• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бокс 05 Сәуір, 2018

Жаттың намысын қорғаған қазақтар

684 рет
көрсетілді

Спорттық шежіренің сар­ғай­ған беттерін парақ­та­сақ, жат жерде тұрып жатқан немесе жат елдің намысын қорғап жүргендер арасында атағы алысқа жайылып, миллиондаған жанкүйердің көзайымына айналған қандастарымыздың қатары мол екенін аңғаруға болады.

Осы тақырыпта әңгіме қозғалғанда, ең алдымен Моң­ғо­лияда туып-өскен даңқты ба­луан Бақыт Однайұлының есімі еске түседі. Еркін күрестің хас шебері 1980 жылы Мәскеу Олим­пиадасында күш сынас­ты. Аса ауыр салмақта өнер көр­сеткен қандасымыз қос бірдей қар­сыласын қапы қалдырып, үшін­ші айналымда КСРО құра­ма командасының мүшесі, Мон­реаль Олимпиадасының же­ңім­пазы, әлемнің 4 және Еу­ро­паның 3 дүркін чемпионы Сослан Андиевке есе жіберді. 1981 жылы АҚШ-тың Толидо қа­­ла­сында өткен әлем кубогында ол қола медальды олжалады. Моң­ғолдардың ұлттық күресінен де толағай табысқа қол жеткізген Ба­қыт ағамыз «Қаршыға» деген аса мәртебелі атаққа ие болды.

Моңғолияның әйгілі спортшылары қатарында Алданыш Рамазан да бар. 1961-1971 жылдар аралығында 200, 400 және 800 метрге жүгірген ол сол елдің бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы атанды. Ең бас­тысы Алданыш апайдың есімі Олимпиада дуына түскен тұңғыш қазақ қызы ретінде тарихта қалды. Желмен жарысқан қаракөз 1964 жылы Токиода өткен ойындарда жарыс көрігін қыздырды. Ол кісі 800 метр қашықтыққа жарысқан 66 адамның арасынан 22-орынға, 400 метр қашықтыққа жарысқан 60 адамның ішінен 20-орынға табан тіреді.

Тұралап қалған Түркия боксын өрге сүйреген Нұрхан Сүлей­меновтің өнеріне кезінде дүйім жұрт тамсанған. Кеңес Одағының уығы шайқалған тұста Анадолы еліне қоныс аударған қандасымыз шаршы алаңды армансыз шайқады. Ол – Түркия боксы тарихындағы тұң­ғыш Еуропа чемпионы. Ол – Түркия тарихындағы әлем бірін­шілігінде күміс медальды иеленген тұңғыш былғары қолғап шебері. Бұл атақтарға Нұрхан 1993 жылы Бурсада және 1995 жылы Берлинде қол жеткізді.

Бір миллиардтан астам халқы бар қалың Қытайда қарсылас шыдатпай, сол іргелі мемлекеттің туы астында өнер көрсету құрметіне ие болған әйгілі былғары қолғап шебері Қанат Ислам қандай да мақтауға лайық. Ол – Олимпиада мен Азия ойындары, әлем және құрлық чемпионатында қола медальды мой­нына ілді. Бұл күндері кәсіпқой рингте күш сынасып жүр­ген қандасымыз 25 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 20 қарсыласын есінен тандырды. Бұйыртса, таяу күндері белді нұсқалардың бірі бойынша Қанат бауырымыздың әлем чемпионы атанған сәтін де көреміз.

Өзбекстанның намысын қор­ғап жүрген Елмұрат Тас­мұ­ратов жайында ұзақ әңгі­ме­леуге болады. 27 жастағы грек-рим күресі шебері 2013 және 2014 жылдардағы әлем чемпионатында және 2016 жылы Рио олимпиадасында қола медальды қоржынға салды. Қатарынан 4 рет Азия біріншілігінде алдына жан салмады.

Ережесіз жекпе-жек әлемінде Қытайда туып-өскен Жұмабек Тұрсынұлының есімі ерекше құрметпен аталады. Ол – осы спорт түріндегі ең белді ұйым  UFC-де төбелескен тұңғыш әрі әзірге жалғыз қазақ!

Бүгінгі таңда еркін күрестен Қытай ұлттық құрамасы сапында Азия ойындарының қола жүлдегері Ерланбек Қатай өнер көрсетуде. Қандасымыз 2016 жылғы Рио Олимпиадасына қатысты. Одан бұрын 2004 жылы Афина Олимпиадасындағы грек-рим күресі шеберлерінің сайысында Әлнұр Төргеұлы бақ сынаған болатын.

Таэквондодан кезінде Түр­кия құрамасының мүшесі бол­ған Жансел Дениз, грек-рим күресінен Бразилияның бет­ке ­ұстары Марат Ғәріпов пен Бела­русьтың мықтысы Ербол Қа­лабаев, еркін күрестен Аус­тралияның туы астында өнер көр­сеткен Талғат Ілиясов, Өзбекстан бо­ксын өрге сүйреп жүрген Ел­нұр Әбдурайымов сынды саң­лақ­тардың барлығының да қазақ ұлтынан екенін біздер әр кез мақтанышпен айтамыз.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»