• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 02 Сәуір, 2018

Жазылбек ата (әңгіме)

1545 рет
көрсетілді

Журналист жолға шыққанда жа­ныңда өзің барған жер жағдайын жақсы білетін жан болса, ісіңнің оңғарылғаны деп біле беріңіз. Ре­дак­ция тапсырмасымен қиыр шет Мойынқұмда жүргенімізде, маған міне, сондай бір тамаша адам кездесті. 

Осы өңірдің тумасы, ес жиып, етек жап­қаннан бері біз сөз етіп отырған өңірде табан аудармай еңбек еткен Сабыров Мұқанның білмейтіні жоқ екен. Соны байқағаннан кейін бұл кісіден: «Жазылбек Қуанышбаев кезінде Ленинградтан Ағыбай батыр­дың суретін тауып алып келген»,  деген әңгіме жөнінде сыр тарттым. Оны өз басым алғаш рет 2006 жылы осында келіп, шопанатаның егіз ұлы Қойшыбай мен Тойшыбай ту­ралы мақала жазғалы жүргенімде кез­дейсоқ естіп қалған едім.

– Сол сөз рас па? – дедім Мұқаң­нан.

– Анықтайық, – деп жауап берді жолбасшым.

Сөйтті де Амангелді атты танысына телефон шалды. Кейін білдім, бұл кісі Ағыбай батырдың ел-жұртынан, осы Мойынқұмдағы сол туыс-тума­ларын ұйыстырып отырған ауыл аға­ларының бірі екен. Мұқаң міне, сол адаммен сөйлесіп болды да телефонды орнына қойып: «Иә, рас екен, – деді. Ол: «Бұл мәселе жөнінде Жа­зекең сауапты, иманды іс жасаған жан. Сондықтан біз ол кісінің алдында қарыздармыз. Қажет болып жатса, оқиғаны батырдың тікелей ұрпақтарының бірінен тарайтын Мәулен ақсақалдың келіні Тиышкүл Әжиева әже айтып бере алады. Сол апаға барғандарыңыз дұрыс деп жатыр»,  деді.

– Ой, рахмет! – дедік біз көңілімізді демдеп.

Сөйттік те Мойынқұм ауылының шығыс жағындағы үлкен каналды бойлай созылған көше, ондағы ауыл адамдары айтқан қақпа алдын­дағы құдығы бар үйді іздеуге кірістік. Көп кешікпей оны таптық та. Есікті аш­қан қарт ана аман-саулықтан соң бізді төрге оздырып, қойған сауал­дарымызға жауап бере бастады.

– Мамандығым мұғалима еді қара­ғым, – деді әжей. – Осындағы орта мектепте оқушыларға 41 жыл математикадан сабақ бердім. Ұмытқаным жоқ, өзіңе жолбасшы болып жүрген мына Мұқан да 1963-1968 жылдары менен оқыған. Ал енді негізгі әңгімеге келсек, сендер қазір Ағыбай батырдың тікелей ұрпақтарының бірі Асыл атты бабамыздан туған Мәулен атамның шаңырағында отырсыңдар. Ол кісіден отағасым Тілеуқұл, одан балаларым Тұрсынхан, Мұратхан, Алтынхан тарайды.

Осылай деген Тиышкүл әже біз дегбірсіздене күтіп отырған сурет тарихын баяндауға көшті. 1973 жы­лы облыстық партия комитетінен ауданға екі мәрте Социалистік Ең­бек Ері, атақты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың Ленинградқа бара­тындығы туралы хабар келеді. Ақса­қалды ол жерге апарып қайтуға жауап­ты адам ретінде Мойынқұм аудандық комсомол коми­тетінің бірінші хатшысы Әуесхан Мыр­заханов бекітіледі. Сол кездегі күн көсем атындағы қалада өтетін бұл жиын халық шаруашылығының сан түрлі салаларында еңбек етіп жүрген ұстаз-жетекшілер мен тәлім­герлердің Бүкілодақтық сле­ті екен. Кузбастан шахтерлер, Яку­тиядан бұғы өсірушілер, Өзбек­стан мен Грузиядан бағбандар, ал Мур­манск­ мен Сахалиннен балықшылар шақы­рылған осы басқосуда аппақ күмістей сақалы кеудесін жауып, омырауында қос Алтын Жұлдызы жарқыраған шопаната Жазылбек Қуанышбаев та отырады. Үкімет өмірдегі бақыт­тарын еңбектен тапқан осындай аға ұрпақ өкілдерін одақтас республикалардан келген қыз-жігіттерге үлгі етіп таныстырып, ақыл-кеңестерін айтқызып болғаннан кейін, оларды Ленинград қаласының көрнекті орын­дарын аралатуға алып шығады. Сондай экскурсияда Қазақстаннан барған жасы-жасамысы бар 24 адам­дық делегация Эрмитаждағы біз­дің республикамызға қатысы бар жә­ді­герлерден жасақталған көрмеге тап болады. Ондағы қойылған патша заманындағы киіз үй, ертоқым, сәукеле секілді заттарды жайлап көріп келе жатқан Жазекеңнің жанарына бір мезетте сарғыш тартқан кітаптағы жеке сурет ілігеді. Не ойлағанын кім білсін, содан қария әлгі жерден айналсоқтап шықпай қояды. Сөйтеді де: «Әй, балам! – дейді Әуесханға. – Мынау кім?» «Білмеймін аға». «Ендеше, тыңда! Бұл рәсім мына жерде тегін тұрған жоқ. Кім де болса атақты адам. Сұрашы аты-жөнін».

