• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Сәуір, 2018

Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс индустриясы жанданып келеді

423 рет
көрсетілді

«Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы қабылданғалы өңірде құрылыс индустриясының кең қанат жая бастағанын байқау қиын емес. Былтыр бұл салаға 64,5 миллиард теңге жұмсалып, 200,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 1463 отбасы жайлы пәтерлерге қоныстанды. Биыл 69,5 миллиард теңге бөлініп, 229 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында тұр­ғын үй нарығын дамытудың кешен­­ді шаралары белгіленгені мәлім. Ғи­мар­аттар­дың сапасына, экология­лық тазалығына және энергия­лық тиім­ді­лігіне жоғары талаптар қойылды. Бас­панамен қамту елімізде ең өзекті әлеу­меттік мәселелердің бірі саналады. Облыста 20 мыңға жуық адамның пәтерге мұқтаж екенін ескерсек, мемлекет тапсырмаларын ойдағыдай орындау басым бағыттардың бірі болып қала берері анық. Бұл орайда «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламаларының шарапатын көрушілер аз емес. Аталмыш жобалар аясында былтыр 1463 пәтерлі 19 тұр­ғын үй бой көтерді. 7 несиелік үй­дің құ­рылысы аяқталып, 974 пәтер қол­да­нысқа беріледі. Бұл мақсат үшін 8,1 миллиард теңге қарастырылған.

Жыл соңына дейін 15 көп қабатты тұрғын үйдің, 211 жеке баспананың салы­натынына, 1,5 мыңнан астам адам­ның қоныс тойын атап өтетініне қара­ғанда жергілікті билік алдында ау­қымды міндеттер тұрғанын аңға­ру­ға болады. Бағдарламаның бас­ты бағыт­тарының бірі әлеуметтік жа­ғы­нан әлжуаз топтарға сатып алу құ­қ­ы­ғынсыз жалдық тұрғын үйлер қорын құру болып табылады. Былтыр бұл санаттағыларға арнап 400 пәтер тұр­ғызылса, биыл 200 пәтер беріледі. Об­лыс орталығында үй кезегінде тұ­рған­дар­ды жалдық баспанамен қамтамасыз ету мақсатымен «КИК» АҚ арқылы 116 пәтердің кілті тапсырылды. 96 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Соңғы кездері үй құрылыстарында ДСК сияқты озық инновациялық технологиялар қолданылып, тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл әдіспен былтыр 3 ірі панельді тұрғын үй іске қосылса, биыл 4 көп пәтерлі тұрғын үй бой көтереді. 7 үйдің жобасы жасалып қойды. Қала құрылысы кеңесінің отырысында облыс басшысы Құмар Ақсақалов қала әкіміне жеке баспана салу жұмыстарын кеңінен өрістетуді тапсырды. Осы мәселеге орай шаһар басшысы Марат Тасмағанбетовпен тілдескенімізде өткен жылы қаржыландырудың бар­лық көздері арқылы 136 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, оның 83,3 мың шаршы метрі жергілікті атқарушы орган есебінен тұрғызылғанын жеткізді. «Нұрлы жол» бағдарламасының қанат­қақты жобасы «Солнечный» кентінде қолға алынған. 70,61 мың шаршы метр болатын 72 жекеменшік үй «Қазақ­станның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тан несие ресімдеу шең­берінде салынады. Одан кейін 139 жеке үй тұрғызылады. Жобалық ұсынымда 2094 жер теліміне бірыңғай сәулет­керлік үлгідегі үйлердің құрылысын жүргізу белгіленген. 4,1 миллиард теңгеге магистралдық-инженерлік желілер тартылған. Екінші ірі жоба Жұмысшы кентін, «Береке» шағын ауданын қамтиды. Тұтастай алғанда, құрылыс саласына 7,9 миллиард тең­ге бағытталып, бой көтеретін 1149 пә­тер­лі 12 көп қабатты тұрғын үй қала ажа­рын аша түсетін болады. Ал «Жас өркен» шағын ауданында 16 қабатты 192 пәтерлі үй, 9 қабатты тұрғын үйде 312 пәтер мен 24 орынға шақталған шағын орталық, 332 және 144 пәтерлі 9 қабатты тұрғын үй, сондай-ақ прокуратураның ғимараты мен 500 орындық театр, оқушылар сарайы, теннис корты, 252 пәтерлі 9 қабатты тұрғын үй мен 18 қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. 

Қазақстанда баспанамен қамту көр­сетк­іші соңғы он жылда бір тұр­ғын­ға шаққанда 30 пайызға өсіп, бүгін­де 21,6 пайызды құрайды. Елбасы 2030 жылға таман 30 шаршы метрге жет­кізу талабын қойды. Бұл – орын­дала­тын меже. Біз өз ісімізде заманауи тәсіл­дер­ді қолданудамыз деді бізге бер­ген сұх­батында облыстық мәсли­хат­­тың депутаты, «Основание» ЖШС-нің дирек­торы Сергей Тимофеев. Оның ойынша, құрылыс саласында қол­­бай­­лау тұстар да аз емес. Мем­ле­кет-жеке­меншік әріптестігі аясын­да бел­сен­ді қимыл бәсең. 3D жобалау бағдарла­масын кірістіру маңызды. Жергілікті құм, қиыршық тас алыс жерлерден әкелі­нетіндіктен тасымал бағасы қым­бат, сапасы да көңіл көншіте бермейді. Баспаналар қолжетімді бол­сын десек, құрылысқа қажетті сапалы қазбаларды іздестіруге геологтерді жұмылдыру керек дейді тәжірибелі құрылысшы өз ойларымен бөлісіп. «Гиперкирпич» серіктестігінің жетекшісі Александр Ещанов «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» тұрғын үй құрылысына зор серпін беретінін айта келіп, құрылыс нысандарында 90 пайызға дейін отандық өнімдер қолданылуы тиіс деген ұстанымды қолдайтынын білдірді. «Стройкомпания» ЖШС-нің басшысы Айдар Атажанов сазды-керамикалық кірпішті жергілікті жерде өндіру қа­жет­тілігін алға тартты. 

2012 жылдан бері облыс орталы­ғында бар болғаны бір мың ғана пәтер пайдалануға берілсе, биылғы көр­сет­кіштің осынша мөлшерге жетуі құ­рылыс индустриясының қарқынды дамып келе жатқанын аңғартса керек. 

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы