• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Әлем 12 Сәуір, 2018

Шетел баспасөзіне шолу. Алжирде ұшақ апатынан 257 адам қайтыс болды

321 рет
көрсетілді

Алжирде әскери ұшақ апатынан 257 адам қайтыс болды

Алжирде әскери ұшақ апатқа ұшырады. Мемлекеттің қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ұшақта 257 адам болған. Олардың еш­қай­­­сысы тірі қалмаған. Олардың 247-сі әскерилер мен олардың отбасы мүшелері болса, қалған он адам экипаж мүшелері. Қайтыс болғандар туралы ақпарат нақ­ты­ланып жатыр.

Оқиға Буфарик әуежайына жақын маңдағы Блида ауылында болған. Ил-76 әскери ұшағы Буфарик­тегі әскери базаның аэродромынан ұшқан соң Алжир қаласының оңтүстігінен 50 км жерде құлаған. Апат жергілікті уақыт бойынша таңғы 8-де болған. Ұшақ құлаған соң бірден өрт шыққан. Ұшақтың құлау себебі әлі белгісіз. Algérie24 агенттігінің хабарлауынша, ұшақ мемлекеттің солтүстігіндегі Блида қаласынан оң­түстік-батысқа бет алған. Жолаушылардың көп­ші­лігі әскери қызметкерлер екені хабарланып жатыр.

 

Қырғызстан Президенті Түркияға ресми сапармен барды

9-10 сәуір күндері Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков ресми сапармен Түркияға барып, Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті. Президенттер кеңейтілген және шағын құрамда екі ел арасындағы ынтымақтастық пен оны нығайту бағыттары туралы талқылады.

Мемлекет басшыларының айтуынша, Түркия мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымы жылына 1 млрд долларды құрайды. Сонымен қатар 1992 жылдан бері Қырғызстанның 3500 студенті Түркиядан білім стипендиясын алған. Режеп Тайип Ердоғанның айтуынша, «Манас» қырғыз-түрік университеті білім саласындағы ортақ сәтті жоба.

Кездесу барысында Қырғызстан президенті Түркі­тілді мемлекеттер кеңесінің көмегімен көп­те­ген жобалардың сәтті іске асырылғанын атап өтті. Оның ішінде Көшпенділердің бүкіләлемдік ойын­да­ры, Астанадағы Халықаралық Түркі академиясы, Бакудегі түркі мәдениеті мен халқының қоры секіл­ді жобалар бар.

 

ДДСҰ химиялық шабуыл болған жерді көрсетуді талап етті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Сирия­дағы Дума қаласына еш кедергісіз кіруге рұқсат бе­руді талап етті. Сирия билігі химиялық қарудың қол­данылуын жоққа шығарғанымен, ұйым барлық жағ­дайға өздері көз жеткізгісі келетінін мәлімдеді.

 «Шабуыл туралы тарап жатқан ақпарат пен Думадағы адам шошырлық суреттер күннен-күнге артуда. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы өңірге еркін кіріп, зардап шегушілерге көмек көрсеткенді жөн көреді. Қоғамдық денсаулық сақтау шараларын бағалау үшін еш кедергісіз тез арада қалаға кіргізуді талап етеді», делінген ұйым хабарламасында.

Сириядағы оппозиция өкілдері, құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің айтуынша, Шығыс Гутадағы Думаға үкімет күшінің шабуылы барысында улағыш химиялық заттарға толтырылған бомбалар қолданылған. Сирия-америкалық медицина қызметкерлерінің айтуынша, медицина орталықтарына химиялық заттардың әсерін көрсететін белгілермен 500-ден астам адам түскен. Әзірге қайтыс болғандар саны нақты аталмады.

 

Цукерберг кешірім сұрады

Facebook әлеуметтік желісінің басшысы Марк Цукерберг алғаш рет АҚШ сенатының заң комитеті мен сауда комитеттерінің бірлескен отырысына қатысты. Онда Цукерберг сенаторларға әлеуметтік желідегі жеке мәліметтердің қауіпсіздігі, оның ішінде Cambridge Analytica фирмасына қатысты дау-дамай туралы сұрақтарға жауап берді. Ал дүйсенбі күні ол конгрес өкілдерінің палатасында баяндама жасап, кешірім сұрады. «Компания жеке мәліметтердің сақталуы мен тұтынушыларды қорғауға қатысты жеткілікті шара қолданбаған. Бізге жүктелген бар жауапкершілікті білмеппіз. Бұл менің қателігім және мен бұған өкінемін. Мен Фейсбукті құрдым, оны басқарамын және осында болып жатқан оқиғаның бәріне жауаптымын», деді Марк Цукерберг.

 

Шолуды дайындаған Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»