Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының У.Шекспир пьесасы бойынша сахналанған «Отелло» трагедиясының премьерасы өтті. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның халық әртісі, профессор Талғат Теменов.
«Отелло» трагедиясының – У.Шекспир шығармашылығынан алар орны айрықша. Шым-шытырық қайшылыққа құрылған күрделі драматургияны иегеру – қай кезде де актерлер үшін үлкен мектеп һәм аса зор жауапкершілік болған. Шығарма сол тұғырынан титтей де түскен жоқ. Әлі де құнды, әлі де өзекті, әлі де қызықты. Қазақ театр сахнасында Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Шәкен Аймановтар кескіндеген Отелло бейнесін бүгінде дәстүр сабақтастығын үзбей, абыройлы жалғап келе жатқан театрдың белді актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев, Дездемона бейнесін нәзіктігі мен сұлулығы бір арнада тоғысқан жас актриса Ақмарал Танабаева кескіндеді.
Яго бейнесі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуіловтің сараптауында бейнелілік биігінен көрінді. Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов Брабанцио рөлі арқылы актерлік өнердің тағылымын танытты.
Астаналық Қаллеки театрының үздік актерлері мен кәсіби мамандары тартылған қойылым театр ұжымы үшін де, көрермен үшін де шын мәнінде рухани мерекеге айналды. М.Әуезовтің қазақы құнарға бай бейнелі тілінде үн қатқан Шекспир жауһары елордалық көрерменнің көңіліне берік бекіп, өнер оқиғасын тамашалауға жиылған жұрт риза болып тарқасты.
Назерке Жұмабай,
«Егемен Қазақстан»