Жыл басынан бері бірқатар елде – Ресейде, Египетте, Арменияда президенттік сайлау өтті. Енді сәрсенбінің сәті, 11 сәуір күні Әзербайжанда кезектен тыс президенттік сайлау өткелі отыр. Бұл жолғы сайлаудың ең басты ерекшелігі – президент бұрынғыдай бес жыл мерзімге емес, жеті жыл мерзімге сайланады. Өйткені 2016 жылдың күзінде өткізілген ел конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты жалпыхалықтық референдумда әзербайжандықтар сайланатын президенттің өкілеттік мерзімін жеті жылға ұзартуды қолдап, дауыс берді.
Әзербайжан президентінің президенттік сайлауды осы жылдың 11 сәуіріне тағайындау туралы өкімі 5 ақпан күні шыққанынан көпшілік хабардар. Мемлекет басшысының бұл өкімі әзербайжандық қоғамды, әсіресе билікке оппозициялық бағыттағы саяси партиялар мен белгілі бір саяси күштерді таңғалдырғаны шындық. Себебі кезекті президенттік сайлау биылғы жылдың күзінде өтуі тиіс еді. Саяси науқанды жарты жылдай бұрын өткізуге қатысты сарапшылар мен саясаткерлер тарапынан түрлі пікірлер айтылды.
Әсілі сайлауларда әртүрлі сыни пікірлердің айтылатыны, саяси күштер тарапынан билікке қарсы «науқанның» ұйымдастырылатыны әлемдік тәжірибеде бар. Бұл да – демократияның бір көрінісі. Өйткені кез келген сайлау демократиялық және саяси бәсекелестік жағдайда өткені жөн... Ал кезектен тыс сайлауға байланысты туындаған ой-пікір алуандығын Әзербайжан президентінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Әли Гасановтың мәлімдемесі сәл бәсеңдеткендей болды.
Оның атап өтуінше, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу елде саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ биылғы жылдың екінші жартысында Әзербайжанда жоғары деңгейдегі бірқатар халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Соның ең бастысы – Әзербайжан демократиялық республикасының құрылғанының 100 жылдығы. Аталған ауқымды мереке де жиын-терім аяқталатын кез – күз маусымына белгіленген.
Президенттікке кандидаттардың сайлауалды кампаниясы саяси науқанды 19 наурызда бастады. Ол елдің сайлау туралы заңнамасына сәйкес 10 сәуір күні сағат 08.00-де аяқталады. Осы мерзім аралығында елдің Орталық сайлау комиссиясы тіркеген кандидаттар сайлау науқанын барынша ашық жүргізді деуге болады. Қандайда бір кандидатқа артықшылық берілген жоқ. Ал кандидаттар қатарында билік партиясы – «Ени Азербайджан» партиясы ұсынған елдің қазіргі президенті Ильхам Әлиев, өзін-өзі ұсынушы Захида Оруджа, Социал-демократиялық партиясының өкілі Араз Ализаде, Біртұтас халық майданы партиясынан Гудрат Гасангулиев, «Ұлттық өрлеу қозғалысы» партиясынан ұсынылған Фарад Гулиев, «Жаңа Мусават» партиясынан Хафиз Гуджиев, Ұлттық майдан топтарының өкілі Рази Нуруллаев бар.
Аты-жөндері аталған осы кандидаттардың ішінде сайлаушылардың басым дауысына Ильхам Әлиев ие болатынын әзербайжандық сарапшылар да, шетелдік саясаткерлер де ашық айтып отыр. Сарапшылардың болжамынша, ол сайлаудың бірінші турында-ақ жеңіске жетеді, жергілікті кандидаттардың ешқайсысы И.Әлиевпен бәсекелесе алмайды. Еуропалық әлеуметтанушылардың пікіріне қарағанда, қазіргі биліктің саясатын ел халқының 83 пайыздан астамы қолдайды. Мұның ең басты себебі соңғы жылдары Әзербайжанның кезінде мойындарына түскен экономикалық дағдарыстан шыға бастағанында жатыр. Бұған сондай-ақ мұнай бағасының біршама өсе түскені оң ықпал еткенін ешкім жоққа шығармайды. Рас, Әзербайжан экономикасы мұнай мен табиғи газға тәуелді. Екінші жағынан, әзербайжандықтар «Бритиш петролеум» компаниясымен мұнай сатуға қатысты 2050 жылға дейін жаңа келісім жасауға қол жеткізді. Бұдан екі жақ та ұтылмайды.
Кейбір сарапшылар президенттік сайлаудан кейін И.Әлиев елде түрлі салалар бойынша реформа жасауға мүмкіндігі жеткілікті екенін айтады. Бұл көптен бері күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі болса керек. Реформаларды жүзеге асыруға бағытталған жобаларды іске асыруға шетелдің компаниялары да тартылатын сияқты. Әзербайжандық бауырлар Қазақстан секілді мұнай мен табиғи газға өте бай ел. Оларды өндіріп, экспорттаудан қомақты табыс тауып та келеді. Мысалы бұл мемлекет өткен жылдың тоғыз айында 40 миллион тонна мұнай, 29,5 миллиард текше метр газ өндіріпті. Сондай-ақ олар ОПЕК және ОПЕК-ке мүше емес елдер алдында берген міндеттерін мүлтіксіз орындап жүрген санаулы елдердің бірі саналады. Сонымен қатар бұл мемлекет биылғы жылдың соңына дейін аса ірі қоры бар «Шахдениз» газ конденсаты кенішін игеруді қолға алмақ.
И.Әлиев туралы айтқанда, мына мәселеге де тоқтала кеткенді жөн санадық. Жалпы Әлиевтер әулетінің Әзербайжанда билік құрғанына жарты ғасырға жуықтапты. Мысалы қазақ халқының ең жақын досы Гейдар Әлиев 1969-1982 жылдары Әзербайжан КП ОК-нің бірінші хатшысы болды, 1993-2003 жылдары елдің президенті қызметін атқарды. Содан кейін билік оның ұлы Ильхам Әлиевтің қолына тиді. Ал И.Әлиев алғаш рет президенттік лауазымға 2003 жылы, одан кейін 2008 жылы, бұдан соң 2013 жылы қайта сайланды. Сарапшылар ол бұл жолы да сайлаушылардың басым дауысын алады деген болжам жасап отыр.
Осыдан төрт-бес күн бұрын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан тарапынан Әзербайжандағы президенттік сайлауға қанша байқаушы баратынын хабарлады. Олардың жалпы саны – 49 адам. Оның 35-і ТМД байқаушылар миссиясынан, 10-ы ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқығы бюросы құрамында байқаушы ретінде қатысады.
Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, дауыс беретін күні республика бойынша 5641 сайлау учаскесі қызмет көрсетеді. Сондай-ақ 54 мемлекет пен 52 халықаралық ұйымдардан барлығы 603 байқаушы тіркеліп отыр. Тағы бір атап өтетін мәселе, дауыс беретін күн – 11 сәуір, демалыс күні деп жарияланды.
Жыл өткен сайын Қазақстан мен Әзербайжанның саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығы артып келеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевпен кездесуінде атап өткендей, ынтымақтастықтың маңызды аспектілерінің бірі – транзиттік әлеует. Өйткені Әзербайжан аумағы арқылы өтетін кавказдық бағыт Қазақстанның Еуропа елдеріне шығуына мүмкіндік береді. Ал Қазақстан Әзербайжанның Орталық Азия мен Қытайға шығуына жол ашады. Оның үстіне бүгінде Бакуде жылына 350 мың тоннаға дейін ауыстырып тиеу қуаты бар және бір мезгілде 15 мың тонна астық сақтай алатын «Баку астық терминалы» бірлескен кәсіпорны жұмыс істеуде. Екі елдің бұдан өзге де бірлескен кәсіпорындары баршылық.
Елдер арасындағы осы және басқа да байланыстардың негізі Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің әр жылдардағы достық пен сыйластыққа толы кездесулерінде жатыр.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»