• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2011

Қандастар да қамданып жатыр екен

311 рет
көрсетілді

Қазақ елінің ұлы мерекесі, Тәуелсіздігіміздің 20 жылды­ғына өз Отанымыздың халқы ғана емес, өзге жұрттардағы аға­йын­дар да «біз де өз үле­сімізді қосайық» деп әзірленіп жатыр екен. Бұған жақында Қытай Халық Республика­сы­ның ШҰАР өңіріне іссапармен барғанда көз жеткіздік. Әсі­ресе, іргелі мемлекеттің Қазақ автономиялы облысын мекен етіп жатқан бір тілек, бір ниеттегі азаматтар Астана мен Алматыда үлкен мәдени шаралар өткізуге дайындалып жат­қанына куә болдық. «Бұл біздің Қазақ елінің 20 жылдығына тартар тартуымыз», деді олар. Іле қазақ автономиялы об­лы­сының ән-би үйірмесі бар­лық аудандардан жүзден жүй­ріктерді жинап, ұлт рухания­ты­ның озық дүниелерін тәуелсіз елдің мерекесіне сый етуді мақсат етіпті. Үйірме басшысы Нұрлан Кенжеғалиұлы ұзын саны 30-дан аса адам егемен елдің ел-жұртын ән мен күйге, мың бұралған биге кенелтсек деп жатқанын айтып, бір кездері ұшқан құстан басқа аяқ баспаған Қазақ елімен қазір қарым-қатынастың жақсарға­нын, бауырластықтың биік дең­гейге көтерілгенін, бұл тұр­ғыдан келгенде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай мемлекетінің бас­шы­сы Ху Цзиньтао арасындағы мызғымас достықтың арқа­сында барыс-келіс пен алыс-берістің шынайы үлгісі қалып­тасқанын тілге тиек етіп, хал­қымыздың көршімен татулығы туралы ұлы қағидасын алға тартты. Ал үйірменің бас режиссері Толқын Сұлтанбекұлы мен би жетекшісі Гүләйда Қадырқызы Қазақстанның тә­уел­сіздігін алған 20 жыл ішінде қасиетті топырағына жеті рет табандары тигенін, бұл өзде­ріне үлкен шабыт сыйлағанын жеткізіп, осы жолғы сапарла­рында Нұрсұлтан Назарбаев­тың сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың «Үш қоңыр» әнін бимен өрнектеп, хормен көркемдеп, жеке дауыста асқақ­татып, үлкен көріністе айта­тын­дарын алға тартты. Сол секілді елуден аса ұлт мекендейтін өңірдің азаматтары бар өз өнерлерімен көрерменнің көз­айымына айналсақ деген ниеттерін білдіріп жатты. Кейбір тойға дайындаған өнер туын­дыларымен таныстырды. Сөй­тіп, Е.Нұрзадаұлы өзінің «Әке», С.Құдайбергенқызы халық әні «Угай», У Хайшия әлемге та­нымал қытайдың халық әні «Жасмин гүлі» әндерін тамыл­жыта орындады. Сондай-ақ бү­гінде жұрттың ерекше ілтипа­тына ие болып отырған «Қара жорға» биін мың құбылтты. Мұндай өрісі кең, өрелі дүние­лер тәуелсіздігімізге тартар тарту екені анық. Сүлеймен МӘМЕТ.