Теміртау қаласының маңындағы Самарқан су қоймасында жалтырауық қармақпен мұз астынан балық аулаудан ХV әлем чемпионаты өтті. Деңгейі жоғары бұл додада АҚШ, Латвия, Литва, Эстония, Беларусь, Финляндия, Ресей, Норвегия, Швеция сынды жалпы саны 13 елден келген балықшылар бақ сынады.
Жалпы, әлем чемпионатын өткізу құқығына біздің ел мен Болгария бәсекеге түскен болатын. Түпкілікті шешім өткен жылдың наурыз айында қабылданып, мұндай жарыс өткізуге инфрақұрылымы сақадай-сай Самарқан су қоймасы әбден лайық деп танылған еді.
Чемпионат ережесіне сай, бірінші кезеңде бес-бестен мүшесі бар әр команда балықты үзіліссіз үш сағат бойы аулады. Екінші кезеңде де осынша уақыт аулау шарт болды. Алғашқы тур қорытындысында павлодарлық Ержан Уахитов үш сағатта 9,5 кило балық аулап, әлемдік рекорд орнатқан еді. Бірақ, екі тур нәтижесі бойынша Ержан да, біздің құрама да үздік үштікке ене алмады. Жарыс қорытындысында құрамында Павел Логвиненко, Ержан Уахитов, Дмитрий Левицкий, Тимур Ковалёв (Павлодар), Дмитрий Елисеев (Қостанай) және Павел Незамутдинов (Алматы) өнер көрсеткен Қазақстан командасы аулаған балықтың салмағы 41,150 кило болып, олар алтыншы орынды місе тұтты. Дегенмен, аз да болса ілгерілеу бар. Біздің балықшылар былтыр Латвияда өткен әлем чемпионатын 7-орынмен аяқтаған болатын.
Ал чемпионатта 48,583 кило балық аулаған Ресей командасы бас жүлдені иемденді. Аулаған балықтарының жалпы салмағы 46,313 кило тартқан Латвия командасы екінші орын алды. Үздік үштікті 42,728 кило балық ұстаған Литва балықшылары түйіндеді.
Жекелей сында алтын жүлде латвиялық балықшыға бұйырса, Ресей өкілі күміс медаль иегері атанды. Украиналық спортшы қола жүлдені қанағат етті. Қазақстандықтар арасынан ең үздік көрсеткішке Павел Незамутдинов қол жеткізді. Ол 10,168 кило балық аулап, чемпионатты 12-ші орынмен аяқтады.
Қазақстан 2009 жылдан бері Тұщы суда балық аулау халықаралық федерациясының мүшесі. Бір ғана Қарағанды облысының өзінде бес мыңға жуық спортшы бар, олар федерацияның қолдауымен түрлі сайыстарға қатысып, тәуір нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы, Теміртау қаласы