге салған қалың мұзды аңғартады. Бұл ғылым тiлiмен айтқанда жазық мұз-дықтар. Осы тектес мұздықтардың ең үлкенi 145 шақырым ұзындыққа созылған. Ол Аляска тауларындағы Хаббард мұздығы. Оның ұзындығы 70 шақырымнан астам, аумағы 900 шаршы шақырым. Жазық мұздықтардың ең шағындары бiр шақырымға жетпей жатады.
Орталық Тұйықсу бұлардың жанында 4 есе үлкен. Ерекшелiктерiн ескерер болсақ, ғалымдардың назар аударар мұздықтар тобына жатқызуында да мән бар. Кавказ, Камчатка, Тянь-Шань және Памирдегi сегiз аймақты есептеу барысында 1000 шаршы шақырым көлемдi 22 мұздық алып жатқаны анықталған. Әрқайсысының көлемi 3-4 шаршы шақырым аралығын құрайды және көбi Орталық Тұйықсу көлемiне жақын. Iле Алатауының солтүстiк жоталарында, нақтылай түссек, Орталық Тұйықсу маңында да аумағы жағынан оларға қатарласатын 37 мұздық бары таңданта қоймас.
Машина қырқадан сәл төмен құлдилады да кiлт оңға бұрылып, қайта биiкке көтерiлдi. Сонау аңғар етегiнде мың бұралған өзен жылтырайды. Ал өзеннiң бастауы әлi қанша жер. Тұйықсу ғылымда 1902 жылдан белгiлi. Оның пiшiн-болмысы жайында алғаш хабарлаған С.Дмитриев едi. Жазды күнгi қысқа мерзiмдi сапары дәйектi зерттеуге мүмкiндiк бермедi. Көрген-бiлгенi нәтижесiнде анықтағандарын жалпылама түсiндiрдi.
Ал ғылымға керегi мәлiметке толы нақты деректер. Сол себептi де барлық жайт белгiсiз қалпында қала бердi. Кейiннен екiншi рет Тұйықсуға өзге бiр өлкетанушы В.Городецкийдiң жолы түстi. Осы сапардың қорытындысында ол Тұйықсу мұздығының жай-жапсары жөнiнде хабарламалық мақала жазды. Араға алты жыл салып, 1922-1923 жылдары Тұйықсу Н.Пальговтың назарын аударды. Сонан соң барып 13 жыл мерзiм өткенде мұздық құпиясына қызыққан қазақ гидрометеорологиялық қызмет басқармасының мамандары болды.
Тұйықсу мұздығына жүргiзген көптеген бақылау нәтижесi ауа райына байланысты маңызды деген сауалдарға жауап алуға мүмкiндiк бердi. Сонымен қатар оның өткенiне барлау жасап, өзгеге тосын жұмбақ жайттардың сырына қаныға түсуге жетеледi. Бұның бәрiне бағыт сiлтегендей болған Алматының ауа райын 1879 жылдан бақылауға алынғандығын айғақтайтын деректер едi. Осыған байланысты Мыңжылқы стансасында мұздықтардың жаз айларында температураның өзгеруiне сай келетiн жайларды жүйелi зерттеу жүргiзiлдi. 1937 мен 1964 жылдар аралығындағы мәлiметтердi салыстыра келе, ауа райы температурасының, мұздық режимiнiң өзара байланысы 1879 жылдан бергi Тұйықсудың тiршiлiк тынысын тануға жол ашты.
Мұздықтың кербез кейпi көз арбайды. Ұшар басы аспан тепкен мұзарт шыңдар шығар күннiң жалқын сәулесiне шомылған қалпы биiктеген дерсiң. Олардың ең биiгi 4410 метрлiк Орджоникидзе шыңы. Сүйiр қалпындағы мұз таудың күнге шағылысқан кескiнiн жолақ болып бөлiп жатқан қарлы белдеу мұздықтағы сызат-жарықты аңғартады екен. Оңтүстiк-Шығыста Тұйықсу тiзбектерiнiң таулы алқабы бастау алады. Шығуы қиын саналатын оның биiктiгi – 4150 метр. Одан батысқа қарай қарлы аңғардың қарсы беткейiнде Тұйықсу шыңы.
Ол алдымыздағы Погребецкий қарлы шыңынан бiрнеше метр ғана төмен жатыр. Барлық шыңның жартасты беткейi терең сайға ұласады, одан бәкене мұздықтар өрiлiп тұрады. Сол жақ беткейден Космодемьянская мен Молодежный мұздығы сырбаз кейiпте менмұндалайды. Алдыңғысы Тұйықсу мұздығымен астасып жатыр да, екiншiсi жанамалап қосылады. Оң жақта Тұйықсу тiзбегi. Мұздық пен тiзбектi бөлiп жатқан моренаның төменгi бөлiгi. Тұйықсу тiзбегiнен солтүстiкке қарай Партизан, Орджоникидзе, Маяковский, Мәметова мұздықтары жалғасады. Бiрiмен-бiрi бой жарыстырған күйi өзгеше сурет.
Сыздықтаған су кiшкене сызық жиектермен аққан бойы мұздық тiлдерiнiң үстiмен тамшылайды. Әр жер-әр жерге жиналған су арна-арнамен төмен құлайды. Қиыршық тас пен құмның әсерiнен ұялар пайда болды. Оларға мөлтiлдеп су толып, әдемi көрiнiстен көз алғыңыз келмейдi. Арынды тау өзендерiнiң бастауы осы.
Мұздықтар – ауқымды су қоймасы. Достастықтағы мұздықтардың мұз массасының өзi 7 мың текше шақырым су құрайды екен. Бұл бұрынғы Кеңес Одағы аумағының өн бойын шарлаған өзендердiң төрт жылғы ағын суы. Ал осы мұздықтар ерiген күнде Әлемдiк мұхит атаулы 5 сантиметрге көтерiлдi десек таңданасыз ба? Бүгiнгi оқырманды таңдандыру тағы қиын. Әйткенмен Шығыс Якутияда мұздықтарды шаруашылыққа пайдалану дегендi бiлмесе, Орталық Азияда әрбiр литр суы алтынмен бағаланады. Осы өңiрдегi мұздықтардың суы бiр кезгi Арал теңiзiмен салыстырғанда 1,4 есе көп болғанымен бұл қорды тиiмдi пайдалану проблемасын өмiр алға қойып отыр. Гляциологтердің күнi-түнi тыным таппайтын iзденiске толы жұмыстарының басты мақсаты сол ыңғайда бағыт алған.
Мұздықтар – ғажайып тiршiлiк, мәселен, бiр қарағанда мұздықтар жылжиды дегенге сену қиын-ақ. Соның әсерi ме, ұзақ жылдар бойына бұл жағдайға онша мән берiлмей келедi. Аталмыш құбылыс XVI ғасырдың аяғында Альпi тұрғындарының жылнамасында алғаш көрсетiлдi, ал жүз жылдан соң исландиялық ғалым Т.Вигалин жазбаларында мұздықтардың қозғалатыны жайында мәлiметтер кездестi. Тек, Орас Соссюраның XVII ғасырда Альпiге жасаған саяхаты ғана мұздықтар жылжуының өзгеше мәнiн ашып бердi.
Саяхатшының мұздықтар бетiне қалдырған баспалдақтары сол 1788 жылғы сапардан кейiн араға 44 жыл салып қайта келгенде, Черная Игла тауының Мер-де-Глас мұздығының төменгi беткейiнен орын теуiптi. Осы жылдар iшiнде төрт шақырым қозғалысқа енген. Мұздықтардың қозғалысын бағамдамау салдары қиын жағдайларға әкелiп соғады. Оның бiр мысалы, 1894 жылы француз ғалымы Пьер Жюль Сезар Жанссен Монблан шыңына обсерватория салады.
Осы аталмыш ғимараттың ерекшелiгi де шығар, жалпы салмағы 187 тонна да, аумағы 50 шаршы метр жердi алып жатты. Ғалымның топшылауы бойынша ол барлық төтенше жағдайларға шыдас беретiн берiктiгi мен бiр орнынан жылжымайтынына көңiлi тола iске кiрiстi. Әйтсе де арада төрт жыл өткенде қозғалыс әсерi iргетастан қатты байқалды. Өйткенi обсерваторияның иiлiп еңкiш тартуы оның құлау қаупiн тудырды.
Ақ бас мұзды шыңдар кейде тосыннан қозғалысқа енедi. Мұндай маусымда өзгеше жылдамдық алады да мұздық тiлдерi төменге сусыған күйi ұласа түседi. Мұздықтардың беймәлiм мiнез танытуының негiзгi сыры климат өзгеруiнен екенi белгiлi. Эпталь Альпiсiндегi Фернагтфернер мұздығы соңғы төрт ғасырда төрт рет қозғалысқа енген. Әр қозғалған сайын Рофон өзенiн бөгеп отырды, бөгелген өзен суы жиналып көлге айналады да лықсып толып, артынша сарқырап ағып төмен құлаған. Мұның өзi апатты су тасқындарына әкелiп соқты.
Қос қапталдағы Абдукагор мен Дустураз жазығын бөлiп тастады. Апатты селдердiң 1963 жылы Есiк көлiнде, 1973 жылы Кiшi Алматы өзенi бойында болғаны Медвежийдiң қозғалысқа енген мерзiмдерiмен дөп келiп тұр.
Тұйықсу… Ерте көктемдегi Тұйықсуда жүргiзiлген тынымсыз зерттеу жұмыстары да мұздық жөнiнде қызықты жайттарды айтатын болады. Мұз жиынтық қар немесе суықтан қатқан су десек, мұздықтың пайда болуы мен қалыптасуы бiр қарағанда онша ерекше құбылыс емес те сияқты. Дегенмен мұз жаратылысында тау жынысы, кей жағдайда жер қыртысының қалыптасуына мүмкiндiк бередi.
Сол себептi де геологтер назар аударады; мұз – бұл минерал, сондықтан да минералогтер айналып өте алмайды; мұздықтарға гидрогеологтер өзгеше көңiл бөледi, өйткенi ол су ресурстарының көзi; мұз және де климаттың өзгеруiне негiз болғандықтан климатологтер одан алыс кетпейдi; мұздық сонымен қатар мәңгi тоңға да қатысты болғандықтан криологтер (тоңды зерттейтiн ғалымдар) зерттеу нысанасына айналдырады. Жолсерiк ғалым география ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Санат Түгелбаев досым ой құшағында. Көлiк Алматыға асыққандай, бұлтың-бұлтың бұрылған күйi тау жолымен төмен түсiп келедi. Алыста, тым биiкте ай астында шағылыса жылтыраған аппақ мұздықтар…Қарсы алдымыздан жарықтық алтынкүрек аңқылдай соғады. Наурыздағы күннің ызғары білінеді. Табиғаттың ғажап көрінісі өзіне тартады да тұрады. Таудың керемет көрінісі аймалай, аңсарыңды аудара береді.
Айға шағылған мұздықтар…
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы