Британиялық беделді орган UK NARIC (National Recognition Information Centre) – Ұлыбританияның білім куәлігін тану жөніндегі ұлттық ақпарат орталығы Назарбаев зияткерлік мектептерінің NIS-Programme оқу бағдарламасын халықаралық General Certificate of Education A-Level (GCE A-Level) деңгейімен тең деп мойындады.
GCE A-Level бағдарламасы әлемнің барлық үздік университеттерінде мойындалған. Бұл бағдарлама бойынша білім алған түлектерге қосымша емтихан тапсыру немесе университетке дайындайтын Foundation курсын оқу міндеттелмейді.
NIS-Programme барлық аспектілерін, бағалау жүйесін жан-жақты зерделеп, зияткерлік мектептерді аралап, Назарбаев зияткерлік мектептерінің 12 сыныпты тәмамдау туралы аттестаты Ұлыбританияның GCE A-Level деңгейімен сәйкес келеді деп ұйғардық, деді UK NARIC сарапшылары. Бұған дейін де зияткерлік мектептердің оқу бағдарламасы қазақстандық жоғары оқу орындары тарапынан мойындалған. Айта кетерлігі, мектеп түлектері еліміздегі бірқатар ЖОО-да, атап айтсақ, Қазақстан-Британия техникалық университетіне (ҚБТҰ), КИМЭП университетіне, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне (ҚазҰТУ), Алматы менеджмент университетіне (AlmaU), Алматы энергетика және байланыс университеті (АЭБУ), Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті (АӨМУ), Халық шаруашылығы университетіне («Бизнесті әкімшілендіру бакалаврі» мамандығына), Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне («Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығына) екінші курсқа қабылдана алады. Сонымен қатар Foundation курсынан өтпей-ақ Назарбаев Университетінің бакалавриаты атануға мүмкіндік бар.
Еркежан АЙТҚАЗЫ, «Егемен Қазақстан»