• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2018

Тегі өзгерген өнімнен қауіп қандай?

1634 рет
көрсетілді

Әдетте, азық-түлік дүкеніне бас сұқсаңыз құтыдағы, пакеттегі немесе арнайы қағазбен оралған тамақ атаулыдағы «ГМА-сыз!!!» («Без ГМО!!!» «Non GMO») деп көрнекі жазылған ескертулерге еріксіз назар аударасыз. Сүт пен сұйық майға дейін, ет пен ерекше қатталған әртүрлі дақылға, көк-сөкке, тіпті күнде жеп жүрген дәмді наныңызға дейін сондай жазумен таңбаланған!.. Неге? 

Адамзаттың асқазанына ас-арқауымыздан шынымен-ақ қауіп-қатердің төніп қалғаны ма? Олай дейін десек, әлем ғалымдары тек соңғы 25 жылда ГМА-ға (генетикалық модификацияланған ағза) байланысты 130-дан астам ғылыми зерттеу жобаны жүзеге асырыпты. Оған биотехнология іліміне тікелей атсалысып жүрген 500-ден астам тәуелсіз зерттеуші топ араласқан. Қорытынды біреу: ГМА – кәдімгі өсімдіктерді дәстүрлі түрде селекциялаудан шыққан өнімдерден қауіпті емес! Ендеше күнделікті пайдаланып жүрген азық-түлікке «ГМА-сыз!» деп баттитып жазып, тұтынушыны сақтандырудың сыры неде? Осы ГМА-ға байланысты әңгіме туса, көз алдыма азуы ақсиған түз тағысы мен көшеде жол бермейтін қабаған ауыл итінің сұлбасы келе қалады. Гендік инженерия мен биотехнологияның бұған қандай қатысы бар дерсіз, әрине? 

...Атамның қорасына қасқыр түсіпті. Туған ауылымда ес білгелі мен естіген бірінші оқиға. Тау етегіндегі үлкен ауылдың төңірегін дүрілдетіп жүріп-тұрған бар техникасы тоқтаған, кеңшар тараған 90-ыншы жылдар еді. Түз тағысы биіктігі 2 метрлік темір тордан қарғып түсіп, 10 қойдың ішінен қоңдысын таңдап сыртқа лақтырып (!), сай табанында қарнын жарып, жылы-жұмсақты асқазанына толтырып, жортып кеткен. Есік алдындағы алма ағаштың түбіндегі нарда демалатын атам он-ақ метр аралықта болған арпалыстан бейхабар, беймарал ұйықтап жатқан. «Ақтөс қайда, азуымен құрыш шайнайтын Олимпия мен Мартин қайда... ауылдың күллі алыпсоғы қайда?» деймін аң-таң күйде. «Е, – деді атам сонда кейіп, – білмеушіме ең, жортқан қасқырдың иісі жеткен жерде ит атаулының қыңсылауы былай тұрсын, дыбыс шығара алмай үндері өшіп қалады. Күшігінен қасқырдың терісін тістелетіп баулыған бөрібасарлар құрыған...» 

Осы арада екінші әңгіменің желісін де ауыл өмірімен сабақтастыруға тура келіп тұр. Колорадо қоңызымен айқасқан жылдар есіңізде ме? Қолымызда сыпырғы, дәрі шашып, жапырақ кемірген қоңызды бір-бірлеп теріп, өртеп әуреге түстік емес пе. Азық-түлік тапшылығына ұрынған Кеңес одағына Польшадан вагон-вагон әкелінген картоппен бірге қара бұлттай ауып келген сондағы қоңыздар қайда қазір? Айтайын... Әбден зәрезап болған гендік инженерия зерттеушілері картоп тұқымына сарышаянның (Scorpio) жасушаларын ендірген ғой! Сол сол екен, ГМА-лық жаңа картоп тұқымына колорадо қоңызы жоламай, айналып ұшқан. Атам айтқандай, бейне жортқан қасқырдың иісі жеткен жерде иттің үні өшіп қалатыны секілді...  «Қырғи-қабақ соғыс» тұсында колорадо қоңызы Батыстың КСРО-ға жасаған қастандық диверсиясы деген әңгіме де шыққан. Орталық барлау басқармасы (АҚШ) кеңестіктерді «екінші наны» – картоптан айырмақ екен. Алайда ол бүгінде нақты дерегі расталмаған ақпаратқа айналған секілді. Дегенмен колорадо қоңызының әлемді дүрліктіргені рас... 

Десе де ғалымдар әлі де ГМА-ның зиянсыз екендігін дәлелдеумен әуре. Дау көп. Таяуда италиялық ғалымдардың 20 жылға созылған зерттеу метаанализінің (сандық сараптама) нәтижесі – ғаламдық осы даудың ақырғы тарауы деген түйін жасалды. Іле-шала зиянкес жәндіктер үйіріле бермейтін жаңа өнімдердің адам ағзасына залалы жоқтығы туралы фермерлер мен ауыл шаруашылығы компаниялары құлаққағыс етілді. Мәселен, бір ғана сондай ГМА-жүгеріде микотоксиндердің (адам ағзасына зиянды химиялық заттар – канцерогендер) өте аз сақталатыны құжатталды. Кейде күн артынан күн өтсе де бастапқы қып-қызыл күйін сақтап тұратын кәдімгі қызанаққа «камбаланың жасушасы енгізілген» деген дерек еске түсіп, ойланып қалам... Молекулярлық биология мен биохимия саласындағы ғалымдарымыздың жетекшілігімен салмақсыздық жағдайында дәстүрлі селекциялаудан туған 1991 жылғы «Тоқтар», «Орбита», «Қоғалы» картоп сұрыптарының бүгінгі жай-күйі не болды екен? Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің қол күшімен ғарышта шайқалған суспензия дүниеге жоғарыда аталған ерекше картоп тұқымдарын алып келіп еді. Ол өнімдердің ГМА-сыз екендігіне патент иесі Қазақстан кепілдік береді. Солай. Бірақ та, ауыл араласып, қой қораласып кетті ғой...

Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»