• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 11 Сәуір, 2018

Рикки Кака

958 рет
көрсетілді

Әлем футболының жарық жұлдыздарының бірі – Рикардо Изексон дос Сантос Лейте. Бұл жігіттің артынан ерген жалғыз інісі Родриго ағаның атына тілі келмей «Кака» дейтін болған.  Уақыт өте келе отбасы, жолдастары, одан қалды командаластары, ақыры күллі әлем осылай атап кетпесі бар ма. Тіпті әлемдік үлкен басылымдар жаппай «Рикки Кака» деп жазып жүр. Аталмыш үрдістен ауытқып кетпей бізде мақаламыздың атын осылай деп қойдық.

Кака жасыл алаңда жасындай жарқылдап жанкүйерлердің жүрегін толқытқан шебер футболшы ғана емес, ер тұлғалы текті жігіт. Біз білмейтін қыры қаншама. Көптеген футболшылардың өмір жолымен танысқан сәтте, олардың дені жасында жоқшылық пен кедейшілікті бастан кешірген, өмір тауқыметін тартқан, содан қиналып жүріп еңсе көтергені жайлы айтылады. Мысалы, атақты Пеленің өзі бала кезінде бір үзім нан үшін ұрлық жасауға барғаны туралы естеліктерінде айтады. Сол сияқты Роналдо, Марадона, Ривелина, Зико, Ривалдолар жарлы-жақыбайлар тұратын кварталда туып, жоқшылықты көре жүріп, ес жиған жігіттер.

Бұны неге айтып отырмыз? Себебі, біздің кейіпкер Кака байдың баласы, ол басқалар сияқты жыртық шақаймен батпақты көшеде доп қуған жоқ. Бір күн қарны ашып көрмеген. Сөйте тұра оның бойындағы қарапайымдылық, ойға алған мақсатына жету жолындағы төзімділігі, мәдениеті адам таңданарлық.

Бразилия елінде футболды спорт дегеннен гөрі өмір сүру салты десе де болады. Атақты Пеле спортпен қоштасып тұрып өзіне қимастық танытқан жанкүйерлеріне: «Сіздер неге қимастық танытасыздар, Бразилияда мені екі орайтын ұрпақ өсіп келе жатыр, сенбесеңіздер теңіз жағасына барып қараңыздарды» деген екен. Расында бұл елде футболшы болуды армандамайтын бала кемде-кем. Солардың бірі – Кака.

Кака жеті жасқа толғанда отбасы Сан Паулу қаласына көшіп келеді. Әкесі оны «Алфевилье» академиясына оқуға береді. Осында білім алып жүрген кішкентай Какаға «Сан Паулу» футбол клубының назары ауады. Аталмыш клуб оны өз академиясына оқуға шақырады. Ата-анасының ықыласымен Кака бұл ұсынысты қабыл алады. Бұл клубтан әлемнің алғашқы «1000 голдың» авторы Артур Фредринай және Фалкао, Беллини, Гурсон, Кафу, Леонардо сияқты тарландар туып шыққан...

Сөйтіп Кака 15 жасында жастар командасында өнер көрсетті. Ойын өрнегінде мін жоқ, бірақ денесі балғын һәм бойы тапал. Сан Паулу академиясының дәрігерлері «Кака физологиялық тұрғыдан әлсіз, тез шаршайтын, оны 17 жасқа толғаннан кейін бір жылдай жүйелі жаттығу жүзгізудің нәтижесінде қалпына келтірдік», дейді.

Каканың басқалардан ерекшелегі ол құдайға шексіз берілген. Оның да өзіндік себебі бар. 2000 жылдың жазында 18 жасқа жаңа толған Кака отбасымен бірге саяхатқа шығады. Таңертең ерте тұрып бассейннің ең биік тұғырынан суға секіру кезінде аяғы тайып құлайды. 10 метр биіктен цементтелген тас еденге түсіп, бел омыртқасы опырылады. Ес-түссіз ауруханаға жеткізіледі. Ол кезде оның болашақта футболшы болуы жайлы сөз қозғаудың өзі артық-тын. Ешкім Каканы тірі қалар деп ойлаған жоқ. Дәрігерлердің өзі үмітсіз еді. Бірақ ол аман қалды.

Осы оқиға жайлы Кака: «Дәрігерлер екінші қайта жасыл алаңға оралмайсың, оны ұмыт, тек аман қалуды ойла, деген сәттен бастап, маған бір құдайдан басқа ешкім көмектесе алмайтынын түсіндім де, бір құдайға шексіз ықыласпен жалбарындым. Тілегімді қабыл етті. Аттай шауып жасыл алаңға қайта оралдым. Содан кейін тек құдай қалаған жақсы істерді атқаруға ант бердім. Осы антымды бұзбадым», депті.

