Естеріңізде болса, егемендіктің елең-алаңында жұлдыз жорамал жарияламайтын газет-журнал жоқтың қасы еді. Бұл үрдіс әлі де бар. Астрология біздің өмірімізге дендеп енгені соншалықты, қазір көпшілігіміз өзіміздің «балықтар», «торпақ» немесе «арыстан» екенімізге және шоқжұлдызымыздың тағдырымызға әсер ететініне әбден сенеміз.
Адамзат баласының астрологиялық болжамдарға иек артуы қай замандардан бастау алған өзі? Мәселен, Екатерина Медичи барлық кезде өз астрологі Нострадамуспен ақылдасып отырғанын, XVІ Людовиктің де жұлдыз санаушысы болғаны аян. Айтқандай, Людовиктің жұлдыз жорамалшысы оған 21 қаңтарда сақ болу керектігін ескерткенімен, король бұл кеңеске аса құлақ қоймайды. Ақиқатында, дәл осы күні король жазаланған. Тізе берсең тарихта мұндай мысалдар жеткілікті. Есесіне жорамалшылардың жаңсақ болжамдары одан да көп.
Ең ежелгі гороскопқа друидтердің жұлдыз жорамалдарын жатқызуға болады. Одан да бөлек зороастриялық, қытай, жапон гороскоптары бар. Ал жапон жұлдыз жорамалы 12 жылдық емес, 13 жылдық циклға ие. Қыш кесенелерге жазылған Вавилон жұлдыз жорамалдарының 2,5 мың жылдық тарихы бар. Грек жұлдызнамалары біздің дәуірімізге дейінгі 62 жылы жазылған немесе пайда болған. Осылардың ішіндегі ең әйгілісі зодиактық гороскоп. «Зодиак» – латын сөзі, біз ойлағандай «жануарлар шеңбері» емес, «өмір шеңбері» деген мағынаны білдіреді.
Осы арада XVІ ғасырға дейін астрономия мен астрология тығыз қарым-қатынаста болып келгенін айта кетелік. Уақыт өте келе астрологиялық болжау кестелері жеке адамдарға ғана емес, түгел бір ұлтқа, ұйымдар мен тіпті үй жануарларына дейін жасалына бастаған.
Қысқасы, астрология мен астрономияның жолдары қай жерде айырылысқанын анықтамас бұрын, мына бір мәселеге назар аударып көрейікші. Мәселен, бір перзентханада бір мезетте қаншама сәби дүние есігін ашады. Бірақ сол сәбилердің бәрінің тағдыры бірдей болатынына кім кепілдік береді?
Мына бір қызықты қараңыз, осыдан дәл жиырма жыл бұрын, 1987 жылы француз астрономы Поль Коудерк бір газетке барлық тілек білдірушілерге тегін жұлдыз жорамал жасап беруге жарнама береді. Сонымен ол барлық респонденттерге бірдей жалған болжамдар жолдайды. Және әрбір жұлдыз жорамалға мынадай тектес сөздер қосады: «Сіздің ішкі жан дүниеңізде шиеленіс бар», «Кейде сіз адамдарды қапаландырасыз», «Өміріңізде көптеген шешілмеген мәселелер бар» және т.т. Нәтижесінде олар бұл гороскоптардың өздерінің болмыстарына дөп келгенін мойындаған. Таң қаларлық түгі жоқ. Пенделердің бәрінің басында шешілмеген мәселесі, бітпеген ісі болады. Ал енді сіз ақылдысыз, қайырымдысыз деген жалпылама жағымды сөзден кім бас тартсын!
Тағы бір мысал, америкалық психолог 1999 жылы бір басылымға анкета сұрақтарын жариялайды да, қайтарымына ол осы сауалдарға түгел жауап бергендерге егжей-тегжейлі тегін гороскоп жіберуге уәде етеді. Бұл тәжірибеге 150-дей адам қайырылып, барлық адамға берілген уәде орындалып, бірақ бәріне бірдей жұлдыз жорамал жіберіледі. Бұл сынаққа қатысқан адамдардың 94 пайызы өздерінің дәл осы гороскоптағыдай дұрыс суреттелгенін мәлімдеген.
Ең қызығы, бұл сәуегейлікті 27 адамның жанын жаһанамға жіберген қылмыскер Марсель Петойт деген қанішер жасаған. Ол өзінің құрбандарын үйіне алдап шақырып, тонап, сосын өлтіріп, сөндірілмеген әкпен ерітіп жіберіп отырған. Айыпталушы сотта 27 емес, шындығында 63 адам өлтірдім деп, міз бақпай, миығынан күліп тұрған… Міне, жұлдыз жорамалдар қалай «дәл» болжанады!..
Бір жағынан, жұлдыз жорамалдарды психологиялық терапия деп те айтуға болады. Психологтер астрологиялық болжамдарға, көріпкел-балгерлерге көбінесе өзіне өзі сенбейтіндер иек артатынын алға тартады.
Мәселен, жұлдыз жорамалдан «Бүгін Бикештердің жолы болады. Іздеген адамыңызға жолығасыз» немесе «Торпақтар тиімді қаржылық келісімшартқа қол жеткізуі мүмкін» немесе «Тоқтыларды қызмет бабында жаңа баспалдақтар күтіп тұр» деген болжамдарды жиі оқимыз. Осы күні немесе айтылған аптада бүкіл Суқұйғыш біткеннің лауазымы өсіп, сүйіктісімен ренжісіп болмаса, Мергендердің бәрі бір мезетте іздеген махаббатына жолығып жатыр ма?
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»