Шаймардан Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде мәдени құндылықтарды насихаттау бағытында шаралар жиі ұйымдастырылады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Асыл мұра» атты облыстық байқау-көрмеге 61 қолөнер шебері қатысты.
Қолданбалы-сәндік өнерді дамыту, ұлт мәдениеті мен өнерінің бай мұрасын, даму кезеңдерін, дәстүрін, дүниетанымын өнертану ғылымымен ұштастыра отырып, жас ұрпаққа таныстыру, қолөнер түрлерін насихаттап, оларды күнделікті қолданысқа енгізуге мүмкіндік жасауды мақсат еткен байқауда қазылар алқасы 256 жұмысты бағалады. Бүтін ағаштан домбыраны ойып жасаған қолөнер шебері Мазен Шәкиевтің еңбегі жүлделі бірінші орынға лайық деп танылды. Зергер Қайрат Шапабаев пен суретші-қолөнерші Мұрат Рахметов екінші орынды иеленсе, шебер Кеңес Айтқалиев, зергер Шеруен Мұхтар үшінші жүлдені бөлісті.
– Қылқаламның құдіреті мен тылсымынан сыр ұқтырып, қалың жұртшылықтың рухани ордасына айналған облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі қай кезеңде де таланттарды тани біліп, олардың шығармашылығын дамытуда елеулі еңбек етіп келеді. Музейде елімізге танымал суретшілер, қолөнер шеберлерінің түрлі көрмелері мен байқаулары ұйымдастырылады. Бұл байқау-көрме де өңірдегі талантты шеберлердің жұмыстарын насихаттауды мақсат етті, – дейді өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