Елімізде Үкімет тарапынан «үшінші сектордың» бастамаларын қолдауға айтарлықтай назар аударылып келеді. Азаматтық қоғамның мүшелері саналатын үкіметтік емес ұйымдар биыл да мемлекеттік гранттарға қатысып, бақтарын сынап, біліктіліктерін арттыруға ниетті.
Ұсынылған жобаларға қоғам қайраткерлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құрылған арнайы комиссия баға беріп, жылдың грант иелерін анықтайды. Өткен жылы грантты жобаларды жүзеге асыруға 618,5 млн теңге бөлініп, 57 жоба оң нәтиже көрсеткен. Соның ішінде 39 әлеуметтік қызметтер құрылып, ақпарат, білім, кеңес беру және әлеуметтік қызметтер көрсету жанданған. Бұған қоса, 35 зерттеу, 400-ге жуық оқыту шаралары жүргізіліп, бұл бастамаларға 39 ұлттық және 7 халықаралық сарапшылар тартылған.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі биыл 956 млн теңгеге 11 бағыт бойынша 87 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Оған қатысуға 202 үкіметтік емес ұйымнан 352 өтініш келіп түскен. Соның ішінде 251-і қабылданып, қалған 176,5 млн теңге көлеміндегі 23 грант бойынша байқаудың қорытындысы таяуда анықталмақ.
Мемлекеттік грантқа ұсынылған жобалардың ішінде жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша шаралар кешенін өткізу, жас жазушы-ақындардың және журналистердің шығармашылық әлеуетін дамыту, кәмлетке толмаған балалармен жұмыс бойынша әлеуметтік қызмет құру, ауылды аймақтардағы тұрғындардың қажеттіліктері мен мұқтаждықтарын анықтау сынды мәселелер назарда болмақ.
Бізде үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен мемлекеттік гранттар республика деңгейінде жүргізіліп келеді. Оған арнайы құрылған комиссия бекітілген шарттар бойынша талдау жасап, шешім шығарады. Тапсырыстар мен гранттарға ұсынылған жобалардың баға жүйесі бірдей. Айырмашылығы сол, мұнда гранттық жобаларды жеңіп алған ұйымдар түйткілді мәселелерді шешудің нақты жолдарын қарастыруы тиіс. Сондай-ақ гранттық жобаны жүзеге асырумен қатар, бөлінген қаражаттың 10 пайызын ұйымның дамуына жұмсауға мүмкіндік туып отыр. «Биыл 15 тақырып бойынша 50-ге жуық жобаны қарадым. Сапа жағынан айтарлықтай ілгерілеушілік бар», деді Парламент Мәжілісінің депутаты, комиссия төрағасы Серік Тұрарұлы.
Еркежан АЙТҚАЗЫ, «Егемен Қазақстан»