• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Тарих 05 Сәуір, 2018

Құрманғазы домбырасы – Ықылас музейінде

1305 рет
көрсетілді

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының 2018-2019 жылғы атау­лы күндер күнтізбесіне енгізілген күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтудің алғашқы шарасы Алматыда басталып та кетті. Осыған орай 4 сәуірде Астарахан облысы Алтынжар ауылында орналасқан Құрманғазы атындағы Мәдени орталықтың қорында сақталған күйші домбырасының көшірмесі және Құрманғазының төл шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейіне салтанатты түрде қабылданды. 

Сондай-ақ «Құрманғазы домбырасы музей сахнасында» атты үш күндік көрмеде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұрған Құрманғазының дара ауыз мылтығы, шәкірті Дина Нұрпейісованың белбеуі және Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейі қорындағы Динаның камзолы, ХІХ ғасырдағы шапаны мен зергерлік бұйымдар жұрт назарына ұсынылды. Көрме соңы күй және дәстүрлі әннің кешімен жалғасын тапты. Концертте Құр­манғазы атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің домбырашылары және жеке орындауда Қа­жыбек Бекбосынов, Батыржан Мықтыбаев, Әсел Алина, Рахат Сәрсенов, Асылбек Ахатов, Едіге Нәбиұлы өнер көрсетті.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біздің ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жо­рал­ғыларымыз – бір сөзбен айт­қан­да, ұлттық рухымыз, бойы­мызда мәңгілік қалуы тиіс. Абай­дың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», деген еді. Ұлт пен ұр­пақ келешегі үшін көтерілген мә­селелерді жүзеге асырып, ше­шімін табу мақсатында Ықылас атын­дағы халық музыкалық аспап­тары музейі белгілі адам­дар­дың аспаптарын жинайтын дәстүрін қайта жаңғыртып, қол­ға алмақ. Осыған байланыс­ты арада бір ғасыр өткен соң ұлы күйші Құрманғазы домбырасының кө­шірмесі мен оның тікелей шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасы музей қорын толықтырып отыр.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