• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Сәуір, 2018

Рафхат Халелов – Ақжайықтың жылнамасын жинаған фотограф

1135 рет
көрсетілді

Орал қаласында тұратын фотограф Рафхат Халеловті Батыс Қазақстан облысының сыртында да біраз жұрт жақсы біледі. Табиғатынан ақ көңіл, ақ жүрек суретші осы мінезімен талай танымал тұлғаның жақын досына айналып, қайталанбас мезеттерін тарихта қал­дырған.

 

Қаратөбенің қияндағы Қал­ды­ғайты ауылында туып-өс­кен Рафхат фото әлемімен алғаш 11 жасында танысыпты. 4 сыныптың оқушысы әкесі сатып алып берген «Смена-8» фотоаппаратын қолына алып, әлемді объектив ішінен көруді дағдыға айналдырғалы бері қайталанбас қанша сәт таспаға таңбаланды десеңізші. Бүгінде уақыт мүжіп, тамтығы ғана қалған ХІХ ғасыр ескерткіші – Жұмыр-Сасық мазарының отыз жыл бұрынғы оңдылау көрінісін хаттап қалған да – Рафхат. 

Рафхаттың өз өнеріне адал­ды­ғы керемет. Әу бастан-ақ ол фотосуретшілікті кәсіп емес, өнер деп қабылдаған сияқты. Әйтпесе өтпелі кезеңнің сынағы талай жанды тентіретіп жібергені, өнер бір жақта, өмір бір жақта қалғаны рас қой. Рафхат болса «Сменасын» әскерде де қолынан тастамапты. Сәтті кадрінің сипаттамасын екі-үш ауыз сөзбен қағазға түсіріп беретін қабілеті редакциялардың да көңілінен шықты. Сөй­тіп әуелі түсірген суреті топқа кір­ген Рафхат көп кешікпей өзі де Орал­ға келіп, үлкен ортаға араласты.

Расы керек, ХХ ғасырдың соңғы жыл­дары Оралда кәсі­би фото­гра­фтар­дың дені өзге ұлт өкілдері еді. Фо­то­графия – ақсүйек өнер саналатын. Қандас фотосуретшілер көбіне той-томалақтың айналасында жүретін. Осы кезде Оралдың фотоэлитасына ауылдан келген ақжүрек Рафхат қо­сылды. Сол бір өзін-өзі дәлелдеу, сы­нақ жылдары жолын ашқан, көмек көр­сеткен, қолдау білдірген жандарды кей­­іпкеріміз әлі күнге аузынан тас­та­май­ды. – Ең алғаш қымбат баға­лы кәсіпқой фото­аспапты Алма­тыда «Арыс» қо­ры­­ның пре­зиденті, белгілі ғалым Ға­ри­фолла Әнес сыйға тарт­қан­да төбем көкке бір елі жетпей қалды! – дейді ол. Ал 2000 жылы Рафхат Хале­лов­тің «Жаңа ғасыр – жаңа дәуір» фото­көр­ме­сіне келген сол кездегі облыс бас­шы­­сы Қырымбек Көшербаев керемет су­реттердің көнетоз, әртүрлі рама-жақ­тауда тұрғанын көріп, жергілікті де­пу­тат­тар мен кәсіпкерлерге: «Рафхатқа кө­­мек­тессеңдер қайтеді?!» депті. Әкім­нің осынау бір ауыз сөзі әжептәуір қолдау болған.

Рафхат Халелов күнделікті саяси-мәдени өмірдің сорпа­сында қайнап жүрсе де мәң­гілік өнер миссиясын ұмытпайды. Өмірдің өлмес сәттерінен тұра­тын фотосуреттерден жиі-жиі көрме жасайды. Рафхаттың фотокөрмелері бұған дейін Орал қаласында бірнеше мәр­те ұйымдастырылса, одан бөлек Қазақстан, Қытай, Ресей қалаларында 15 мәрте жеке көрмесі өтіпті. Қазақ­стан­ның халық ақыны Қадыр Мырза Әліге арналған жеке көрмесін де Астана, Алматы, Орал қалаларында қызыға тамашалаушы көп болды.

Міне, Рафхаттың «Ұлы даладан ес­кен самал жел» атты жаңа бір көш­пе­­лі көрмесі оралдықтардың көзай­ы­мы­на айналып үлгерді. Орал қалалық көр­ме үйіндегі 70 сурет кейін қала мек­теп­терін аралап кетпек. Сынаптай сыр­ғып өтіп жатқан өмірдің әр сәтінің құнын ұқтыратын құнды жұмыстардың авторы фотоаппаратын сыртылдатып, арамызда жүр. Аман болсын, асыл азамат!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

ОРАЛ