Ақсақалдың мына сөзінен кейін Әуес­хан экскурсовод келіншекті қуып жетеді. Ол музейдегі әр экспонаттың жеке паспорты болатынын, сонда бәрі жазылып қойылатынын айтып, Жазекеңнің көмекшісін көрме әкімшілігіне жібереді. «Жақсы, – дейді ондағы мамандар. – Атай залды аралай берсін. Шаршаса анау мүйістегі орындыққа отырып демалсын. Сол арада біз де сіздерге мұның бір хабарын беріп қалармыз».

Жарты сағат уақыттан соң, иә, сондай мезгіл мөлшерінде музей қыз­меткері Әуесханға суреттегі адам­ның кім екенін айтады. «Ол Ағыбай Қоңыр­баев деген кісі екен ата, – дейді бұл Жазекеңе келіп. – Анықтамада патшалық самодержавиеге қарсы шыққан Кенесары Қасымовтың әскер басшысы болған адам деген түсінік бар екен». Шалдың «самодержавиеде» не шаруасы бар, Ағыбай батыр атын естігенде толқып кетеді. Көз алдына Мойынқұм мен Бетпақдаланың түйісер тұсындағы биік мазар тұрған аңғар, жаз шыға екі облыстағы Шет пен Ұланбел малшыларының сол жерді жайлайтын жайлауы елестейді. Ойына жыл сайын сонда барғанда бірін-бірі ерулікке шақырған шопандармен бірге батыр бейітіне барып бет сипап, бұлақ басындағы баба туралы айтылған әңгімелер оралады. «Әп, бәсе! – дейді осы жәйттер есіне түсіп, жанары жасаураған Жазекең. – Мына жерде бұл жарықтыққа құ­дай мені тегін жолықтырып тұрған жоқ. Берер ме екен?.. Сұрап көрші бастық­тарынан... Елге әкетейін!»

Ақсақалдың өтінішін естіген музей басшылығы алдымен бұған келіс­пейді. Бірақ қарияның: «Алмай кетпей­мін», деген сөзі мен кеудесіндегі қос Алтын Жұлдызын көріп илігеді. «Көшірмесін берейік, – дейді. – Ол үшін Қазақстанның Мәскеудегі Тұрақ­ты өкілдігі кепілдеме қағаз жібер­сін». Мұны естіген Әуесхан бол­ған жағдай жөнінде Жамбыл облыс­тық партия комитетіне телефон соғады. Олар өз кезегінде Мәскеу­ге... Сөйтіп екі әлде үш күн дегенде Тұ­рақ­ты өкілдіктен тиісті қағаз келе­ді. Ол құжат қолдарына тиген музей адамдары қонақүйге келіп, сырты ағаш рамамен қоршалып, бетіне әйнек салынған көшірме портретті қарияға табыс етеді.

– Жазекең Ленинградтан келген­нен кейін, – деді Тиышкүл апай. – Мәулен атамды шақырып жатыр деп естідік. Барса: «Сүйінші! Ба­баң­ның суретін тауып алып кел­дім. Көшірмесін жасатып ал да мынаны өзіме қайтар», – депті. Қуа­ныш­тан көзіне жас алған атам: «А, құдай! – деп үйге сүріне-қабына кір­гені есімде. Сол күні отағасым Тілеу­құл­ды Алматыдағы Сәмбет деген дә­рі­гер туысымызға аттандырып, баба суретінен үш дана көшірме жа­сап әкелуге жіберді. Ол тапсырма орындалған соң, Мойынқұмдағы бү­кіл шұбыртпалы руының үлкенде­рін шақырып, аруаққа Құран оқытты. Сөйт­ті де сол жиын үстінде әлгі үш көшірме портреттердің бірі өзі­нің төрінде, қалғандары екі бауыры Доқ­тырхан мен Иманқұлдың үйлерінде тұра­тынын айтты.

– Ағыбай батырдың қазіргі біз кө­ріп жүрген суреті осы фото екен ғой.

