• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Сәуір, 2018

Шығыс Қазақстанда қанша кітапхана оңтайландырылады?

2121 рет
көрсетілді

Әбден үрейленіп, жауыр аттай жасқанып, көлеңкесінен қорқып қалған халықпыз ғой. Әлеуметтік желіден «Шығыста 245 кітапхана жабылуы мүмкін» деген жазбаны оқығанда жағамызды ұстамасақ та «бұл қалай?» деп аң-таң күйге түскеніміз рас. 

«Үміттен үрей басым болып тұр. Бұл жолғы үрейдің тетігі «Ру­ха­ни жаңғыру» аясында руха­ни бұ­лақ көзі болып отырған киелі шаңырақ – кітапханалар жабылады деген болжам. Егер кездесуде көтерілген мәселе шындыққа айналар болса, әр ауылдағы руханият ошағының оты сөнбек. Мәселенің мән-жайы туралы: «Парламент Мәжілісінің депу­тат­тары М.Магеррамов пен Н.Ми­каелян және Өскемен қа­ла­сы әкімінің орынбасары О.Бу­­лав­кина мәдениет қыз­мет­­кер­ле­рімен кездесті. Таяу ара­да об­лыс ауылдарындағы 245 ауыл­дық кітапхана жабы­ла­ды деп күтілуде», деп жазды об­лыс­тық Пушкин кітап­ха­на­сы­ның сай­ты», деп жазыпты өзінің фейс­бук әлеуметтік желісіндегі па­­рақ­шасында Қызырбек Дүр­гін­байұлы.

Мән-жайды білейік, істің анық-қанығына көз жет­кі­зейік деп Өскемендегі А.Пуш­кин атындағы облыстық кітап­ха­на­ның директоры Хабиба Ақжі­гі­- т­оваға телефон шалдық. Иә, мұн­дай әңгіменің болғаны рас екен. Әңгіме қайдан шыққан дей­сіз ғой. Ұлттық экономика ми­ни­стрлігінен. «Ұлттық экономи­ка министрлігінің руханиятқа, мә­де­ниетке не қатысы бар?» дер­сіз бәлкім. Біз де жауабы жоқ бұл сауалды іштей өзімізге қо- й­ып көрдік. Хош. Негізгі әңгі­ме­ге оралайық. «Министрлік Шы­ғыс Қазақстан мен Батыс Қазақстанда экс­перимент ретін­де аудандық кітап­хана­лар­ды облыс­тық кітап­ханаға филиал қылып қосып, ауылдағы кітап­ханаларды мек­теп­­ке берсе қайтеді?» деген ұсы­­ныс айтып­ты. «Біз жаппаймыз, қо­самыз» депті. Кітапхана са­ла­­сында жүргеннен кейін жақ­сы білеміз ғой. Мектептің кі­тап­­ханасы негізінен оқушылар мен мұғалімдерге арналған. Кө­бі­не оқулықтармен жұмыс іс­тей­ді. Халыққа қызмет көр­се­те ала ма, алмай ма? Бұл – бір. Екін­шіден, олардың өз нор­ма­тивтік стандарттары бар. Кі­тап­ханашыларды бала­лар­­дың санына байланысты ұстай­ды. Қазіргі кезде аудандық кі­тап­ханалардың барлығы ком­му­нал­дық мемлекеттік кәсіп­орын сана­лады. Егер олар облыстық кіт­ап­ханаға филиал болса, бас­шыларының жалақысы азаяды. Бү­гінде өңірдің қала мен ау­дан­дарында 19 кітапхана жұ­мыс істейді. Демек 19 бухгалтер қыс­қарады. Ал облыстың ауыл­да­рында 245 кітапхана мен 287 кі­тапханашы бар. Кітап­ха­на­шы­лардың 150-і ғана толық став­кад­а, қалғандары 0,5, 0,25 ставкамен жұмыс істеп жүр. Ауылды жер­лердегі кітапханалар онсыз да қалт-құлт етіп отыр. Ауыл кітапханаларын мектепке қос­қан­нан гөрі, керісінше қазіргі қызмет аясын кеңітіп, барынша қолдау көрсетуіміз керек», деген кітапхана басшысы бұл іс­ті қолға алуға әлі ерте еке­нін, аудан-ауылдарда қажетті ин­фра­құрылым жоқтығын, жоға­ры жылдамдықтағы интернет көптеген ауылдарға әлі күнге дей­ін толық жетпей отырғанын ал­ға тартты.

Шет мемлекеттерде кітап­ха­налар тек кітап оқитын ғана емес, үл­кен-кішінің компьютерлік сауатын ашатын, сабақтан кей­ін балаларға қосымша білім беретін орталыққа айналған. Мәселен, Өскемендегі Пушкин атындағы кітапханада газет-кітап оқуды былай қойғанда, шет тілдерін тегін үйренуге, тіпті оқу арасында дене шынықтырып, жаттығу жасауға да мүмкіндік бар. Облыс орталығындағы О.Бөкей атындағы кітапханада да оқырмандарға барлық жағдай жа­салған. «Біз өзге елдегі кітап­ха­налардың іс-тәжірибесін үнем­і назарға алып отырамыз. Барлық мем­лекеттерде кітапхана ісіне ар­налған арнайы заң бар. Мұндай заң бізге де керек. Мәселен, шет­елдің кітапхана ісі туралы за­ңы­нда егер кітапхананы жабу ке­рек болса, әуелі сол жердегі тұрғындардың пікірін білуі, еск­е­руі керектігі қарастырылған. Осы мәселені Парламент Мә­жі­­­лісінің депутаттарымен кез­де­­­суде де көтердік», дейді Х.Ақжігітова.

