Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы Президент Н.Назарбаев ұсынған, нақты міндеттер белгіленген ауқымды әлеуметтік бағдарламаны құрайтын бес бастаманы толық қолдайды.
Мемлекет басшысы «Бұл – біздің қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жігерімізді жанып, нақты іске кірісетін сәт. Біз оны ауқымды әлеуметтік жобалар арқылы жүзеге асырамыз», – дей келе әлеуметтік өркендеудің бағыт-бағдарын ұсынды. Бастаманың әрбір бағыты жалпы бұқараның, оның ішінде жастардың мүддесіне сай келетін мәселелерді қамтыған.
Осы арада «7 – 20 – 25» әлеуметтік ипотекалық бастамасын ерекше атап өткім келеді. Аталған бағдарлама 25 жыл мерзімге 7 пайыздық өсіммен берілетін қолжетімді ипотека арқылы баспана алуға негізделген. Бұл – жұмыс істейтін жастарға үлкен көмек. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысына серпін беріп, жаңадан жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Біз кәсіпкер әйелдердің мүддесін қорғайтын ұйымның өкілі ретінде мыңдаған адамның, оның ішінде ауылдықтардың өз ісін ашуына себепші болып келген шағын несие көлемінің көбейтілуіне де ризалық білдіреміз.
Сондай-ақ жоғары білімнің сапасын арттыруға, студент жастардың тұрмысын түзеуге ерекше көңіл бөлінгендігі де қуантты.
Енді таяу болашақта Елбасы бастамаларының тиімділігін, ұтымдылығын Қазақстанның әрбір азаматы сезініп және барша халықтың әл-ауқаты артқанына куә боламыз деп ойлаймын.
Раушан СӘРСЕМБАЕВА,
Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының президенті,
Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі