Экономикамыздың күретамырына айналған мұнай өнеркәсібінің биік белесінің бірі Теңіз кенішін игеру екені белгілі. Ал осынау ірі кенішті игеру мақсатында «Теңізшевройл» жобасын құру жөніндегі келісімге қол қойылғанына биыл 25 жыл толды. Кеше Астанада осы айтулы датаға орай өткен салтанатты жиынға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, мұнай-газ саласының еңбеккерлерін құттықтады.
Жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында америкалықтармен бірлескен компанияны құруға қалай қол жеткізілгенін, Қазақстан экономикасының тірегіне айналған бұл келісімнің енді құрылған жас мемлекет үшін қаншалықты маңызды болғанын баяндады.
«Кен орны бұрынғы Кеңес одағы дәуірлеп тұрған кезде 1979 жылы ашылған болатын. Ол өте тереңде жатқан әлемдегі ең алып кеніштің бірі еді. Оны игеру Кеңес одағы кезінде қиын болды. Естеріңізде болар, тұтанған 36 құбырды өшіре алмай, бір жылдың ішінде 100 мың тонна мұнай ауаға ұшқан болатын. Оны игеруге Қазақстан тәуелсіздігі кезінде ғана қол жеткізілді. «Шеврон» компаниясымен келісім жасалғаннан кейін осы істі қолға алдық. Осы кезден бастап мұнай-газ саласы ерекше серпін алып, еліміздің қарқынды дамуына өз үлесін қосып келеді. Қазақстанға келген тұңғыш үлкен компания, тікелей инвестиция құйған компания басқа инвесторларға жол салып берді. Теңіз жобасы шетелдік әріптестермен табысты серіктестік орнатудың және елге инвестиция тартудың жарқын үлгісіне айналғанын бәріміз білеміз. 25 жыл бірге атқарған орасан еңбектеріңіз үшін баршаңызға ел атынан ризашылығымды білдіремін», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясының келуімен елімізде мұнай өндіру 30 есеге артқанын атап өтті. «Былтыр 3 млрд баррель мұнай өндірілді, бұл – тарихи көрсеткіш. Осы кезеңде Қазақстанда мұнай өндіру төрт есеге артып, 85 млн тоннаға жетті. Бұл елімізге 38 млрд көлемінде инвестиция құйған «Теңізшевройлдың» арқасы дер едім. Елімізде мұнайдың үштен бірін «Теңізшевройл» өндіреді. Бұл – Қазақстан экономикасына қосып отырған үлкен үлес», деді Елбасы.
Иә, «Теңізшевройл» ЖШС 1993 жылы Қазақстан Үкіметі мен «Шеврон» корпорациясы арасында Теңіз кенішін игеру мақсатында құрылған болатын. Бүгінгі таңда ол – Қазақстандағы ең ірі компаниялардың бірі. Шикі мұнай, газ және күкірт өнімдерін өндіреді.
«Компания арқылы Қазақстан экономикасы 26 млрд долларға өсті. Бұл салықтар, дивидендттер, қазақстандық компаниялардан тауарлар мен қызметтерді сатып алу және т.б. «Теңізшевройл» мыңдаған қазақстандық кәсіпорынның жұмысын жандандырып, көлік құрастыру, сервис, құрылыс және басқа да салалардың дамуына үлес қосты. Өзара келіскеніміздей, компания аймақтардағы әлеуметтік жобаларға ерекше көңіл бөлді. Бұл қаржы мектептерге, емдеу мекемелерін жабдықтауға, жаңғыртуға, электр желісі және тағы басқаларға бөлінді», деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті, сонымен қатар «Шеврон» корпорациясының бүгінде әлемнің 20 елінде жұмыс істейтінін, мұнай өндіруде Қазақстанның үлесі 23 пайызды құрайтынын атап өтті. Ал бүгінде «Теңізшевройл» компаниясы орналасқан Атырау өңіріне де зор экономикалық қолдау жасап отырғанын айрықша атап өтуге болады. Бұл ретте Елбасы да кәсіпорынның қала, жалпы облыстың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
«Компания бізбен келісе отырып, өңірдегі әлеуметтік салаға баса мән берді. Осы салаға 1,4 млрд доллар бөлінді. Бұл қаржы ауруханалар мен мектеп- терді салуға, су құбырларын тартып, электр желілерін жаңғыртуға жұмсалды. Көптеген жұмыс жүргізілді. Біз, аға буын өкілдері Атырау қаласының қандай болғанын жақсы білеміз. Бүгінгі таңда шаһар түбегейлі өзгеріп, заманауи қалаға айналды. Бұл компаниялар мен инвестицияның арқасы», деді Мемлекет басшысы.
