• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 12 Сәуір, 2018

Астана мен Алматыда Паркинсон дертіне қарсы алғашқы шара өтті

418 рет
көрсетілді

Еліміздің екі бірдей қаласында 11 сәуір күні Дүниежүзілік Паркинсон ауруымен күресу күніне орай «Паркинсон ауруын скандинавиялық жүріс көмегімен жеңеміз – Екі астананың марафоны» қайырымдылық науқаны өтті.

Игі бастама аясында «Қимыл-қозғалыстағы бұзылыстар қоғамы – Еуразия» мен «Скандинавиялық жүріс мектебі – Еуразия» мамандары Паркинсонға шалдыққандар үшін скандинавиялық жүрісті үйретудің тегін дәрістерін өткізді. Бұл сабақтар – Паркинсон ауруының ерекшеліктерін ескере отырып дайындалған.

Алдымен Паркинсон дертіне шалдыққан 50 науқас скандинавиялық жүрісті үйренуі үшін арнайы сыйланған таяқтарға ие болды. Тәжірибелі жаттықтырушылар мұндай әдістің пайдасы жөнінде кеңінен әңгімелеп, осы жүрістің техникасын көрсетіп берді. Ал дәрігерлер сабақ барысын бақылап отырды.

Пайдалы акция Астана және Алматы қалалары Әкімдіктерінің және бас неврологтарының, сондай-ақ, Қазақстан Неврологтар лигасының және Ұлттық нейрохирургия орталығының жан-жақты қолдауымен өткізілді.

Бұл бастама елімізде Паркинсон ауруына жұртшылықтың назарын аударту, науқастар мен олардың отбасына медициналық, әлеуметтік қолдау көрсету, қимыл-қозғалыстағы бұзылыстарды емдеуге және алдын алуға арналған дәлелденген әрі тиімді әдіс ретінде скандинавиялық жүрісті кеңінен насихаттауды көздейді.

Nordic walking деп аталатын скандинавиялық жүріс соңғы 20 жылда бүкіл әлемдегі миллиондаған адамға өз денсаулығын түзеуге көмектескен. Сабақтар кезінде бүкіл денедегі бұлшықеттердің 90 пайызы жан-жақты жаттығады. Кәдімгі жүріспен салыстырғанда калория 45 пайызға көбірек жағылады. Әрі аяқтың буындары мен омыртқаға түсетін салмақ 30 пайызға төмендейді. Қолдың икемі жақсара түседі. Мидың екі жарты шары ерекше белсенділік танытады. Ағзаға түсетін оттегі мөлшері 30 пайызға көбейеді. Қуаныш гормоны – эндорфин синтезі артады.

Паркинсон ауруы 65 жастан асқан егде жастағы азаматтардың 1% - 3% пайызында кездесетін ең кең таралған, Альцгеймерден кейін екінші орында тұрған нейродегенеративтік ауру болып табылады. Бұл ауруға 80 жастан асқан қарттардың 3-4 пайызы шалдығады. Қазіргі таңда бүкіл әлемде Паркинсон ауруына ұшыраған 5-6 миллионға жуық адам бар. АҚШ-тың бір өзінде жыл сайын 50 мыңнан бастап, 60 мыңға дейінгі адамға осы диагоноз қойылады.

Қазақстанда Паркинсон дертімен ауыратын азаматтар 25 мыңға жеткен. Жыл сайын бұл көрсеткіш 2500 адамға өсіп отырады.

Паркинсон ауруының басты белгісі – дофамин деп аталатын затты түзетін қара субстанция орналасқан орта мидағы салыстырмалы түрде шағын жердегі жүйке жасушалары бірте-бірте өледі. Дофамин жетіспеген кезде адамның қимыл-қозғалысында қол-аяқтың дірілдеуі, бұлшық еттің құрысып қалуы, қимылдың баяулауы, денені ұстай алмай, құлап қалу секілді осы ауруға тән қиындықтар туындайды.

Бұл дерт бірте-бірте асқынып, басқа ауру сияқты болып көрінетіндіктен, нақты диагноз қоюға ұзақ уақыт кетіп қалуы мүмкін. Ал көптеген адам бұл аурудың алғашқы белгілерін қартаюдан болатын қалыпты нәрсе деп түсінеді.

Паркинсонға шалдыққан науқастарда өмір сүру сапасы кенеттен төмендеп, медициналық, әлеуметтік мәселелер пайда болады, еңбек қабілетінен айырылады. Адам өз бетінше өмір сүру қабілетінен айырылатындықтан, Паркинсон ауруы қоғамдық мәселе болып табылады. Паркинсон ауруының әлеуметтік-экономикалық салдары таяу келешекте онкологиялық және жүрек-қантамыр ауруларымен қатар бірінші орынға шығуы мүмкін.

Паркинсон ауруы ешкімді аямайды. Олардың арасында Рим Папасы Иоанн Павел II, Мұхаммед Әли, Майкл Джей Фокс, Мао Цзэдун, Сальвадор Дали, Билл Гейтс сынды біздің заманымыздағы ұлы тұлғалар да бар.

Елімізде Паркинсон ауруын нейрохирургиялық жолмен емдеуге арналған бағдарламаның жұмыс жасап жатқанына 5 жыл болды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қимыл-қозғалысты емдеуге арналған озық технологиялық әдістерге азаматтарымыз қол жеткізіп отыр.

Сонымен бірге, қимыл-қозғалыстағы бұзылыстарды сапалы түрде диагностикалау және консервативтік терапияны қолдану мәселесі өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл мақсатта оқыту іс-шаралары, білім беру курстары, оқыту семинарлары, кездесулер мен науқандар өткізіліп отырады. Таяу уақыттан бері «Қимыл-қозғалыстағы бұзылыстар қоғамы – Еуразия» кәсіби қоғамдық бірлестігі ұйымдастырылды. Ұйымның басты міндеттерінің бірі – Паркинсон ауруына және қимыл-қозғалыстағы бұзылыстарға қатысты ақпараттық саясатты жүргізу.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