• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Наурыз, 2018

Астанада Сыртқы істер министрлігінің алқа мәжілісі өтті

302 рет
көрсетілді

Астанада Сыртқы істер министрлігінің алқа мәжілісі өтіп, онда министр Қайрат Әбдірахманов былтыр атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, алдағы жоспарлармен таныс­тырды.

Министрдің айтуынша, өткен жылдың алғашқы тоқсаны Мемлекет басшысының шет­елдерге жемісті сапарларымен, маңызды келісімдер­мен, халықаралық деңгейдегі келіс­сөз­дермен ерекшеленген. Елдің беделін айшықтайтын осындай ауқымды жұмыс­тар­дың арқасында Қазақстан­ның үні халықаралық алаң­дарда неғұрлым көбірек естіліп, Қазақ­стан әлемдік қоғам­дастықтың тұрақты және ұзақ­мерзімді серік­тесі ретінде таныла түсуде. Қ.Әбдірахманов былтырғы алқа мәжілісінде Сыртқы істер министрлігіне Елбасы бірқа­тар тапсырмалар жүктегенін еске алды. Соның ішінде сырт­қы саясаттың экономи­ка­лық век­торын дамыту, ведом­ство­ның инвес­тиция­­лық және экс­порттық бағыттарындағы қыз­метін қайта форматтау, жаһан­дық бәсекелестік жағда­йында еліміздің сыртқы экономикалық мүдделерін қорғау сынды ма­ңыз­ды міндеттерді жүзеге асыру тапсырылған. Бұған қоса, меритократия қағидаттарына негізделген кадрлық саясатты жетілдіру, сыртқы ротацияны жоспарлы жүргізу, қыз­мет­керлердің кәсіби деңгейін арт­тыру мәселелері де назар­дан тыс қалмай, осыған орай ми­нистрлікте көптеген жұмыстар еңсеріліпті.

Ал биылғы алқа мәжілісінің күн тәртібінде төрт мәселе қарал­ды. Оның біріншісі – Пре­зи­денттің «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағда­йын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асырудың жолдары болса, екіншісі – Мемлекет басшысының баста­маларын БҰҰ арқылы ілгері­лету мәселелері. Үшіншісі – «Цифр­лы Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде ведомстволық ақпараттық жүйені әзірлеу және енгізу болса, күн тәртібінде қарал­ған төртінші мәселе бо­йын­ша былтырғы жұмыс қоры­тындысы қаншалықты деңгейде атқарылғаны талқыланды.

Негізгі баяндаманы жаса­ған Қайрат Әбдірахманов Жолдауда Президент еліміздің технологиялық, цифрлы және өнеркәсіптік дамуын жеделдетуге бағытталған он негізгі міндетті белгілеп бергенін атап өтті. «Елбасының Жолдауында аталған барлық аспектілердің Сыртқы істер министрлігіне тікелей қатысы бар. Себебі бұл шетелдік әріптестерді, инвесторларды, халықаралық тәжірибені елімізге тартумен тығыз байланысты. Біз мемлекет дамуындағы маңызды міндеттерді іске асыру барысында Қазақстанның ғана емес, шетелдердің де әлеуетін, ре­с­урс­­тарын толыққанды пайдалануымыз керек», деді министр.

Индустрияландыруға бай­ла­нысты қолға алынған жұ­мыс­тарға тоқталған Қ.Әбді­рах­манов орталық және жергі­лікті мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, инвестициялар тарту жөніндегі өзара іс-қи­мыл тәртібі қабылданғанын, ынты­мақтастық туралы меморан­дум­ға қол қойылғанын, бір­лескен ақ­параттық-түсін­дір­ме жұ­мыс­тарының жоспары бекітілгенін атап өтті. Мұн­дай жұмыстар был­тыр да қол­ға алынып, еліміз­де шетелдік меке­мелердің қа­тысуымен жал­пы сомасы 3 млрд АҚШ дол­ларын құрайтын 30 жоба іске асырылған екен. 

Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту бойынша министрлік әлемдегі беделді елдердің тәжі­рибелерін зерделеп, блокчейн сияқты кешенді ақпараттық-технологиялық платформалар­ды енгізуді бастаған. Ал ақыл­ды технологиялар арқылы аг­ро­өнеркәсіп кешенін дамыту жө­ніндегі Елбасының тапсырмасына орай СІМ қазақстан­дық ауылшаруашылық өнім­дерін сырт­қы нарыққа шыға­ру, агро­өнеркәсіп секторына шет­елдік инвесторларды тарту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді шараларды жүзеге асыруды қолға алған. 

Қаржы секторын қайта жаңғырту бойынша да жоспар­ланған шаруалар баршылық. Министрдің айтуынша, ведомство жұмысының басты басымдықтарының бірі – «Астана» халықаралық қаржы ор­талығын дамыту және іл­герілету, АХҚО-ға қатысты қазақ­­­стандық делегациялардың шетелге сапарларын мазмұндық жағынан толықтыру және әлем­­нің алдыңғы қатарлы мемле­кет­теріндегі қаржы және іскер топтарымен байланысты ны­ғай­та түсу. Осыған байланыс­ты министрлік биылғы шілде айында Дүниежүзілік ислам эконо­микалық форумын Астанада өткізуге және орталықтың ресми ашылуына қажетті көмек көрсетуді көздеп отыр. 

Қ.Әбдірахманов, сон­­дай-ақ Мемлекет басшысы жария еткен «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасы» биылғы Жол­даумен үндес екенін айта келіп, Елбасының бастамалары 2015 жылдың қыркүйегінде БҰҰ-ның мерейтойлық самми­тінде бекітілген 2030 жылға де­йін­гі кезеңге арналған тұрақ­ты дамудың күн тәртібіне толық­тай сәйкес келетінін атап өтті. 

Жолдауда аталған тапсыр­ма­­ларды орындау мақсатын­да министрлік ішкі іс-шара­лар жоспарын бекітіп, құры­лым­дық бөлімшелерге және Қазақстанның шетелдердегі мекемелеріне сапалы маман­дар даярлау, визалық ресімдер­ді жеңілдету, туризм саласын­­дағы кедергілерді жою, шетел­дік компания, университет­термен ынтымақтастық орнату, ішкі туризмді дамыту бойынша көмек көрсетуді ұй­ғарып отыр. Сонымен қатар министр алқа мәжілісінде Үкімет бекіт­кен инвестициялық және экспорттық стратегияларды іске асыруға белсене қатысып, экономика өнімділігін арттыру, адами капиталды, бәсе­ке­лестікті дамыту, бизнес ахуал­ды жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»