• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2011

Тарихи күн

472 рет
көрсетілді

«Егеменді Қазақстанның» 1991 жылғы 3-12 желтоқсан аралығындағы нөмірлерінен топтама.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның халық сайлаған президенті

Бүкіл халық оны ақ киізге көтеріп, Ақ Ордаға отырғызды

«Егемен Қазақстанның» 1991 жылғы 3 желтоқсан­да­ғы нөмірі осындай тақырыппен ашылған. Бұл нө­мірде «Белді будық! Тәуе­кел дедік!» деген тақырыппен Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың өзін Қазақстан халқы   Президент сайлағаннан кейін өткізген алғашқы баспасөз конференциясынан репортаж және «Президентті осылай сайладық» деген тақырыппен Қазақстан­ның облыстары мен қалаларында сайлаудың қалай өт­кендігі жөнінде газеттің меншікті тілшілерінің хабар­лары берілген. Президенттің алғашқы баспасөз конференциясы Алматыдағы достық үйінде ұйымдастырылған екен. «Осы жерде талай жылы-жүзді кездесу өтсе де, бүгінгінің жөні бөлек. Қазақ баспасөзі, Қазақстан журналистері, одақтық баспасөздің Қазақстанда тіркелген өкілдері және шетел тілшілері бұл жолы Нұрсұлтан Әбішұлына сұрақ беруші ретінде емес, тілеуқор ретінде де келді десек, өтірік айтпаспыз. Өйткені, Орталық сайлау комис­сиясы­ның төрағасы Қапер Бөкенов: «Дауыс беруге республикадағы барлық сайлаушылардың 88,24 проценті қатысты, дауыс бер­ген­дердің 98,76 проценті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын жақтады» деп мәлімдегенде, қол соқпаған журналист жоқ. Өзінің ақылды саясатымен терең ойларымен және жеті өлшеп, бір кесілген шешімдерімен үлкен беделге ие болған Қазақстан Президенті – журналистердің де қуана жо­лы­ғатын адамы. Вице-президент болып Е.М.Асанбаев сайланды, оның кандидатурасын Мемлекет басшы­сы­ның өзі ұсынған болатын» деп басталыпты тарихи сәттен сыр шерткен бұл репортаж. Халық сайлаған Президент өз сөзінде қазақ халқы­на, Қазақ­стан халқына, өзіне тілектес болған барлық адам­дарға, егеменді мемлекеттердің бақылау­шы­ла­ры­на, журналистер қауымына рақмет айтыпты. Сайлау қорытындысы өзіне жауапкершілік жүк­тейті­нін, тұрғындардың 99 проценттен астамы дауыс берген Теміртау, Ленинск сияқты жайшылықта кез келген адамға дауыс бере қоймайтын күрделі қалалардың сенімін ризалықпен атап өткен. Өзінің енді нарық қаты­нас­тарына көшуге, экономикадағы жағдайды жөндеуге белсене кірісетінін мәлімдепті. «Егеменді Қазақстан» газетінің тілшісі: «Халқыңыз Сізді ақ киіз­ге көтеріп, Ақ Ордаға қайтадан отырғызды. Сізге ақ жол тілейміз. Бірінші жарлықты неден бас­тай­сыз? Одан кейін Орта Азия мен Қазақстан айма­ғы­ның бірлігі үшін біраз әрекет жа­са­дыңыз. Осы тір­ші­ліктің жалғасы қалай болады?» деп сұрақ қойыпты. Бұл сұраққа Президент: «Сайлаудың соңын күтпей-ақ бірнеше Жарлықтар әзірлегенмін. Солар жарық кө­реді. Ең алдымен, бюджеттен жалақы алатын халықтың жағдайын ойлаймын. Солардың жалақысын арттыру жөнінде жарлық беріледі. Өйткені, кәсіпорындар еркін жалақыға көшкен   жағдайда бюджеттік мекемелерде қызмет істейтін қазақстандықтар нарық қыс­пағанда қалып қоймауы керек. Орта Азия республи­калары­мен кездесулер болып жатыр. Соңғысы Ташкентте өтті. Түбі бір халықтармен байланыс нығаяды. Сондай-ақ мұсылман әлемімен байланыс жақсарады. Мені Араб елдері лигасына шақырып отыр» деп жауап беріпті.