• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Наурыз, 2018

Ауылдағы орнитолог

617 рет
көрсетілді

Қасқыр баққан Құрмаштар бү­гінде ешкімге таңсық емес. Қолтырауын асырап, баласына ерттетіп мінгізіп, онысына мәз болып қызықтайтын бай­шы­кештердің пайда болғанына бір­талай уақыт болды. Ал енді есі­гінің алдында елік ұстап отырғандардың есебі жоқ. Осы­лармен салыстырғанда үйі­нің ішін де, сыртын да зоопаркке айналдырып, өзі туып-өс­кен Ра­йымбек ауданына ғана емес, күл­лі Жетісу өлкесіне та­ны­мал болған ауыл зиялысы До­сан Дуанқұловтың жөні бөлек.

Тыр­нақтылар мен тістілер­ді, жалпы та­биғаттағы жыртқыш­тарды үйіне әкеп асырайтындар бұл кі­сінің ата жауы, қолына билік бер­се, осындайлардың бірін де қалдырмай жазалауға бар. Ал өзі қанаттылар десе, ішкен асын жерге қояды, олар туралы тап­жылмай отырып, тамылжыта әң­­гімелейді. Нағыз ауылдың Джеймс Бонды деп Досан аға­ны ай­туға болады. Сарыжаз ауы­лы­ның орта мектебінде биоло­гиядан сабақ беретін Досан та­би­­ғатта сирек кездесетін экзо­тикалық құстарды асыраумен жас күнінен әуестенеді.

Біздің діттеп барғанымыз До­сан ағаның үйі болғанымен, бұл «Райымбек аудандық жас натуралистер стансасы» деп аталады екен. Не жоқ дейсіз мұнда: құс біткеннің төресі өзіммін де­­­ген­дей, қызылды-жасыл қа­уыр­­сынын жайып жіберіп, құйрығын сүйретіп, қаздаңдай бас­­қан тауыстың неше түрі, ба­лақ жүні жер сызып башпайын­ жапқан, борбайы бір тұтам үн­ді тауығы, тауыс тұқымдас сүй­кімді ақ көгершіндер, тамылжы­та сайраған аустралиялық ка­на­рейкалар, африкалық сөй­лей­тін тотықұс, Үндістанның сөй­ле­мейтін тотықұсы, жапон аме­динасы, зебра амединасы, бұл аз бол­са, «король» жыланы, ағаш шірігінің тасасында тұрқын түгел май басып кеткендей әрең қоз­­ғалып жүрген Мадагаскар та­рақандары, атжалман ақ тыш­қандар, тағы басқа бауырымен жорғалаушы, сүтқоректі та­би­ғат жаратылыстары биолог мұ­ғалімнің көздің қарашығындай сақ­тайтын «байлығы» екені көрініп-ақ тұр. Мынау үй емес, құдды бір құс базары сияқты. Құс атаулы адамнан үркіп тұрушы еді, Досанның құстары болса, адам келгенін біліп, жан-жақтан амандасып жатыр. Оқушыларға сабақ түсіндіргендей, қолына таяқшасын алып құстарымен таныстыра бастағаны сол еді, олар да мұндай мақтаншақ болар ма, бар өнерін қонақ келгенде көрсететін ерке баладай, көмекейіне жасырылған си­қыр­ды жарыса тамылжытады-ай келіп. Өңештерін соза, жан-жақ­тан шықылықтап қоя берген қа­­наттылар алақандай бөлмені азан-қазан жасаған соң ағамыз әр­қайсысының атын атап, кезек-кезек тыныштандыруға көшті.

«Мынау шетте отырғандар – Оң­түстік Американың құстары. «Амазон тотықұсы» деп аталады. Ептеп сөйлейді, бірақ мыналар сияқ­ты тілі анық емес. Ал мынау шөкімдей ғана сап-сары құс – канарейка. Мысалы, қазаққа таныс әнші бұлбұл құрт-құмырсқамен қо­ректенетін жәндік тұқымдас құс. Бірақ ол торда ұзақ уақыт өмір сүре алмайды. Біз білетін сол бұлбұлдан қалыспай сайрайтын жалғыз осы канарейка ғана, бірақ мұның айырмашылығы, құрт-құмырсқа жемейді» дейді өзі мақтанды аса ұнатпаса да, құстарының қадір-қасиетін асыра түскісі келіп. «Ал бұл – Аус­тралия амединалары. Бұл зебра тектес амединалар тек сәндік үшін ғана жаралған, торғайдан да кішкентай, өзімен-өзі өмір сү­ретін құс» деп қойды кенже болғаны үшін ғана ерекше мейірбандық танытатын әкеге ұқсап.

«Хайуанаттар бағы» болып отырған бөлменің бір бұрышы – кітапхана. Онда империялық Ре­сейдің баспаханасынан 1894 жылы шыққан жануарлар туралы жазылған кітаптан бастап, 1936-1938 жылдары неше қайтара сүзгіден өтіп барып жарық көр­ген мәскеулік, ленинградтық ғалым­дардың аң-құс, өсімдік әлемі, табиғаттағы тіршілік туралы кітаптары сіресіп тұр. «Мысалы, Тимирязевтің мына кітабын қо­лыма алып оқығанда, мен сол за­манды көріп отырғандай боламын. Ал осының бәрін қалай интернетке салып қоюға болады, айтшы?» дейді мұғалім күйініп. Досан Алы­байұлы осының бәрі айналысып отырған ісіне керек болған соң Алматыдағы «Букиниске» ерінбей барып сатып әкелген.

Ал осының бәрі қалай бас­талды? Бірде он жастағы Досан 3 сынып оқып жүргенде, орыс ті­лінен үй тапсырмасын орындап отырады. Тапсырма «Наш живой уголок» деп аталады. «У нас в школе есть живой уголок. Там живут кролики, белые мыши, ежики» деп басталатын суретті мәтіннің кішкентай мек­теп оқушысына әсер еткені сон­дай, түні бойы қояндар мен тышқандарды ойлап, «менде неге сондай табиғат бұрышы жоқ» деп таңға дейін ұйықтай алмайды. Ертеңінде тұра салып, үй торғайын ұстап алып, торға қамайды... 7-сыныпта кір­пі, 8-сыныпта жылан асырайды, содан бері тірі табиғатқа де­ген құштарлығын ешкім де тұн­шықтыра алған емес. Сөйтіп бір түндегі балалық қиял өмірлік мақ­сатын белгіледі. 1967 жылы 6 сынып оқып жүргенінде осы бағытта істеп жүрген ісін ауыл­дан шыққан профессор Әліп Мұсақұлов көріп, өзінің «Қазақ­станның өсімдіктері мен жан­уарлары» атты кітабын «Досан балама! Ғалым болуың үшін» деген қол­таңбасымен сыйға тартқаны сол мұратты біржола бекітіп бергендей еді.

«Сирек кездесетін құстарды ұс­тап отырсыз, селекциясымен айналысасыз ба?» деп сұрадық. «Айналысып көрдім, айналыса берер едім. Бірақ соңыра қолға үйре­тіліп, қолдан көбейткен аң мен құсты тарпаң, жабайы табиғат қабылдай ала ма? Жоқ. Аң болсын, құс болсын, адам­ның иісі сіңгеннен кейін ол қайтадан табиғатқа сіңбейді. Көз­қарасынан, қимылынан, иісінен «бөтен» екені бәрібір байқалып тұрады. Қасқыр тимесе де, адам атпаса да, өз ортасы-ақ оны қабылдамай, жоқ қылып жібереді. Тіпті таби­ғат­қа емес, танысыма-ақ ұсынып көрейінші. Қаланың адамы қажет­сінеді-ақ, бірақ асы­­раған құсы бақырып-ша­қырып жатса, көршісі тиіс­ті орынға арыз жазып, шағым­данады емес пе? Ауылдағы көз­ көрген заман­дастарымның бі­ріне сыйлайын-ақ. Бірақ се­нің мәпелеген тауы­сың мен тоты­құсыңды ол қайт­сін? Тотықұстан гөрі бір қой сатып алып, бала-шағасымен бөліп жесе, оған сол пайдалы емес пе? Ешкім керек қылмаса, кө­бейтудің қажеттілігі бар ма?» деп құстарына қамыға көз ­тастады.

Ауылда отырып-ақ жарты ға­сыр­дан астам өмірін құстарға ар­нап келе жатқан Досан Алы­байұлының таңсық ісін жан­кештілікке ғана балайсың. Ма­мандығы мен сүйікті кәсібін табиғи жаратылысы мен бейім­ділігіне қарай таңдап, даланың ерке құстарын бауырына басып, өмірін табиғат тынысын сезінуге арнаған өзі шешен, білімдар Досан Дуанқұлов талай жылғы көргені мен көңілдегісін бүгін хатқа түсірсе, ертең таңертең қазақтың Пришивині немесе Пес­ковы болып оянатынына бәс тігер едік. Әттең дейсің. Үлкен істер тек қалада ғана атқарылуы керек сияқты, туған жерін тастай алмағандықтан тасада көрінбей қалған тек Досан мұғалім емес-ау бірақ...

 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