Президент бұдан әрі бірлескен кәсіпорынның елдің әлеуметтік әлеуетіне әсерін тілге тиек етті.
«Бұл жоба бойынша 30 мыңнан астам азаматымыз жұмыспен қамтылды. Ал жобаның барлық шығынының 32 па- йыздан астамы Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің үлесіне тиеді. Жас қазақстандықтар «Шевронның» басқа компанияларында тәжірибеден өтті. Олар ең үздік мұнайшылармен қатар тұратын маманға айналды. Компания қызметкерлерінің 80 пайыздан астамы – қазақстандықтар. Біздің де қойған шартымыз осылай болатын. Көптеген мамандар дайындалды. Қазақ менеджерлері өсті. Озық тәжірибе жинады. Өткен 25 жылда компания барынша тұрақты, табысты жұмыс істеді. Енді алдымызда дамудың жаңа кезеңі бар. «Теңізшевройл» Қазақстандағы басқа компанияларға үлгі болуы тиіс, солай болатынына сенімдімін. Бүгінгі мереке, ең алдымен, Атырау және басқа облыстардағы кен орындарында жұмыс істейтін мұнайшылардың, инженерлердің, жұмысшылардың мерекесі және оларды осынау мерекемен құттықтаймын», деді Н.Назарбаев.
Елбасы бірлескен кәсіпорынның бүгінгі жетістіктері «Теңізшевройл» қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасы екенін айтып, оларға ақ тілегін жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Үшінші жаңғыруы және Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу жағдайында өндірістің өнімділігі мен тиімділігін арттыратын заманауи цифрлы технологияларды ұтымды пайдалану қажеттігін атап өтті.
– Мұнай мен газ бағасының құбылмалылығына және баламалы технологиялардың дамуына байланысты мұнай мен газды кең көлемде қайта өңдеу мәселесі туындайды. Қазақстан да бұл мәселеге мүдделілік танытып отыр. Үкімет компаниямен бірлесе отырып қайта өңдеу кәсіпорындарын салу мәселесін қарастыруға және бұл жөнінде баяндауға тиіс. Қайта өңдеу саласында жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі бірінші кезекте тұр. «Шеврон» компаниясы бұл мәселеге орай қолдау білдіреді деп сенемін, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті кеше, сондай-ақ салтанатты шараға келген «Шеврон» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртпен кездесті. Кездесуде тараптар мұнай өндіру мен мұнайды қайта өңдеу саласындағы өзара ықпалдастықтың қазіргі мәселелері мен перспективаларын талқылады.
Мемлекет басшысы өткен жылдар ішінде екі тарап тығыз әрі өзара тиімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтіп, бүгінде ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғанын айтты.
«Сіздер оңай өңделетін мұнайдың әлемдегі ең терең әрі ірі кен орындарының біріне инвестиция құйып отырсыздар. Қазіргі таңда оны тасымалдау мәселелері шешілді. Бұл «Шеврон» компаниясының ең ірі активтерінің бірі екенін атап өткен жөн», деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Майкл Уиртті қызметіне кірісуімен құттықтап, жауапты жұмысына табыс тіледі. М.Уирт Қазақстан Президентіне құттықтағаны үшін алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынастардың жемісті екенін атап өтті.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»