• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Сәуір, 2018

Азиадаға ауыр салмақтағылар қатыспайды

324 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың тамыз айының екінші жартысында Индонезия астанасы – Жакарта қаласында XVIII жазғы Азия ойындарының алауы тұтанатыны белгілі. Өкінішке қарай, Қазақстанның кейбір мықты боксшылары сол жарысқа қатыспайтын болды.

Күні кеше ғана АИБА басшылығы мен айтулы жарысты ұйымдастырушылар өзара келісе отырып, боксшылар бәсекесінің бағдарламасына біраз өзгеріс енгізуді жөн көрген екен. Атап айтсақ, ерлер арасындағы са­йыста әдеттегідей 10 емес, небары 7 салмақ дәрежелері бо­йынша жүлделер сарапқа салынады. Соған сәйкес, 81 келі, 91 келі және +91 келі салмақтар XVIII жазғы Азия ойындары бағдарламасынан алынып тас­талды.

АИБА тарапынан қабыл­данған осы тосын әрі қисынсыз шешімді боксшылар қауымы әлі де қабылдай алатын емес. Бұл «идея» сан миллион жан­күйер­лерге де ұнамады. Бапкерлер де, басқалар да жағаларын ұстады. Қазірдің өзінде кейбір ұлттық федерациялар ашық түрде өз наразылықтарын білдіріп, әлемдік бокс саласының тізгінін ұстаған азаматтардан олардың осындай ойсыз қадамға баруына не түрткі болғанын түсіндіруді талап етуде. 

Жоғарыдағы «жаңашылдық» қазақстандықтарға да жаққан жоқ. Себебі, айтулы салмақ дәре­желері бойынша өтетін бә­се­келердің бас жүлдесінен бас­­ты үміткерлер қатарында біз­­дің де былғары қолғап ше­берлері бар. Мәселен, 81 келі сал­мақ­та Әділбек Ниязымбетов өнер көрсетуге тиіс еді. Ол Олим­пия ойындары мен әлем чемпионаттарында екі рет­­тен күміс медальді мойнына ілді. 2014 жылы Азия ойын­дары­ның жеңімпазы атанды. 91 келі салмақтағы Василий Левит Рио Олимпиадасы мен Гамбургтегі дүниежүзілік додада жүлдегерлер санатына қосылды. Азия біріншілігінде үш мәрте топ жарды. +91 келі салмақта Қамшыбек Қоңқабаев бар. Нар тұлғалы қандасымыз былтырғы әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. Міне осы саңлақтар үшін Жакартаға баратын жол жабылды.

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»