• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Президент 05 Сәуір, 2018

«Теңізшевройл» – Табысты серіктестік пен инвестиция тартудың жарқын үлгісі

973 рет
көрсетілді

Экономикамыздың күре­та­мырына айналған мұнай өнеркәсібінің биік белесінің бірі Теңіз кенішін игеру екені белгілі. Ал осынау ірі кенішті игеру мақсатында «Теңізшевройл» жобасын құру жөніндегі келісімге қол қойылғанына биыл 25 жыл толды. Кеше Астанада осы ай­тулы датаға орай өткен сал­танатты жиынға Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, мұнай-газ саласының ең­бек­керлерін құттықтады.

Жиынға қаты­су­шылар алдында сөйлеген сөзінде Елбасы тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында америка­лық­тар­мен бірлескен компания­ны құруға қалай қол жет­кізілгенін, Қазақ­стан эко­но­микасының тірегіне айналған бұл келісімнің енді құрылған жас мем­лекет үшін қаншалықты маңызды бол­ғанын баяндады.

«Кен орны бұрынғы Кеңес одағы дәуірлеп тұрған кезде 1979 жылы ашыл­ған болатын. Ол өте тереңде жатқан әлем­дегі ең алып кеніштің бірі еді. Оны игеру Кеңес одағы кезінде қиын болды. Ес­теріңізде болар, тұтанған 36 құбырды өшіре алмай, бір жылдың ішінде 100 мың тонна мұнай ауаға ұшқан болатын. Оны игеруге Қазақстан тәуелсіздігі кезінде ғана қол жеткізілді. «Шеврон» ком­паниясымен келісім жасалғаннан кейін осы істі қолға алдық. Осы кезден бастап мұнай-газ саласы ерекше серпін алып, еліміздің қарқынды дамуына өз үлесін қосып келеді. Қазақстанға келген тұңғыш үлкен компания, тікелей инвестиция құйған компания басқа инвесторларға жол салып берді. Теңіз жо­басы шетелдік әріптестермен табыс­ты серіктестік орнатудың және елге инвес­тиция тартудың жарқын үлгісіне айнал­ғанын бә­рі­міз білеміз. 25 жыл бірге ат­­қар­ған орасан еңбектеріңіз үшін баршаңызға ел атынан риза­шы­лығымды білдіремін», деді Елбасы.

Мемлекет басшысы, сон­дай-ақ «Теңіз­шевройл» компа­ния­сының келуі­мен елімізде мұнай өндіру 30 есеге арт­қанын атап өтті. «Былтыр 3 млрд баррель мұнай өндірілді, бұл – тарихи көрсеткіш. Осы кезеңде Қазақстанда мұнай өндіру төрт есеге артып, 85 млн тоннаға жетті. Бұл елімізге 38 млрд көле­мінде инвестиция құйған «Теңіз­шев­ройлдың» арқасы дер едім. Елі­мізде мұнайдың үштен бірін «Теңіз­шевройл» өндіреді. Бұл – Қазақ­стан экономикасына қосып отырған үлкен үлес», деді Елбасы.

Иә, «Теңізшевройл» ЖШС 1993 жылы Қазақстан Үкіметі мен «Шеврон» корпорациясы ара­сында Теңіз кенішін игеру мақ­сатында құрылған болатын. Бүгінгі таңда ол – Қазақстандағы ең ірі компаниялардың бірі. Шикі мұнай, газ және күкірт өнімдерін өндіреді.

«Компания арқылы Қазақстан эко­но­микасы 26 млрд долларға өсті. Бұл салықтар, дивидендттер, қазақ­стан­дық компаниялардан тауарлар мен қыз­мет­терді сатып алу және т.б. «Теңізшевройл» мың­даған қазақстандық кәсіп­орынның жұмысын жандандырып, көлік құрас­тыру, сервис, құрылыс және басқа да сала­лар­дың дамуына үлес қосты. Өзара келіскеніміздей, компания ай­мақтардағы әлеуметтік жоба­ларға ерекше көңіл бөлді. Бұл қаржы мектептерге, емдеу мекемелерін жабдықтауға, жаңғыртуға, электр желісі және тағы басқаларға бөлінді», деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті, сонымен қатар «Шеврон» корпо­ра­циясының бүгінде әлемнің 20 елінде жұмыс істейтінін, мұнай өндіруде Қазақстанның үлесі 23 пайызды құрайтынын атап өтті. Ал бүгінде «Теңізшевройл» компаниясы ор­наласқан Атырау өңіріне де зор эко­но­микалық қолдау жасап отырғанын ай­рықша атап өтуге болады. Бұл ретте Елбасы да кәсіпорынның қала, жалпы облыстың дамуына қосқан үлесін жо­ғары бағалады.

«Компания бізбен келісе отырып, өңір­дегі әлеуметтік салаға баса мән берді. Осы салаға 1,4 млрд доллар бөлін­ді. Бұл қаржы ауруханалар мен мектеп­- терді салуға, су құбырларын тартып, электр желілерін жаңғыртуға жұм­сал­­ды. Көптеген жұмыс жүргі­зілді. Біз, аға буын өкілдері Атырау қаласының қан­­дай бол­ға­нын жақсы білеміз. Бүгінгі таң­­да шаһар түбегейлі өзгеріп, за­манауи қала­ға айналды. Бұл ком­паниялар мен инвес­ти­­ция­ның арқасы», деді Мемлекет басшысы.

Президент бұдан әрі бірлес­кен кә­сіпорынның елдің әлеу­мет­­тік әлеуетіне әсерін тілге тиек етті.

«Бұл жоба бойынша 30 мың­нан астам азаматымыз жұмыспен қамтылды. Ал жобаның барлық шығынының 32 па- йыздан астамы Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің үлесіне тиеді. Жас қазақ­стандықтар «Шевронның» басқа компания­ларында тәжірибеден өтті. Олар ең үздік мұнайшылармен қатар тұратын маманға айналды. Ком­пания қызметкерлерінің 80 пайыздан астамы – қазақстан­дық­тар. Біздің де қойған шартым­ыз осылай болатын. Көптеген мамандар дайындалды. Қазақ менеджерлері өсті. Озық тәжі­рибе жинады. Өткен 25 жылда компания барынша тұрақты, табысты жұмыс істеді. Енді алдымызда дамудың жаңа кезеңі бар. «Теңізшевройл» Қазақстандағы басқа компанияларға үлгі болуы тиіс, солай болатынына сенім­дімін. Бүгінгі ме­реке, ең алдымен, Атырау және басқа облыс­тар­дағы кен орындарында жұ­мыс істей­тін мұнайшылардың, инженер­­лердің, жұмысшылардың мере­кесі және оларды осынау мерекемен құттық­тай­мын», деді Н.Назарбаев.

Елбасы бір­лес­кен кә­сіп­орынның бүгінгі жетістіктері «Теңіз­шев­ройл» қыз­­­­ме­т­­керлерінің қажырлы еңбе­­гінің ар­қа­сы екенін айтып, оларға ақ тілегін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Үшін­­ші жаңғыруы және Төртінші өнер­­кә­­сіп­тік революция элементтерін енгі­зу жағ­­дайында өндірістің өнімділігі мен тиім­­ділігін арттыратын заманауи цифр­лы тех­нологияларды ұтымды пайдалану қажеттігін атап өтті.

– Мұнай мен газ бағасының құбылма­лы­лығына және баламалы технология­лардың дамуына байланысты мұнай мен газды кең көлемде қайта өңдеу мәселесі туындайды. Қазақстан да бұл мәселеге мүдделілік танытып отыр. Үкімет ком­паниямен бірлесе отырып қайта өңдеу кәсіпорындарын салу мәселесін қарас­тыруға және бұл жөнінде баяндауға тиіс. Қайта өңдеу саласында жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі бірінші ке­зекте тұр. «Шеврон» компаниясы бұл мәселеге орай қолдау білдіреді деп сене­мін, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті кеше, сондай-ақ салтанатты ша­раға келген «Шеврон» компания­сы­ның директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртпен кездесті. Кездесуде тараптар мұ­най өндіру мен мұнайды қайта өңдеу саласындағы өзара ық­пал­дас­тықтың қазіргі мәселелері мен перс­пективаларын талқылады.

Мемлекет басшысы өткен жылдар ішінде екі тарап тығыз әрі өзара тиімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтіп, бүгінде ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғанын айтты.

«Сіздер оңай өңделетін мұнайдың әлемдегі ең терең әрі ірі кен орындарының біріне инвестиция құйып отырсыздар. Қазіргі таңда оны тасымалдау мә­се­лелері шешілді. Бұл «Шеврон» ком­па­ниясының ең ірі активтерінің бірі екенін атап өткен жөн», деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Майкл Уиртті қыз­метіне кірісуімен құт­тықтап, жауапты жұмысына табыс тіледі. М.Уирт Қазақ­стан Пре­зи­дентіне құттықтағаны үшін алғыс айтып, екіжақты қа­рым-қа­ты­нас­тардың жемісті екенін атап өтті.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»