Кеше Астанада Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының хатшылары Владислав Косарев пен Жамбыл Ахметбеков журналистерге баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз мәслихатын өткізудегі мақсатымыз мынау – біздің сайлауалды тұғырнамамыздың алғашқы нұсқасы партия съезі бекітпей жатып-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында жария етіліпті. Әрине, мұны біз жаман деп отырғанымыз жоқ. Себебі, кейбір азаматтар тұғырнамамен танысқан да болар. Алайда, бұл сайлауалды бағдарлама басылымдарда басылып, әр жерде, кейбір партия арасында талқыға түсіп жатқанға ұқсайды. Біз мұндай әңгімелерді тізгіндегіміз келеді. Себебі, мұндай әрекеттерді Орталық сайлау комиссиясы, я болмаса билік үгіт-насихат жұмысы деп бағалауы мүмкін. Осы орайда мынаны мәлімдейміз: біз сайлауалды тұғырнамамыз бен бағдарламамызды әдейі таратқан жоқпыз. Бұл тұғырнаманы біздің партия атынан депутаттыққа түсетін кандидаттар үшін үгіт-насихат жұмыстары басталған кезде ғана тарататын боламыз, деді В. Косарев.
Біз қазіргі қоғамның түйткілді сауалдарына қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын ескере отырып жауап іздеуге ұмтылдық. Бірақ, басқа азаматтар да, саяси партиялар да сайлаушылардың ұсыныстарын ескере отырып, өздерінің сайлауалды тұғырнамасында біз көтеріп отырған мәселелерге ұқсас идеяларды алға тартқан. Мәселен, әлеуметтік салаға қатысты. Сондықтан, саяси партиялар өзара келісіп, өздерінің саяси ұстанымдарын айқындап алуы керек. Әркім өз алаңын айқындап, сол жерде жұмыс істеуі тиіс. Мәселен, біз әлеуметтік сала бойынша жұмыс атқарып келеміз. Болашақта да осы алаңда жұмыс атқарғымыз келеді, сол себепті өзгелердің біздің алаңға бас сұғып, біздің мәселелерімізге араласуларын қаламаймыз. Бұл ретте, қандай да бір партияның атын атап, түсін түстегенді жөн көрмейміз. Біз тек ескертеміз, деді В.Косарев.
Ал ҚКХП хатшысы Жамбыл Ахметбеков біздің Коммунистік халықтық партия өзінің тұғырнамасында ең алдымен әлеуметтік мәселелерді назарда ұстағысы келеді. Бұл ретте, өзге партиялар да өздерінің бұрыннан келе жатқан идеяларында тұрып, өзгенің алаңына ауыспаса екен дейміз. Себебі, әлеуметтік мәселелерді шешу – олардың түпкілікті көздеген мақсаты емес. Бұл – тек сайлау алдындағы ұпай жинаудың бір көрінісі, деді.
Журналистердің: «Сіздердің партияларыңыз алдағы Парламент Мәжілісі сайлауында қанша дауысқа ие болады деп ойлайсыздар?» деген сауалына В.Косарев: «Егер ондай мүмкіндік болса, өзім де біреуден сұрап алар едім. Бірақ, бұрынғы сайлаулармен салыстырғанда жоғары дауыс жинаймыз ғой деп ойлаймыз. Біздің көздеген мақсатымыз да осы. Партиядан сайлауға ұсынылған 23 азаматтың әрқайсысы депутаттыққа лайық. Арасында 3 ғылым докторы, 6 жұмысшы, 6 әйел азаматша, 4 кәсіпкер бар. Съезде олардың кандидатураларын ешбір кедергісіз бекіттік», деп жауап берді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.