– Иә. Бірақ тәуелсіздікке дейін бұл бейнені елге көп көрсетпей, елеу­сіздеу ұстадық. Бір туысқанымыз оны көбейтіп пайда таппақ болғанда, 1948-1952 жылдардың зардабын бас­тан кешкен Мәулен атам оны «кәм­пескелеп», сол даналарды жаса­ған тұрмыс қажетін өтеу комбина­тындағы орыс келіншектен негативін жойғызып жіберді. Ал еліміз тәуел­сіздік алғанда бұрынғы батырлар мен билердің аттары атала бастады емес пе?! Міне, сонда осындағы қоғамдық қозғалыс өкілдері: «Біздің ауылда Кенесарының бас сардары болған Ағыбай Қоңырбайұлының ұрпақтары бар. Олар тұратын көшеге батырдың атын беріп, мерейтойын атап өтейік», деген бастама көтерді. Халықтың сол үнінен кейін газет-журналдарға суреті жарияланып, «3-ші орам» деп аталып келген мына көше біздің баба­мыздың есіміне ие болғаны бар.

Тиышкүл әженің бұдан кейінгі әңгімесінен мынаны ұқтық. 2012 жылы батыр бабаға байланысты Мойын­құмда аймақтық ғылыми конференция өтеді. Міне, сонда оған қатысуға Алматыдан, Тараздан келген екі-үш жас ғалым батырдың суретін Ресей мұрағаттарынан тауып әкелген біз едік деген ыңғайдағы сөзді жанамалап айта бастайды. Мұны естіп отырған ауыл ақсақалдары аң-таң қалып: «Шындығын сіз білесіз ғой», дегендей осы басқосуға құр­мет­ті қонақ ретінде шақырылған Тиыш­күл әжейге қарайды. Сонда ор­нынан тұрып, мик­рофонды қолына ал­ған бұл кісі: «Ол әңгімені менен сұ­раңдар»,  деп болған жағдайды нақ­па-нақ айтып береді.

– Қазір шындық ешкімді қызық­тырмайды. Оның обал-сауабына ешкім қарамайды қарағым, – деді жоғарыдағы жағдайды есіне алған қарт ана. – Әйтпесе әлгіндей сөздерге не жорық? Олардың қайта шатасып, мұны осы Мойынқұмда, аталмыш оқиғаны білетін ауыл адамдары алдында айтқаны жақсы болды. Ал басқа жерде сөз етсе ше? Есті­ген жұрт солай екен деп сеніп қа­лады ғой. Осыдан іш жиған біздер, батыр бабаның қара шаңырағын ұстап отырған ұрпақтары ақылдаса келіп бір құжат жасадық. Онда оқиғаның қай жылы болғаны, оған қатысқан адамдардың кімдер екендігі баяндалған. Соның бір данасын өзіңе берейін. Жарай ма?

Осы сөздерді айтқан әжей қолы­мыз­ға мәтіні компьютерде терілген бір парақ қағазды ұсынды. Біреу күмәнданса немесе дауласса көрсет деген ишараты ғой жарықтықтың. Содан соң ол кісі біздің өтінуіміз бойынша төрде тұрған Ағыбай ба­тыр­дың портретін әкеп алдымызға қой­ды. Суретке түсіріп жатып бірден білдік. 70-80-жылдардағы Қазақстан аста­насының фотостудияларындағы өзі­мізге таныс қолтаңба. Студент ке­зі­міз­де әке-шешелеріміздің бейне­ле­­рін осылай жасатып, ауылдағы үй­ле­­рі­міз­ге талай апарғанбыз. Солар он­­да әлі де бар. Жиегі картон қағазға құ­р­сау­ланып, ортадағы кісі сұлбасына қо­ңы­рқай фон берілген, беті су мен күн сәу­лесінен бүлінбесін деп түссіз плен­ка­мен көмкерілген портреттер. Со­ның бі­­рі арада 30-40 жыл өткен соң Мой­ын­құм­дағы әже үйінен шығып отыр. Ол 1973 жылы көбейтілген 3 фотоның бірі – Ағыбай батырдың бейнесі.

– Батыр келбетінің қашан, қандай жағдайда суретке салынғаны немесе фотоға түсірілгені туралы дерек жоқ па? – дедік кетерімізде.

– Көтеріліс басылып, Ағыбай батыр Арқаға қайтып келген 5-6 жылдан соң, – деп жауап берді әжей. – Ол кісі Ақмола бекінісіне шақырылып, сұраққа алынып, қайта қоя беріліпті. Жер өлшеуші землемерлер, топографтар жазда баба ауылына жиі келіп ақыл-кеңес сұрайды екен. Сол екі жағдайдан қалған белгі ме деген болжам бар.

Жанболат АУПБАЕВ

Жамбыл облысы,

Мойынқұм ауданы