• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Медицина 06 Сәуір, 2018

Құлаққапты дұрыс пайдалана білеміз бе?

1721 рет
көрсетілді

«Адамның сезу мүшелерінің ішіндегі ең сезімталы – құлақ. Алайда адам қартайған сайын оның барлық мүшелерінің қызметтері бәсеңдейді. Қазіргі кезде жастар өздерін өздері ерте қартайтып бара жатқан сияқты», деді Д.Қалматаев атындағы Семей мемлекеттік медицина колледжінің оқытушысы, дәрігер Айгүл Шакетова. Ұстаздың айтуынша, ұялы телефонға жиі үңіліп, көзіміздің көруін нашарлатамыз, ал құлаққапты үнемі тыңдап, құлақтың есту қабілетін бұзамыз.

 – Музыка тыңдаған дұрыс-ақ, бірақ құлаққаппен емес, радиодан, магнитофоннан да тыңдаса болады, жастарымыз осыны ескерсе екен, – дейді Айгүл Шакетқызы, – құлаққап бізге ыңғайлы, жақсы болып көрінгенімен, уақыт өте келе оның қандай ауруларға шалдық­тыратынын ескере бермейміз. Бар қателігіміз осында. Адам құлаққапты пайдаланғанда біртіндеп кереңдік ауруына тап болады. Тап болып қал­май, сонымен қатар өзіне артық радиотолқын мен шектен тыс биоток қабылдайды. Бұл ағзада әртүрлі аурулар туғызады. Зерттеу барысында құлаққапты ұзақ уақыт, мәселен 3 сағаттан артық тыңдағанда адамның бас миының тамырлары тарылып, оттегі жеткіліксіздігінен бас ауруы пайда болатындығы анықталды. Мұны мен дәрігер маман ретінде ескертемін. Сонымен қатар ашушаң­дық, үрейлену, яғни стресс дамиды. Ең қауіптісі, құлаққаптың құрамында магнитті дыбыс тарататын құрылғы орналасқандықтан, бұл құрылғының электр энергиясын көп қажет ете­тіндігі бар. Көпшілік құлаққап пай­даланушылардың телефон қуаты тез әлсіреп қалатыны да осы себептен. Құлаққаптың бірден әсер ететін мү­шесі – құлақ. Ең бірінші көрінетін, бел­гі беретін ауру – кереңдік. Адам құ­лағы естімегендіктен ақпараттарды дұрыс қабылдай алмайды. Уақыт өте келе, жасы 45-тен асқаннан кейін естуі тіпті қиынға соғуы мүмкін.

Құлаққап арқылы әртүрлі микро­ағзалар құлаққа таралуы мүмкін екен. Айгүл Шакетованың сөзінше, бұл құлақтың отит ауруын туғызады. Осының алдын алу үшін құлаққапты тыңдар алдында 70 пайыздық спиртпен өңдеп, тазартып отырған жөн. Ғалымдардың зерттеу нәтижесі бойынша, қазіргі кезде ең көп микроағзалар болатын заттар – ұялы телефон, құлаққап, ақша. Сондықтан құлаққапты пайдалануды бірте-бірте қысқарту керек. Күніне 1 са­ғат­тан артық тыңдауға болмайды. Осы уақыттың ішінде адам ра­диотолқынды қабылдайтындығын ұмыт­пау керек.

Ұстаз-дәрігер Айгүл Шакетованың кезекті бір сабағы осы құлаққаптың пай­дасы мен зиянына арналды. Са­баққа 3-курстың «Мейіргер ісі» ма­мандығының студенттері қаты­сып, мұғалімдерінің бастамасымен зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мәселен, студенттердің зерттеуінше құлаққапты жол үстінде немесе суық болған кезде тыңдаудан аулақ болған жөн. Бұл сіздің құлағыңызға зиян, тіпті өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін. Құлаққапта музыка ойнап, біраз жұмысыңыздың жеңіл бітуіне септігін тигізуі мүмкін, алайда зиян­сыз құлаққап болмайды десті студент­тер қауымы. Құлаққапты тек керек кезінде ғана қолданған жөн. Мысалы, ұялы телефонмен екінші бір адаммен сөйлескенде, сенсорлы телефоннан бөлінетін радиотолқынды азайту үшін құлаққапты қолдануға болады. Оның өзінде де арнайы бір орында тұрып, сөйлескен жөн екен. Жолда жүріп сөйлесуге, сабақ кезінде сөйлесуге әрине болмайды. Ең бастысы құлаққаппен кішкентай сәбилерге тыңдауға берудің қажеті жоқ. 

Раушан НҰҒМАНБЕК,  журналист 

Семей

Суретті түсірген автор