• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2011

Сайлаушылар тізімі

1175 рет
көрсетілді

Конституция мен сайлау туралы заңнамаға сәйкес, Қа­зақстан Рес­пуб­ликасының жасы он сегiзге тол­ған азаматтары, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысуға құқылы. Әрбір сайлаушы осы құқығын іске асыра алуы үшін әкімдіктер сайлаушылар тізімін жасайды. Бұл ретте әкімдіктердің лауазымды адамдары олардың дұрыстығы үшін жауапты болады. Сайлау тағайындалған сәттен бастап азаматтар тұрғылықты жері бойынша әкімдікке барып, сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады. Азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркелуін нақтылайтын құжат азаматтарды тіркеу кітабы (бұрын ол «үй кітабы» деп аталатын) болып табылады. Егер сайлаушыға сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкiндiгi болмайтыны белгiлi болса, оның өзiнiң болатын жерi бойынша жергіліктi атқарушы органға өзiн тиiстi сайлаушылар тiзiмiне енгiзу жөнiнде жазбаша өтiнiш беруге құқығы бар. Жатақханаларда тұратын күндiзгi бөлiмдерде оқитын студенттер мен аспиранттар сайлаушылар тiзiмiне жатақ­ха­наның орналасқан жерi бойынша енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiндегi сайлаушы әскери қызмет­шi­лер­дiң, сондай-ақ әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұ­ратын олардың отбасы мүшелерi мен басқа сай­лау­шы­лар­дың тiзiмi әскер бөлiмдерiнiң командирлерi берген мәлi­меттер негiзiнде жа­салады. Егер сайлаушы уақытша болу орындарында, мысалы: демалыс үйлерiнде, санаторийлерде немесе вахталық жұмыста болса, онда сайлаушылардың тiзiмдерi сол мекемелердiң басшылары берген деректер негiзiнде жасалады. Бұл тізімдер дауыс беруге бір күн қалғанда міндетті түрде нақтылануға тиіс. Шет мемлекеттерге жеке шақырулар бойынша, қыз­мет­тік, іскерлік және туристік сапармен келген Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматтары учаскелік сайлау комиссиясына өтініш жасаған жағдайда және олардың Қазақстан Рес­пуб­ликасы азаматының жарамды паспорты болса, шет мем­ле­кеттердегi сайлау учаскелерінде сайлаушылар тізіміне енгізіледі. 2011 жылғы 30 желтоқсаннан бастап әрбір сайлаушы сайлау учаскелерінде сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректерді тексере алады. Сайлаушының аты-жөні тізімде болмай шықса немесе ол туралы деректерде жаңсақтықтардың бар екені анықталса, сайлаушы тиісті құжаттардың негізінде өзін тізімге енгізуді немесе қажетті түзету­лер жасауды талап етуге құқылы. Бас тартылған жағ­дайда сайлаушының сотқа шағымдануға құқығы бар. Құрметті сайлаушылар! Сайлаушылар тізімінің дәлдігі мен дұрыстығы көп жағдайда сіздердің өздеріңізге байланысты. Белсенді әрі жауапкершілікті болыңыздар!

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы.