Әдебиет 30 Наурыз, 2018

Қозыбай Құрман. Қаламгер жолын оқырман ашады

805 рет
көрсетілді

Әдебиет не үшін керек? Осы ретте менің ойыма кішкентай інімнің: «Бізге осы ән неге керек?» деген сөзі еске түсіп отыр. Қалай болғанда да кіршіксіз көңілді, риясыз болмысты өскін үшін орынды сұрақ бұл. Тіпті біз үшін де көңілге солай-дүр. Өйтпесе  сіз бен бізге дәл бүгін «Әдебиет не үшін керек?» деген осы бір сауалдың қойыл­мауы шарт-ты. 

Демек, бұл сауалдың жауабы да белгілі деген сөз. Ән де – өнер, сөз де – өнер. Яғни оны кім қалай қа­былдайды, қай деңгейде таразылайды, тіптен екі ұрттам эстетикасыз тілмен айт­қанда қалай тұтынады – жауап сол адам­дардың аузында деген сөз. Ешкім бұған нақты жауап бере алмаса керек. Нақтылай түссек, ол күнделікті күлді-көмеш тіршіліктің бір мезеттік қажеттілік үл­гісіне салуға келмейтін, бүгін бар, ер­тең жоқ қарынсау «құндылығы» емес. Өміршең! Оны Ғабит Мүсіреповтің: «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде – ұлт та ұлы бола алмайды» деген сөзінен-ақ аңғаруға болады. Мұнда Ғабең ұлттың ұлы болуының өзі әдебиет пен өнерге байланысты деп тұрған жоқ па?!. 

Әдебиеттің әзелгі мұраты мен бүгін­гі мұраты – бір, мәңгі мұрат. Ол бір ғана жа­зар­манның емес, мыңдаған оқыр­ман­ның мұраты болғаны дұрыс. Өйткені сонда ғана ол шын мәніндегі, атқаратын қыз­метімен ештеңе теңесе алмайтын (Сағат Әшімбаев) құдіретке ие бола алады. Мәселен, осы тұрғыдан келгенде біздің қаламгерлердің ақсап жатқан тұсы көп. Бәрі де бір адамның деңгейімен, әрі кетсе бір адамның кеңістігімен шектеліп жүр.  Қарапайым бір мысал айталық. Сіз бір кейіпкерді суы­рылып суреттеп отырсыз делік. Оның мінезінің соңғы кезде тым өзгеріп кет­кені сіздің назарыңызға іліне қалса ләзім. Сөйтіп оны қырық құбылтып, қырық қабат бояуға тұншықтырып алып, асқан «қа­тыгездікпен» әрі қа­рай сүйкете бердіңіз делік. Әлде, оның біреудің әмеңгері екенін, әлде біреудің тастанды қызы екенін айтарсыз, әйтеуір, жаттанды сюжеттің жауырыны тигенше өз ырқыңызға жығасыз-ау келіп-келіп. Ал оқырман мұндай қасаң қалыптан жа­лыққалы қашан? Бәлки, осы тұста оның басқа қалада мінезі басқаша адаммен жүрегі ауыстырылғаны есіңізге түс­кен болса, бұл шы­ғарманы қалай аяқ­таған болар едіңіз?! Әлде, осы бір ру­хизаттың алмасуы үрдіске айналса, адамдар арасындағы қарым-қатынас мүлдем кері бағытқа өзгерер ме еді, кім біліпті? Міне, бұл бір ұлттың ғана емес, тұтас адамзаттың игілігіне арналған шығарма болмай ма?.. Әрине бұл мысал. Біз ешкімге дәріс оқушы емеспіз. Тек сұраққа жауап іздеген ойды түртіп шығарушы ең адал оқырман едік.

Айтылған ой демекші, осында Белинскийден қалды дейтін бір пікірді  сөзімізге сөл етіп үстей кетудің реті кел­­­гендей. Айталық, орыс­тың ұлы сын­шысы онда әде­биет туралы ойын: «Әде­биет­тің мазмұнын оның хал­қының өмірі береді» деп тұ­жырымдайды. Міне, бұл пікір де біздің жоғарыда атап өткен оқыр­ман мұраты төңі­регіндегі ойымыздан алшақ түс­­песе керек. Тіпті оны ежік­­­­тей түсін­діріп отырудың өзі де­ артық екені рас.

Ендігі қазақ әдебиеті қалай жазылуға тиіс? Бұл да сол патша көңілді әрбір оқырманға тиесілі шешім деп білемін. Бұдан шығатын қорытынды да – біреу. Кім оқырманды бұрын түсінсе, әдебиет соның жолын ашады. Ал біздегі кемшіліктің үлкені сол, оқырманның бәрі қаламгерді түсінуі тиіс кө­рінеді. Мүбәдә, түсінбей қалса әдебиеттің «трагедиясы» бүгін басталды деген сөз. Өкінішке қарай біздегі теп-тегін тенденция осы. Мінбешіл, міншіл «алып» сөз бар, алып ой жоқ. Бұдан соң «Қазақ әдебиеті қалай жазылуы керек?» деген сұраққа жауап беріп көріңіз?!

Қозыбай ҚҰРМАН,   сыншы

Талдықорған