• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 06 Сәуір, 2018

Балалар әдебиетінің жүйріктері

449 рет
көрсетілді

Линдгрен сыйлығы

Астрид Линдгреннің құрметіне тағайындалған сый­лықтың биылғы лауреаты америкалық жазушы – Жаклин Вудсон. Отыздан астам кітап авторының шы­ғармалары негізінен жасөспірімдер мен бала­лар­ға арналған. Оның атақты шығармаларының бірі – «Қараторы қыздың арманы».

Қазылар алқасы: «Жаклиннің кейіпкерлері өмір­ден өз орындарын табу үшін күреседі. Автор күн­делікті өмірдегі қайғы мен үміттің арасынан ға­­жайып поэтикалық нотаны таба білген» деп ба­ға­лапты.

Линдгрен сыйлығы – балаларға арналған шығар­ма­лар бәйгелерінің ішіндегі ең ірісі. 2002 жылы балалар жазушысы Астрид Линдгрен қайтыс болғаннан кейін Швеция үкіметі тағайындаған. Жүлдесі – 5 миллион швед кроны (500 мың еуродан астам). Биыл бұл бәйгеге 60 елден 235 үміткер қатысқан.

Андерсен сыйлығы

«Publishers Weekly» басылымының хабарлауынша, Болондағы балаларға арналған кітаптар жәрмеңкесінде Ганс Христиан Андерсен атындағы сыйлық өз иелерін тапты. Балалар әдебиетінің Нобелі саналатын бұл сыйлықтың биылғы жүлдегерлері – жапон жазушысы Эйко Кадоно мен үздік суретші-иллюстратор ресейлік Игорь Олейников. 

Эйко Кадононың атақты шығармасы – «Кикидің жеткізу қызметі» 1985 жылы Жапонияда жарық көріп, 2003 жылы АҚШ-та «Annick Press» бас­па­сынан басылып шыққан болатын. Корико деген қалада тұратын мыстан қыздың тағдырын су­рет­тейтін бұл кітап желісімен кейін әлемге әй­гілі жапон ре­жиссері Хаяо Миядзаки циклді ани­ма­циялық фи­льм түсірген. «Автордың шы­ғар­ма­ла­рында сөзбен жеткізе алмайтын тартымдылық, мұң, импульс бар... Кадоно үнемі саяхаттап жү­ре­тініне қарамастан, оның өмірі Жапонияға мәңгі бай­ланған. Сол арқылы ондағы адамдардың әртүрлі тағ­дырын бізге жеткізе біледі» делінген қазылар ал­қасынының шешімінде.

Игорь Олейников классикалық ертегілер мен тарихи оқиғаларға иллюстарция жасаудан бұрын Мәскеудегі «Союзмультфильм» сту­дия­сын­да аниматор ретінде өз кәсібін бастаған. Олей­ни­ковтің шығармашылығы туралы: «Бұл иллюстра­тор қағазға жан бітіргенде, әріптестерінің өзі таң­ға­ла­тын­дай шебер. Ол ғажайып кейіпкерлерді салды. Сонымен қатар оның шығармашылығының өне бойында орыс көркемөнер мектебінің стилі мен сезімі бар», деген қазылар алқасы. 

Сыйлық қыркүйек айында Афина қаласында өтетін Балаларға арналған кітаптардың Халық­ара­лық кеңесінің 36-шы Конгресінде табысталады.