Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында халықаралық заманауи музыка фестивалі болып өтті. Бұл фестиваль әзірге Қазақстандағы заманауи музыканың бірден-бір мәртебелі мерекесі болып табылады.
Алматыға еуропалық тыңдармандар арасында аты кеңінен танымал Сальваторе Шаррино және Тосио Хосокава, белгілі қазақстандық композитор Ақтоты Райымқұлова және Санжар Бәйтерековтер мейман ретінде шақырылған фестивальдің дәрежесі ең озық, соны бағыттағы музыканың орындалуымен айқындалды. Консерваторияның залдары мен оқу аудиторияларында қазіргі заманның жетекші музыканттары, музыкатанушылар мен ән-күй білгірлері XXI ғасырдағы музыка тілінде пікірталас жүргізіп, музыка әлемінің ең басты мәліметтерімен, жаңалықтарымен таныстырып, оның ең өзекті бағыттарын айқындап көрсету үшін жиналды. Жалпы мақсаты – жаңа академиялық музыканы дамыту, шығармашылық байланысты жандандыру, өнерді ой мен өмірдің құралы ретінде жетілдіре түсу, қазіргі заманғы музыкалық шығармаларды насихаттайтын бастамаларға қатысу.
Фестивальдің концерттік бағдарламасы кең ауқымда жоспарланды. Оның аясында 12 қазақстандық және 4 шетелдік премьера, сондай-ақ дәрістер, тұсаукесерлер, шақырылған қонақтар мен қазақстандық музыканттардың шеберлік сағаттары өткізілді. Мәселен, Тристан Мюрай өз дәрісінде «Дыбыстан музыкалық композицияға» қалай өту керектігін айтса, Клаус Лэнг тыңдаушыларына «Махаббат және нота» тақырыбын ұсынды.
Заманауи музыка бағыттарын қадағалап, бұл өнерді жаңаша жетілдіру жолында ізденіп жүрген аты әлемге әйгілі композиторлар Тристан Мюрай (Франция) және Клаус Ланг (Австрия), флейташы Марио Кароли (Италия), скрипкашы Владислав Песин (Ресей), «Nikel» (Израиль), дирижер Федор Леднев (Ресей), «Игеру» (Қазақстан) және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі төрт күн бойы қатысушылардың қабілетін саралап, көрермендер алдында өздері де өнер көрсетті.
Заманауи музыка фестивалі Алматыда ғана өткізіледі. Фестивальдің нақты нәтижесі ретінде өздерін танытудың бірегей жолын іздеуден жалықпайтын музыканттар санының артуын, қазіргі заман музыкасы орындалатын концерттерден жаңа идеялар тапқысы келетін тыңдаушылар қатарының толыға түскенін атауға болады. Ендігі жерде заманауи музыка фестивалін ұлттық деңгейдегі мәдени іс-шараға айналдыру көзделіп отыр.
Айгүл Аханбайқызы,
«Егемен Қазақстан»
Алматы