• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Сәуір, 2018

Мәдениет үйіне есімі берілсе

919 рет
көрсетілді

Жақында Күршім аудандық Мәдениет үйіне жаңа есім беру мәселесінің қарас­ты­рылып жатқанын естідік. Естідік те қолымызға қалам алып, осы хатты жазуды жөн деп ұйғардық.

Бүгін біз осы ауданның мәдениеті мен өнеріне айрықша еңбек сіңірген бір азамат жайында айтқымыз келеді. Күршім ауданының мәдениет саласына 20 жылға жуық уақыт жетекшілік еткен Қабдолла Тұраров есімін жерлестері әркез құрметпен еске алады. Өнерді жан-тәнімен сүйген азамат аудандық мә­дениет бөлімін басқарған жылдары ұлт­тық құндылықтарымыз – күй, ән, би, айтыс, терме өнері құлашын кеңге жайды. Көптеген талантты жастар­ды тәрбиелеп, талаптарын ұштап, олар­дың үлкен сахнаға шығуына жағдай жаса­ды. Аудандағы үш бірдей өнер ұжы­­мы­ның халықтық театр атағын алаты­ны да, Қаратоғай ауылында 250 орындық Мәдениет үйінің салынатыны да, оның жанынан қазақ оркестрінің құрылатыны да, Күршім ауылында тарихи-өлкетану музейі мен облыстағы алғашқы ақындар мектебінің ашылатыны да осы кез. Қ.Тұраров аудандық мәдениет бөлімін басқарған жылдары Күр­шім өнерпаздары облыста үнемі алдың­ғы саптан көрініп жүрді. Мәдениет ошақ­тарының материалдық базасы жақсарып, әрбір ауылда жа­ңа клубтар ашыл­ды. Ауданның кі­тап­ханасы 10 жыл бойы облыста бі­рін­ші орында болды. Кітап­хананы орта­лық­тан­дыру жұмысы өңірде тұңғыш рет Күршімде жүргізілді. Аудандағы талай өнер­паздардың баспанамен қамтылуына да көмектесті. Ол кісі Күршімді былай қойып, Тарбағатай, Зайсан, Катон­қа­рағай мен бұрынғы Үлкен Нарын аудандарын жалықпай аралап, сондағы ақын, әнші, термешілерді тауып, ел алдына шығарды. 1986 жылы ауданда «Терме» атты үгіт-насихат бри­гадасын құрып, оған бірқатар әнші-жыр­шыларды, термешілер мен би­ші­лер­ді топтастырды. Өңірдің аудандарын аралап, ақындар айтысын өткізіп, үздік­терін республикалық айтыстарға қатыстырды. Абаш Кәкенов, Хасен Зәкәрия, Кенжебай Қайырбаев сынды шәкірттерін бүгінде бүкіл ел таниды десек, артық айтпаған болармыз. Қабекең та­лант­ты жастарды тауып қана қойған жоқ, жолдама беріп, оқуға жіберді. Олар­дың арасынан кейіннен облысқа, рес­пуб­ликаға танылған Талғат Кәрменов, Жо­март Әміренов, Сарыбай Нұрғалиев, Есен Мәженов, Сандуғаш Тоқтарова, Тойжамал Тасжанова, Қаракөз Болатова, Зейнұр Солтанғұлов, Тоқтаубек Әлдиев, Қызымбек Әбдірахманов, Серікхан Ахметов, Қанипа Ахметова, Еркін Қыдыр­ханов секілді әншілер мен музыка ше­берлері шықты.

Қабдолла Тұраров өнерпаздарды демеп, қолдаумен қатар өзінің шығар­ма­шылығын шыңдауға да уақыт тапты. Әуезді әндер шығарды. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің ұйғаруымен Алматыға барып, әйгілі мәдениет қай­рат­керлері Құдыс Қожамияров пен Бо­рис Ерзаковичтің алдында өз өнерін көр­сетті. Бірқатар әндері «Жастық шақ әуен­дері» атты республикалық жинаққа енгі­зілді.

Сан жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Шығыс Қазақстан облысының мәдениеті мен өнерін дамытудағы елеу­лі еңбегі жоғары бағаланды. Өмірден өткен­нен кей­ін Күршім ауданының Құр­мет­ті аза­маты атағына ұсынылып, Күр­шім ауылындағы бір көшеге есімі бе­р­ілді.

Сөз соңында өнер қайраткері, ақын-сазг­ер Қабдолла Тұраров  ұрпақ жа­дында мәңгі қалуы үшін Күршім ауылындағы Мәдениет үйіне есімі бе­ріл­­се деген тілегімізді жеткізгіміз ке­ле­ді. Біздің бұл ұсынысымызды аудан тұр­­ғындары да қолдайтынына кәміл се­неміз.

Сайлаухан АУХАДИЕВ, Өскемен қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы,

Жаңабай ӘШІМОВ, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы,

Зәмза ҚЫРЫҚБАЕВ, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерінің иегері,

Аман СОЛТАНҒАЛИЕВ, Өскемен қаласы Жібек маталар шағын ауданы ақсақалдар алқасының төрағасы

Хатқа барлығы 36 адам қол қойған