Елбасы биылғы Жолдауында еліміздің алдында тұрған технологиялық, экономикалық, әлеуметтік салалардағы қарқынды өзгерістердің келелі міндеттерін нақты белгілеп берді.
Бастан өткеріп отырған бүгінгідей жаһандану дәуірінде жетістік жолдарын табу, яғни дамудың жаңа сапасына көтерілу оңай емес. Әлемдік дағдарыстар мен ықтимал сын-қатерлерді еңсерудің басты кілті, бірден-бір кепілі – төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізу қажеттігін Мемлекет басшысы атап көрсетіп, жұртшылық назарын негізгі он қағидатқа аударды.
Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында ұзақ мерзімді мақсаттарымыз жүзеге асып, таңдау бағытымыз барынша тұрлаулы сипатқа ие. Бәріміз де ертеңіміздің бүгінгіден жарқын болуын қалаймыз. Мақсатымыз айқын. Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу – асыл мұратымыз. Оған жетуге Қазақстанда барлық алғышарттар қалыптасқан. Тарихи құжат биік белестерге жетелеп, тың серпілістерге құлшындырады. Бұл орайда адами капиталды жаңғыртудың, жақсартудың маңызы өте зор. Білімді де сауатты ұрпақ өсіру, тәрбиелеу басым бағыттардың бірі болып қала береді. Халықаралық стандарттарға негізделген білім беру бағдарламалары дербес озық жүйемізді құруды жеделдете түсері анық. Оның өмірдегі нақты қолданыстарын өңірде жұмыс істейтін Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесінен айқын аңғаруға болады. Оның қатарына қазақ-түрік, «ЛОРД» лицейлерін, Ә. Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатты қосар едік. Бұл білім ошақтарының қай-қайсысын алсақ та жаңартылған мазмұндағы әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылады. Десек те, білім беру саласында толғақты мәселелер аз емес. Ол көбіне оқыту сапасына, кадрлардың біліктілігіне келіп тіреледі. Бұдан былай жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру үлгісі енгізілетін болады. Мұның тиімді жақтары көп. Ең бастысы, бәсекелестік қарым артып, түпкі нәтиже нақты айқындалады.
Халық қалаулысы ретінде тұрғындар арасында жиі болып тұрамын. Осындай кездесулерде ата-аналар тарапынан оқушылар жүктемесінің шамадан тыс көптігі жиі айтылатын. Талдау көрсеткендей, Қазақстанда бұл көрсеткіш ТМД елдері арасында ең жоғары екен. Мұндай жағдай ойландырмай қоймайды. Енді оны төмендету жолдары қарастырылып, мәселе шешімін табатын болады. Білім берудің деңгейін санмен емес, сапамен өлшейтін мезгіл жетті. Бұл орайда педагогтарды оқытудың және олардың біліктілігін арттырудың маңызы айрықша. Кәсіби шеберлігі жоғары ұстаз жас буынды ғылыми-зерттеу саласына да, өндірістік-технологиялық ортаға да тез бейімдей алады. Алдағы уақытта мектеп басшылары осы жағын басты назарда ұстағандары абзал. Кез келген елдің болашағы білімі мен ғылымының даму деңгейімен тығыз сабақтас. Білім беру жүйесіндегі түбегейлі жаңғырту міндеттерін талаптағыдай жүзеге асыруды сапалы оқулықтардан, заманауи мектептерден бөле-жара қарауға болмайды. Халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары қажетті функциялық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытары анық.
Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жастарымыздың жан-жақты ізденістері көңілге үміт сәулесін себеді. Заманауи техникаларды игерсем деген талаптары күшті. Жаңалықтарға бейім. Білсем, үйренсем деген қызығушылығы зор. Қызылжар өңірінде де үш, төрт тілді еркін меңгерген жастар қатары қалың. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру оқушылар үшін соншалықты қиындық тудырмайды. Жолдауда жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты ретінде білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керектігіне де көңіл аударылды. Цифрлы білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерді бейнеқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру шетін мәселелердің бірі. Әсіресе шалғай ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, жас мамандарды орнықтыру, әлеуметтік жағдай жасау жергілікті билік орындарының басты ұстанымы болуы тиіс. Ірі орталықтардың «ақылды» қалаға айналып, балаларға арналған технопарктердің дамуы сүйсіндірсе, ауылдық мектептер түбегейлі қамқорлықты қажет етеді. Ғаламтор жүйесін еркін пайдалана алмайтындары, дипломды мамандар барудан қашқақтайтыны жасырын емес. Елді мекендердің инфрақұрылымын дамытсақ, бұл мәселелердің шешім табары сөзсіз. Өйткені адами капиталдың сапасын жақсарту оны әлеуметтік жағынан толыққанды қамтамасыз етуге тікелей қатысты.
Жолдау талаптарын орындау – барша қазақстандықтардың абзал борышы.
Жанар ТАЛАСПАЕВА,
қалалық мәслихат депутаты,
«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі
Солтүстік Қазақстан облысы