• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2011

Міндет абыроймен орындалды

272 рет
көрсетілді

Отырыста қаралған мә­селе­лер­дің өте маңызды әрі күрделі болғандығын оны тал­қылауға белгіленген уа­қыт­тан әлдеқайда асып кет­кендігінен-ақ анық аң­ғаруға болады. Отырысқа кіріп-шығуға құқықты диплома­тия­лық миссия қызмет­кер­лері пікір алы­сулардың ба­рынша қызу әрі тар­тысты бо­лып жатқандығын ай­тып отырды. Бірақ қаралған мә­селе біреу-ақ еді. Ол ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірі – Сирияда болып жатқан оқиғаларға байланысты Ұй­ым­ның біртұтас шешім қа­былдауына арналған оты­рыс-тын. ИЫҰ-ға дейін бұл мәселе бойынша пікір білдірген Араб мемлекеттерінің лигасы Сирия басшылығын айыптап, оның елдегі саяси ереуілшілерге қарсы қол­да­нып отырған сая­са­тын сы­на­ған болатын. ИЫҰ-ның белді мүшелерінің бірі – Түр­кияның Премьер-министрі Р.Ер­доған да Сирия бас­шы­лығының саясатын айып­та­ған еді. Ал аймақтағы тағы бір белді ойын­шылардың бірі – Иран Ислам Республикасы басшылығы Си­рия­дағы оқиғалар сыртқы күш­тердің арандатушы әрекеттерінің салқыны екендігін алға тартып, үкімет әрекеттерін біршама ақ­таған. Осындай ке­реғар ұста­ным­дар болғандықтан да талқылауға ұсынылған мәселе ұзақ уақыт талқыланды. Отырыс аяқталған соң ИЫҰ-ға төрағалық етуші елдің өкілі ретінде отырысқа төрағалық еткен Ержан Қазыханов пен ИЫҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсан­оғлу журналистерге арнап бас­па­сөз мәслихатын өткізді. Көте­рілген мәселе бойынша айтылған сұрақтар да барынша көп әрі әрқилы болды. Е.Қазыханов мә­селені барынша сарабдалдықпен талдап, оның қалың көпшілік білуге тиісті жақтарын жұқалап айтып берді. Бүгінгі мәселе ба­рынша маңызды әрі күрделі екендігі шындық, деді ол осы орайда. Өйткені, біз Ұйымның бір мү­шесінде қалыптасқан ішкі күр­делі проблемаларды талқылауға жиналдық. Қазір бұл мәселе халықаралық деңгейде де қызу талқылануда. Әлемдік БАҚ-тар да бұл мәселеге қатты назар ауда­рып отыр. Араб мемлекеттерінің лигасы да мәселені өз тарапынан талқылап, оның реттелуіне әре­кет жасаған болды, дей келіп, әрі қарай министр өз отырыстарына тоқталды. Бүгінгі отырысқа ИЫҰ мү­шелерінің 32-сінен өкілдер қа­тысты. Соның ішінде 11 елден сыртқы істер министрлері келді. Біздің арамызда Сирия мәселе­сінің барлық қырын қамтыған терең пікір алысулар болды. Отырысқа Сирияның сыртқы істер министрі де қатысып, Дамас­кінің ресми ұстанымын жеткізгені біздің жиынның маңызды­лы­ғын арттыра түсті. Отырыс қо­рытындысы бойынша коммюнике қабылданды. Бұл құжатты ИЫҰ-ның Тұрақты мүшесі болып та­былатын 7 мемлекеттің өкілдері қабылдады. Біздің пікірімізше, қорытынды құжат бүгінгі пікірта­лас­тардың жалпы барысын ай­ғақтайды, деді ол. Құжат елдің ішінде күш қол­дануды шұғыл тоқтату, барынша кеңейтілген ұлтаралық үнқа­ты­суды бастау, жағ­дайды оңтай­ландыруға бағытталған үл­кен көлемдегі реформалар жүргізу сияқты үш негізгі мәселені қам­тыған, деп жалғады сөзін министр.  Сонымен бірге, ИЫҰ мүшелері Сирияның аумақ­тық тұтастығы, тәуелсіздігі мен егемен­дігінің сақталуын жақтап, сыртқы интервенция мен шетелдік күштердің ішкі істерге ара­ласуына қарсы екендіктерін ай­рықша атап өтті. Сөзінің соңында Е.Қазыханов оты­рыс­тың барын­ша күрделі болған­дығын тағы да атап көрсете келіп, соның өзінде біз ортақ шешімге қол жеткізе алдық. Енді қабылданған коммюникеге тиісті баяндама дай­ын­далатын болады. Жалпы алғанда, Қазақстан осы отырыста алға қойған мақсатына жетті, деді. Сапар барысында Қазақстан Сырт­қы істер министрі Сауд Арабиясы, Иран, Түркия, Сирия сыртқы істер министрлерімен кездесулер өткізіп, екі­жақты және аймақтық проблемаларды тал­қы­лады. Сонымен бірге, ИЫҰ Бас хатшысы Э.Ихсаноғлумен де ресми кез­десіп, Ұйымның ағымдағы және перс­пективадағы мәсе­ле­лерін талқылады. Жақсыбай САМРАТ.