• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2018

«Спорт – саясаттан тыс» болуы тиіс

1868 рет
көрсетілді

Бүгінде спорттың саясатқа айнал­ғанына қырық жылға жуықтап қалып­ты. АҚШ-тың 1980 жылғы Мәскеу Олим­пи­а­дасына бойкот жариялап, оны бірқа­тар капиталистік қоғам елдерінің қоста­ғаны белгілі. Есесіне 1984 жылы АҚШ-та өткен келесі Олимпиадаға КСРО бастаған социалистік елдер қауым­дас­тығы бойкот жариялап, Лос-Анджелес Олимпиадасынан бас тартқаны мәлім. Ал бұл қадамдардың ар жағында «қырғи-қабақ соғыс» туындатқан саяси текетірес тұрғаны айтпаса да түсінікті болатын. 

Егер XIX ғасырдың соңында жаңа ғасыр олимпиадаларын жаңғыртып, олимпизм қозғалысының көш басында тұрған атақты француз Пьер де Кубертеннің қисынына салсақ, «спорт – саясаттан тыс» болуы тиіс еді. 1914 жылы Парижде Олимпия ойындары жаңғыруының 20 жылдығына орай алғаш көтеріліп, бір-біріне айқастырылған бес шығыршық бедерленген аппақ жалауды тіктірген де Кубертеннің өзі болатын. Ал айқастырыла байланған бес шығыршық бес құрлық арасындағы ажырамас достық пен бейбітшіліктің, ынтымақтастық пен бірліктің символы болып табылады. Бұдан түйілетін ой, барон Пьер де Кубертеннің олимпизм идеясы спортты қазіргідей саясатқа айналдырып, халықтар арасын алшақтатуға емес, керісінше, жіктік, ұлттық, нәсілдік және халықаралық қайшылықтарды еңсеретін гуманизмге негізделген жаһандық спорт қозғалысын өрістетуге үндейді. Сондай-ақ спорттың ішкі эстетикалық және этикалық мәнін қалыптастырып, халықтар арасындағы достық байланыстарды дамытуға шақырады.

Қазіргі жағдай қалай? Мүлде кері сипат алып бара жатыр. Олимпизм идеясы, жалпы үлкен спорт саясаттың қолшоқпарына айналды. Кейбір ықпалды елдер спортқа өз әмірлерін жүргізе бастады. Жүргізуге ұм­ты­лып жатқандары да бар бүгінде. Осы мақ­сат­қа түрлі әдіс-тәсілдер қолданылу үстінде. Мә­селен, Дүниежүзілік допингке қарсы агент­тік (ДДҚА) дегеннің бар екенінен бұ­рын­­дары көп адам хабарсыз болса, қазір еңбек­теген бала мен еңкейген кәріге дейін біледі. 

Осы агенттік 2016 жылғы Бразилияда өткен Олимпиада қарсаңында жоқ жерден ілік іздеп тапты. Бәзбіреулердің айтақтауымен екені анық. Соның салдарынан 2012 жылғы Лондон Олимпиадасын былай қойғанда, көп сәттері санадан көмескілене бастаған 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында допинг қолданды деген айыппен кейбір елдердің спортшылары төрт жылдықтың аламан жарысынан шеттетілетін ыңғай танытылып, ақыр соңында осы үдеріске мүдделілер дегендеріне жетіп тынды. 

Бұл арада кінәлілер қатарына кейбір елдердің спортшылары ғана жатқызылғанын атап айтуға тиіспіз. ДДҚА допингке қарсы күреске шындап кіріскен екен, онда әлемнің барлық елдеріне қатысты теңдей ұстаным танытуы керек еді. Ал соңғы өткен Олимпия ойындары қарсаңында күдікке ілінген спортшылар Рио-де-Жанейро Олимпиадасына бару лицензияларынан қағылып қана қоймай, жоғарыда аталған Олимпия ойындарында жеңіп алған медальдарынан да айрылды.

Біздің де бірқатар спортшымыз қосақ арасында кетті-ау деген ой күні бүгінге дейін мазалайды. ДДҚА-дағылар мықты болса, спортшының допинг қолданғанын не қолданбағанын жарыстың ізін суытпай анықтап алуы керек емес пе еді?! Демек, бұл арада үлкен спортқа үлкен саясаттың араласқаны соқырға таяқ ұстатқандай анық көрінеді. Мәселен, допинг қолданды деген айыппен Ресейдің бірқатар негізгі құрама мүшелері биылғы Оңтүстік Кореяда өткен Қысқы Олимпиадаға да жіберілмеді. Бір ғана елдің спортшылары. Күмәнді сұрақ туындайтыны орынды. Осы жерде «Төрт жылдықтың басты бәсекелеріне тер төге дайындалып, елі­нің де, өзінің де мәртебесін көтеремін, абы­­ройын асырамын деген спортшының жа­зы­ғы не?!» – деген заңды сұрақ туындайды.

Ойда жүрген осы мәселені жазуға Ресейдің бұрынғы барлау басқармасының полковнигі С.Скрипальге Англияда қастандық жасалуы­на байланысты шыққан дау-дамайдың да әсері болғанын айта кетейік. Біз мәселенің саяси астарына үңіліп, бұл жабылған жала не­месе ақиқат айып деп баға беруден аулақ­пыз. Бұл жерде гәп саясаттың тағы да спорт­қа араласқысы келгенінде болып тұр. Мәсе­лен, Ұлыбритания тарапы бұрынғы полков­никке жасалған қастандыққа байланыс­ты Ресейді айыптап, өзімен қоса, одақтас­тарын да футболдан осы елде өтетін төрт жыл­дық­тың аламан додасы – әлем чемпионаты­на бойкот жариялауға шақырды. Бұл жерде фут­бол­­дың қандай қатысы бар еді? Кей­бір елдер әуелде  үндеуді қолдайтын ыңғай та­нытты. Ар­­тынша естерін жиып, өз жанкүйер­лерін жа­­һан­дық футбол жарысын қызықтау құқы­нан айыр­майық деп дұрыс шешім қабылдады. Қысқасы, әлемде қалыптасқан қазіргі ахуал барон Пьер де Кубертеннің ұстанымына мүлдем қарама-қайшы. Тіпті ой-санамыз бен өркениетіміз бүгінгіден төмен саналатын көне дәуірдің өзінде Олимпия ойындары кезінде соғыс атаулы тоқтатылатынынан ха­бардармыз. Ал бүгінгі спорттың сая­си қысым көрсету құралына айналып, бей­біт­шіліктің елшісі деген асқақ миссиясынан айрылып қалып отырғаны қынжылтады.

Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан»