Елбасының бес әлеуметтік бастамасының берекесін барлық ел сезінетін күн алыс емес.
Мен оқу орнының басшысы ретінде Президенттің ипотекалық несиенің пайыздық өсімін төмендету, алғашқы жарна көлемін азайтуға байланысты бастамаларын ерекше атап өткім келеді. Біздегі көптеген жас мұғалімдер, өндірістік оқыту шеберлері алғашқы кездері азғантай еңбекақымен отбасын асырап, жатақхана немесе жалдамалы пәтерлерді жағалап жүретіні шымбайыма бататын.
Президент республикалық орташа жалақыдан төмен еңбекақы алатын техникалық қызметкерлеріміз, лаборанттарымыз, тіпті қарауылдарымызға дейінгі санаттағы топтың да мүддесіне сай келетін бастамаларды көтерді. Егер табыс салығы төмендетілсе, олардың жалақылары жоғарылап, табысы сәл де болса көбейер еді.
Мені Елбасының жоғары білім алуға бөлінетін гранттар саны көбейтіліп, сапасына мән берілетіні тұрғысындағы бастамасы шын қуантты. Бұл бастама алғыр, үздік оқушылардың сыртқа кетуіне тоқтау болары сөзсіз. Президенттің төртінші бастамасы да білім саласына тікелей байланысты. Қолына дипломын алған түлегіміз шағын несие де алып өз кәсібін бастап жатса, армандарының орындалуына бір табан жақындай түсер еді.
Депутат ретінде елімізді газдандырудың кешенді бағдарламасын да қос қолдап қолдаймын. Әсіресе ауыл жастары туған жерінде түтін түтетіп, алысқа арман қуып кетпеуші еді.
Сайып келгенде, әлеуметтік мемлекетті қалыптастыру елдің ынтымағына, тұрақтылығы мен Қазақстанның тұтастай дамуына оң ықпал етеріне сенемін.
Марат ЖҰРҚАБАЕВ,
Қостанай қалалық мәслихатының депутаты