Сөйтіп құдайдың көмегімен жасыл алаңға оралған Кака кедей-кепшікке көмек қолын созудан аянып қалған жоқ. 2004 жылы аштыққа қарсы халықаралық қозғалыстың төрағасы болып сайланды…

*****

Егерде жоғарыдағы келеңсіз жағдай болмағанда Кака «Сан Паулу» клубының негізгі құрамында әлдеқашан өнер көрсетіп жүрер еді. Десе де клуб қожайындары оны «жарақатың бар» деп шетке қақпады. Бұғанда шүкір. 2001 жылы қосымша құрамға қабылдады. Кака осында жүріп-ақ бір маусымдағы 27 ойында 12 гол соғып, онымен қоймай Сан Паулу және Рио Ди Жанейро қалалары арасында өтетін дәстүрлі «Torneio Rio-Sгo Paul» турнирінде ерекше көзге түсті. Оқиға былай болған екен: уақыт ортадан асып барады Сан Паулу командасы 1:0 есебімен жеңіліп жатыр. Амалы құрыған бапкерлер алаңға Каканы шығарады. Ол шыққан бойда екі гол соғады. Сөйтіп Сан Паулу жеңіске жетіп, Каканың атағы аспандасын кеп.

Кешікпей кәрі құрлықтың атақты клубтарынан «бізге кел, бізге кел» деген ұсыныстар қарша борайды. Таңдау қиынға түседі. Қызық болғанда Кака атағы аспандап тұрған: «Манчестер Юнайтед», «Реал», «Байерн», «Барселона» сияқты командалар ұсынған мол ақшаға пысқырып қарамай түкке тұрғысыз аз сомаға (8.5 млн. евро) Миланға сатылады.

Каканың бұл қылығын әлем футболының маңайындағы мықтылар түсінбей қалды. Әркім әр саққа жүгіртті. Біреулер сол тұста Миланнан қол үзіп, туған топырағына оралған Леонардоның «азғырумен» болған іс деп жорамалдады. Бірақ көпшілік Каканың ақша мен атақ үшін емес, құдайға берген уәдесі бойынша өз қалауымен іс қылғанын түсінген жоқ.

Мына бір дерекке назар аударыңыз: Кака кәрі құрлыққа беттеген тұста Ресей азаматы Роман Абрамович «Челсиді» сатып алып жатқан. Ол Какаға адамның түсіне кірмейтін ақша ұсынып, Лондонға қарай аяқ басуын қалайды. Бірақ Кака ойлана келе басын шайқапты. Себебін Каканың өз аузынан естиік: «Мен ағылшындардың аттай тулап ойнайтын әдісінен қорықпаймын, бірақ «Челсиге» бару үшін ЦСКА дейтін клубта бір маусым ойнап, оны бел асырып тастауым керек екен. Маған осы ұнамады», дейді.

Дәл осы тұста футбол әлемінде екінші «Абрамович» атанып үлгерген «Манчестер Сити» клубының қожайыны Мәнсур бин әл Нақиян Какаға 100 млн фунт қаржы ұсынып, «бізге келе ғой» дейді. Күллі ғалам «Кака ақымақ болмаса баратын шығар» деген ойға бөгеді. Бірақ Кака тағы да бас шайқады. Осы оқиғадан кейін күллі футбол жанкүйерлері оның ақша құмар емес, бір құдай деген адал жан екеніне толық көз жеткізді. Бұл оқиға «дүниеде ақшадан күшті ештеме жоқ» деп ойлайтындар үшін ауыр соққы болды.

*****

…Сонымен 2003 жылы Чемпиондар лигасында топ жарған Миланның сапына жаңадан Кака атты бозбала келіп қосылды. Кәрі құрлық үшін оның бұрынғы атақ-шатағы есеп емес, шын мықты болсаң өзіңді қайтадан дәлелдеуің керек.

Арқаның ақ қайыңындай сұңғақ бойлы, әрі жасыл алаңдағы алапат айқаста есе жібермейтін, ойын өрнегінде мін жоқ, өте ақылды һәм айлалы аяқдопшы бірден еуропалық мамандардың назарын өзіне аударды. Көпті көрген тарлан бапкерлер, «ойбай мынауың төрт тарапқа бірдей төңкеріліп ұшатын тұйғын сияқты керемет ойыншы ғой» деп таңданысып жатты.

Мысалы, Бразилия құрамасының сол кездегі жаттықтырушысы Уандерлеи Луксембурго: «Каканың ойын өрнегі бразилиялық техника да, өзінің болмыс-бітімі еуропалық тип» десе, атақты Зико: «Какаға қарасам бұрынғы Платинидің шеберлігі көз алдыма елестейді» депті. Расында, бұның бәрі бос мақтау, жалған қолпаш емес. Өйткені, үлкен футболда өтірік мақтау болмайды.

Осы жылдары Милан өз тобында (А сериясы) 17-ші рет топ бастап, оның сыртында Еуропаның суперкубогына иелік етуі сөз жоқ Каканың арқасы.

Келесі маусымда командаласы Карло Анчелотти жартылай қорғаушы міндетіне таңдалып алынды да, Кака жартылай шабуылшы ретінде ойнауға тиіс болды. Бірақ оның қақпаға енгізген доптарының саны көбеймесе азайған жоқ. Өкініштісі, бұл маусымда миландықтар Чемпиондар Лигасының финалында пеналтимен жеңіліп, көз жастарын сорғалатып Ыстанбұлдан үйлеріне қайтты. Бірақ араға екі жыл салып, жоғарыдағы кеткен еселерін қайтарып қана қоймай, өздерін жеңген командадан кубогты тартып алды.

*****

Кака келгенге дейін Миланның шабуылынан басқалар ыға қоймайтын. Себебі, Шевченко ағылшандарға ауысқан соң Миланың ойын өрнегі қожырап, қалт-құлт етіп, көп жағдайда 0:0 есебін қанағат тұтып, сүйретіліп жүрген-тін. Көптеген жанкүйерлер «қарт» ойыншылардың сүреңсіз көрінісінен жалыға бастаған.

Осы бір өлі күйге ұшыраған команданы кенет тірілтіп, тұмсығынан сүйреп жүріп Чемпиондар Лигасының финалына жеткізген Кака екені сөзсіз. Әсіресе жартылай финалдық ойында «Манчестер Юнайтедтің» өз алаңында екі команданың жолы түйісті. Атақты «Олд Траффор» стадионына қонақ болып барған миландықтар ағылшындардың қақпасына қақыратып тұрып қатарынан екі гол соқты.

Осы қарқынмен таудан құлаған тасқандай екпін алған миландықтар клуб тарихында жетінші рет аталмыш кубогтың иесі атанды. Әрбір гол соққаннан кейін тәңіріне шексіз рахметін айтып жалбарынатын біздің кейіпкеріміз, жоғардағы қуанышты сәттерде сібірлей жауған ақ жауынның астында көкке қарап, бір тәңірге рахметін жаудырып жатқанын көрермен қауым әлі де ұмыта қоймаған болар.

Маусымның соңында атақ пен абырой Каканың төбесіне жаңбырша жауды. «ФИФА және УЕФА-ның үздік шабуылшысы», «А сериясы бойынша үздік футболшы», «Солтүстік Америка құрлығының үздік ойыншысы» т.б. атақтар өзі іздеп келіп жабысты.

Сәл шегініс жасап әңгіме желісін өрбітсек, жоғарыдағы атақтар Какаға төккен терінің арқасында бұйырғанын байқаймыз. Айталық, 2002 жылдың қаңтарында Кака өз елінің ұлттық құрамасы сапына шақырылып, бес айдан кейін әлем чемпионатында өнер көрсетті. Ол кезде ұлттық құрама сапында Ривалдо, Роналдиньо қатарлы үздіктер атой салып жүргендіктен суырылып көрінетіндей мүмкіндік аз еді.

Бірақ бір жыл өткен соң КОНКАКАФ лигасының Алтын кубогы үшін болған ойында Кака үш гол соғып жарқ етіп бір көрінді. 2005 жылы ұлттық құрама сапынан ойып тұрып орын алды. Осы жылы құрлық чемпионатының финалында Кака Аргентинамен чемпиондық атаққа таласқан өз командасының ойын барысын шебер ұйымдастырып, өзі де доп соғып, жеңіске жетті.

*****

Жақында Кака үлкен спорттан кететіні жайлы мәлімдеді. Футбол жанкүйерлері мен журналшылар бұл жігітті жаңа ғасыр басында жасыл алаңға ғаламат екпінмен келіп кірген қос қыран: португалиялық Роналдо мен аргентиналық Мессиді қатарынан қағып тастап, 2007 жылы осы екі «қасқырдың» аузынан «Алтын допты» жырып әкеткен сойқан деп таниды. Расында бұл керемет әрі әділ баға.

Сонымен... бұйырса алдағы 22 сәуір күні 35-ке толғалы отырған Рикки Кака 17 жасында аяқдоптың алғашқы қадамын бразилиялық «Сан Паулу» клубынан бастап, Европаның азуын айға білеген «Милан», «Реал Мадрид» сияқты алыптардың намысын қорғады. 2014 жылы үш жылдық келісімшартпен мұхиттың арғы жағындағы «Орландо Ситиге»  (АҚШ) барды. Аталмыш клуб сапында өткен жылдың 16 қазан күні соңғы ойынын өткізді.

Осы оқиғадан кейін Кака әлеуметтік желі арқылы ағылшын және португал тілінде өзінің аяқдопшы ретіндегі алғашқы сапары аяқталатынын, болашақта Зинедин Зидан сияқты жаттықтырушы болғысы келетінін, бұл оқиға  өміріндегі жаңа сапардың басы боларына сенетінін жеткізіпті.  

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»