• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
06 Сәуір, 2018

«Егемен академиясында» Асқар Омаров шеберлік сыныбын өткізді

327 рет
көрсетілді

Еліміздің бас басылымы жанынан ашылған жас журналистерге арналған «Егемен академиясының» кезекті дәрісі «Сапалы ақпарат өндірісі. Трендтер мен міндеттер» тақырыбына арналды.

Дәріске Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің 40-қа жуық студенті қатысты. Әлеуметтік желі қолданушылары да сабақты онлайн көруге мүмкіндік алды.

Дәрісті «Қазақпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі  бас директоры Асқар Омаров жүргізді. Кездесу барысында бүгінгі журналистиканың жай-күйі, ақпарат тарату туралы мәселелер сөз болды.

«Қазіргі кезде ақпарат саласы өзгеріп барады. Қазір әлеуметтік желі қолданушылары да ақпарат таратушы, ньюсмакер бола алады. Біріншіден, соның әсерінен жалған ақпарат саны да арта түсті. Екіншіден, қоғамға тағы бір қауіпті жағдай туды, мен мұны «хайпократия» деп атаймын. Мысалы бір шешімге кедергі жасаймын десең, біреуге троллинг шабуыл ұйымдастырсаңыз жетіп жатыр. Хайп басталса, осының арқасында біраз шешім қабылдауға болады. Мысалы жақында Алматыдағы ресторанда болған жағдай да осы «хайптың» бір көрінісі.  Бұл қоғамға өте қауіпті жағдай. Себебі осының көлеңкесінде біршама былықты ұйымдастыруға болады. Сондықтан қазір қазақ журналистикасының дәрежесі өте маңызды. Жақында Францияда жалған ақпаратқа қарсы заң қаралды. Сондықтан осы олқылықты болдырмау үшін қазіргі журналист ньюсмакер ғана емес, трендсеттер болуы керек» деді.

Сондай-ақ, Асқар Омаров «Қазақпарат» ХАА агенттігінің жұмысы, жедел әрі сенімді ақпарат тарату туралы ақпаратпен бөлісті.

Сонымен қатар, жас журналистер әлеуметтік желі және жалған ақпарат, журналистика төңірегінде сұрақтар қойып, өз пікірлерін ортаға салды.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