«Кемедегінің жаны бір» де­мек­ші, қазір Өскемендегі Орал­хан Бөкей атындағы орта­лық­тан­дырылған қалалық кітапхана ұжымынан да маза қашқан. «Не болар екенбіз?» деп әрі-сәрі күй кешіп жүр бәрі. Әрине уайымдайтындай жөні де бар. Бүгінде бұл кітапханада 14 бөлімін қос­қанда 110 адам еңбек етеді. Атал­ған кітапхана директоры Жа­нар Кенжебекова егер филиал­дар оңтайландырылар болса, қан­шама адам жұмыссыз қала ма деп те уайымдайды. «300 мыңға жуық тұрғыны бар Өскеменнің әр шағын ауданында шағын кітапханаларымыз бар. Қалаға жақын Меновное мен Шығыс ауыл­дарында кітапханаларымыз жұмыс істейді. Ол жерлерде отыздан астам клубтар мен шығармашылық бірлестіктеріміз бар. Халық бос уақыттарын сонда өткізеді. Балалармен де, үл­­кен кісілермен де жұмыс іс­тей­міз. Мына хабарды естіп, кө­ңіл күйіміздің түсіп кеткені рас. Мәдениетке, руханиятқа осын­дай көзқараспен қарап отыр­ға­нына жүрегіміз ауырып отыр», дейді ол.

Әрине «жел соқпаса шөптің ба­сы қимылдамайтыны» белгілі. «Жер астынан жік шықты, екі құ­лағы тік шықты» дегендей, аяқ астынан дүңк еткен бұл ха­бар өңірдің зиялы қауым өкіл­­дерін де алаңдатып отыр. «Тәу­ел­сіздік алған алғашқы жыл­да­ры еліміздің экономика­сы құ­лдырап тұрған кезде кітап­ха­­налардың бәрі жабылып еді. Жағ­дай жақсарғаннан кейін барлық аудандардағы, барлық ауыл­дардағы кітапханалар қай­тадан ашылып еді. Ел қуанып еді. Не нәрсенің жабылып барып қай­тадан ашылғаны жағдайдың жақсарғанын білдірмей ме? Ал енді қазіргі жағдайда ауылда кітапханадан басқа қандай ақпараттық орталық бар? Көп ауыл­дарда интернет те жоқ. Ауылдағы газет-журналдарды оқи­тын, интернетке кіретін, ақ­парат алатын жалғыз орын – осы кітапхана. Кітапхана қыз­мет­керлері Елбасымыздың, мем­лекетіміздің саясатын жүргізіп, на­сихаттап отыр деуге болады. Егер ауылдағы кітапхананы мектепке қосса, ауылдың адамдары балалармен жағаласып ақпарат ала алмайды. Ауылдың адамдарын ешқандай ақпаратсыз, ақпарат көзінсіз қалдырамыз. Ке­рісінше ауылда қосымша мә­де­ни, танымдық нысандарды ашу керек. Қазақтың тамыры ауыл­да жатқандығын ұғуымыз керек. Ауыл халқының қала халқымен бірдей ақпарат алуға құқы бар. Олардың құқына еш­уақытта нұқсан келмеуге тиіс. Ауыл­ды қалаға жақындатамыз д­е­­ген үлкен, кешенді жоспарлар бар секілді еді. Соның керісінше бол­­ғанына таңғалып отырған жай­­ым бар», дейді қоғам қай­рат­кері, ұзақ жылдар облыстың мәдениет саласында басшылық қызметтер атқарған Түсіпхан Түсіпбеков.

­Әрине кітапханашылардың алаң­даушылығы орынды. Де­сек те бұл мәселеге әлі нүкте қой­­ыл­мағанын ескеру ләзім. М­ұ­ны бізге Ұлттық экономика ми­нистрлігінің бейнережімде өткі­зген мәслихатына қатысқан об­лыстық Мәдениет, архивтер жә­не құжаттама басқармасы бас­шы­сының орынбасары Раушан Нұрмұханова айтты. «Наурыз айында министрлікте осындай жиын болғаны рас. Олар кітапханаларды жабу мәселесін қойып отырған жоқ, еліміздегі кітапханалардың құрылымын өз­герту мәселесін қарастырып жа­тыр. Қазір бұл мәселе барлық об­лыстарда талқыланып жатыр. Ми­нистрлік бізге: «Осы мәселені зерт­теп, зерделеп, өз ұсы­ныс­тарыңды беріңдер, ойлар­ыңды айтыңдар» деді. Дегенмен көп­шілік бұл ұсынысқа қарсы болып жатыр. Алдағы уақытта осы сала мамандарының пікір-ұсы­ныстарын министрлікке жет­кізетін боламыз», дейді бас­қарма басшысының орынба­са­ры.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы