• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Наурыз, 2018

Павлодарда «Күй тартыс» байқауы өтті

933 рет
көрсетілді

Облыс орталығында өткен Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығына арналған «Күй тартыс» байқауы облыстық білім беру басқармасының бастамасымен осымен 7-ші рет өткізіліп отыр.  

Байқауға 10-15 жас аралығындағы 30-ға жуық оқушы қатысты. Күйші-домбырашылардың өнерін облыс орталығындағы музыкалық колледждің халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі Рыскүл Асаубайқызы, Иса Байзақов атындағы филармонияның әншісі Бауыржан Ахметов, Дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты қобыз бен жетіген сыныбының мұғалімі Мақпал Сағымбайқызы бағалап, төрелік жасады. 

Алдымен күй тартыс ережесі бойын­ша қазылар алқасы күйшілерді жеке-жеке тыңдап алды. Рыскүл Асау­­­байқызының айтуынша, жас дом­­бырашылардың күй тартыстағы өнері: орындау шеберлігі, әртістік қа­бі­леті, екі қолдың қойылу техникасы орындаушының киімі мен сахна бей­не­сіне қарап бағаланыпты. Келесі кезек­те күйшілер арасында күй тартыс бас­талды. Күйшілер Құрманғазының «Бал­бырауын», «Адай», Дәулеткерейдің «Түрікмен», Р.Желдібаевтың «Ерке сылқым», Динаның «Тойбастар», халық күйі «Келіншек» сияқты төкпе күйлерді, келесі кезеңде атақты Сүгір, Тәттім­бет аталарының, Төлеген Мом­бе­ков, Қаршыға Ахмедияров, Секен Тұрыс­бе­ковтің шығармаларынан шертпе күй­лерді орындап берді. Сөйтіп күй тар­тыс байқауының бас жүлдесі облыс орта­лығындағы Құрманғазы атындағы №1 балалар музыка мектебінің оқушысы Айшат Бақытоваға берілді. 

«Бұл жеңісімді ұстазым Қуаныш Мейрамұлына арнаймын. Күй тартыста Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйін орындадым», дейді Айшат.  Ал 1-орынды Екібастұздағы балалар музыка мектебінің оқушысы Арман Серіков, 2-орынды Қаршыға Ахмедияровтың облыс орталығындағы №2 мектебінің оқушысы Айдос Әубәкіров пен №35 мектептің оқушысы Дариға Сахиева иеленсе, 3-орынды Ертіс ауданы балалар өнер мек­те­бінің оқушысы Айман Ілияшова мен Оқушылар сарайының «Жас Екпін» домбыра ансамблінің мүшесі Әсемгүл Тоқбаева алды. 

 Оқушылар сарайында екі күн бойы күй тартыстың қызығын кө­руге жиналған көрермен толы зал күм­бірлеген домбыра үнін тыңдап, ру­хани бір демалғандай. Сахнада облыс­т­ың ауыл, қалаларынан жиналған мектеп оқушылары күйшілік, күй тарту өнерлерімен таңғалдырды. 

Фарида Бықай, «Егемен Қазақстан»

Павлодар