Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық жолына көз жүгіртіп, өткен мен бүгінгіні салыстыра қарар болсақ жер мен көктей айырмашылықты байқаймыз. Саясатта, экономикада, мәдениетте, құқық қорғау саласында реформалар жүргізуде едәуір нәтижелерге қол жеткіздік. Соның ішінде елдегі тәртіпті сақтау мен адам құқын қорғаудағы жетістіктер құқық қорғау жүйесін реформалау барысына байланысты еңсерілгені айқын білінеді. Бұл орайда Елбасының құқық қорғау бағытына ерекше мән беруінің нәтижесі орасан зор болды. Осыған орай Тәуелсіздігіміздің баянды болуына дем берген жүйелі тәртіптің жай-күйіне байланысты, сондай-ақ экстремизм және терроризммен күрес мәселелері төңірегінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВПЕН әңгімелесудің сәті түсті.
– Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы, ең қасиетті де қастерлі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы Қазақстан халықтары үшін үлкен мейрам. Осы орайда елдегі қазіргі ішкі тәртіп, адамдардың құқы мен қауіпсіздігін қорғау мәселелері қандай деңгейде деп бағалар едіңіз?
– Таяуда еліміздің Тәуелсіздігіне жиырма жыл толады. Осы айтулы мереке қарсаңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа басталған онжылдықта Қазақстан Республикасының алдына қойған мақсаттары мен болашақ бағдарын анықтап берді. Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде экономикалық-әлеуметтік реформалар бойынша айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ішкі істер органдары қызметін еліміз қол жеткізген жетістіктерден бөле-жара қарауға болмайды. Өйткені, қандай жетістіктің болмасын түп қазығы – тәртіп. Тәртіп бар жерде табыс бар. Бұл турасында Елбасымыз құқық қорғау жүйесін әлемдік стандарттарға, қазіргі нарықтық жағдайға сәйкестендіретін өзгерістерді нақтылап берді.
Еліміз соңғы 20 жыл бойы азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық қолсұғушылықтардан қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыра білді. Құқықтық саясатты дамытудың басым бағыттары құқықтық реформа мемлекеттік бағдарламасының, Құқықтық саясат тұжырымдамасының және де Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа Жолдауы шеңберінде айқындалып келеді.
Елбасымыздың бастамасымен құқық қорғау органдарына жүргізілген реформалардың нәтижесін біз жақын уақытта сезінеміз. Реформаның арқасында ішкі істер органы көптеген қосалқы қызметтерден босатылды. Медициналық айықтырғыштардың жұмысымен ендігі жерде денсаулық сақтау орындары айналысатын болса, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және бейімдеу жұмыстарымен білім беру органдары айналысады. Көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу және күзет қызметі де басқа салаларға берілді. Бір сөзбен айтқанда, бұл өзгерістер алдағы жемісті істердің бастауы болмақ.
– Ішкі істер министрлігі жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарының бірі – ол орын алған қылмыс пен оқиғалар туралы хабарлама мен арыздарды толығымен тіркеу. Бұрын осынша қылмыс есептен жасырылыпты дегенді естуші едік. Қазіргі жағдай қалай?
– Жоғарыда айтқанымдай, біздің мақсат – Елбасының құқық қорғау саласының жұмысын жақсарту үшін ұсынған бағыттарын абыроймен жүзеге асыру. Бұл бастамалардың барлығы халықтың полицияға деген сенімін күшейту үшін жасалып жатқан қадамдар. Қазіргі күні барлық арыздар тіркеледі, бұрынғыдай шағымданушының арызын қайтарып алуға үгіттеу немесе жасырып қалу деген жоқ. Сөзсіз, қылмыс туралы арыздарды толық тіркеу, бір жағынан, оның артуына әкеп соқтырса, екінші жағынан ашылу көрсеткішіне де кері әсерін беруі мүмкін. Алайда, мұны есепке алу – тіркеу тәртібіндегі оң өзгерістер деп білуіміз қажет. Қазіргі уақытта прокуратура тарапынан бақылау күшейтіліп, қылмыстарды электрондық тіркеу жүйесі енгізілді. Бұл азаматтардың шағымдары мен арыздарын уақытында қарастыруды қамтамасыз етіп отыр. Осы жүйе негізінде азаматтардың арыздары автоматты түрде Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің серверіне түсіп тұрады. Аталған мәселелер үстіміздегі жылғы 3 шілдеде ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында, ал 4 шілдеде Бас прокуратурамен бірлескен алқа отырысында қаралды. Мұның барлығы Елбасының қойған тапсырмаларын орындау мақсатында, халықтың сақшыларға деген сенімін күшейту үшін жасалып отыр.
– Таразда болған оқиға көп нәрсені аңғартқаны анық. Терроризм әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде дамыған Еуропада да орын алып отырғаны рас. Ендеше, бұл қатерден Қазақстанның да сырт қалмайтыны белгілі болды.
– Бұл туралы Мемлекет басшысы өткізген діни экстремизм және терроризммен күрес мәселелері жөніндегі кеңесте де жан-жақты айтылды. Бүгінде әлем елдерінде орын алып отырған бұл қатерден біздің еліміздің де шет қалмай тұрғаны анық. Бірақ Қазақстанға қарсы жасалған терроризмді ымырасыз басып-жаншуға мемлекеттің мүмкіндігі жетеді. Мемлекеттің қолында күш те, қуат та, жігер де бар. Біз лаңкестікті түбірімен жоқ қыламыз, деді Елбасы. Әрине, Таразда ерекше ауыр қылмыс жасалғанын айту керек. Бұл бізге, құқық қорғау органдарына үнемі сақадай-сай әзірлікте, дайындықта болуымызды талап етеді. Сондай-ақ барлық қазақстандықтарда бұл орайда қырағылық та болуы керек деп ойлаймын. Егер лаңкестікке қатысты деректер байқалатын болса, оны дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажет. Біз мұндай қатерге қарсы бәріміз бірігіп, бір жұдырықтай түйіле кіріссек ешбір лаңкестік атаулыға жол бермейтінімізге сенемін.
– Кезінде елдегі қылмыстық саясатты ізгілендіруге байланысты бірқатар оңды шаралар жүзеге асырылғаны белгілі. Дегенмен, кейде асығыстық орын алған секілді көрінеді. Әйтпесе, Қылмыстық-атқару жүйесін қайтадан қудалау органына қайтару нені білдіреді?
– 2011 жылғы шілдеде қылмыстық-атқару жүйесін Ішкі істер министрлігінің қарамағына беру түзету мекемелерінде криминалдық жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ қылмыстық ортаның беделділері мен ұйымдасқан қылмыстық топтар басшыларының арнайы контин-генттің басым бөлігінің тәртібіне теріс әсер етуін бейтараптандыру қажеттілігіне негізделді.
Қылмыстық-атқару жүйесі 2002 жылдан Әділет министрлігінің құзыретінде болды. Алайда, осы уақыт ішінде еңбекпен түзеу мекемелерінде криминогендік жағдай күтілген нәтижеге сай жақсарған жоқ. Және бұл көптеген түзету мекемелеріне тән болды. Дене мүшелерін зақымдау жағдайлары орын алды, мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау (оның ішінде топтық) фактілерінің саны, сондай-ақ түзеу мекемелеріне есірткі құралдарын, қару-жарақ, ұшты, өткір жүзді заттар, ұялы телефондар мен ақшалай қаражаттар кіргізу фактілерінің саны өсті. Соңғы екі жыл ішінде бірқатар түзету мекемелерінен сотталғандардың топтасып қашу әрекеттері орын алды. Маңғыстау облысының түзету мекемесінен 2010 жылғы маусымда оқ-дәрі, суық қару және қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды қолданып, 21 сотталған қашты. Ағымдағы жылғы шілдеде Балқаш қаласының түзету мекемесінен 16 сотталғанның қарулы қашу әрекетінің жолы кесілді.
– Демек, кейбір өркениетті елдердегідей мұндай маңызды міндетті атқару талап деңгейінен шықпағандықтан «ештен кеш жақсы» деп бұрынғы күйге оралу дұрыс болғаны ғой?
– Иә, жоғарыда айтылған жағдайлар қылмыстық-атқару жүйесін Ішкі істер министрлігінің қарамағына беруге негіз болды. Әлемде қылмыстық-атқару жүйесі ІІМ-нің құзыретіне қарайтын көптеген мемлекеттер бар. Мәселен, жазалардың орындалуына Испания және Ұлыбританияда (2007 жылға дейін), Африканың (Ангола, Габон, Гамбия, Египет, Замбия, Кения, Малави, Намибия, Нигерия, Судан, Танзания, Руанда), Латын Америкасының (Белиз, Боливия, Гватемала, Гондурас, Мексика, Никарагуа, Уругвай, Эквадор), Азияның (Бангладеш, Вьетнам, Үндістан, Камбоджия, Лаос, Солтүстік Корея, Сингапур) көптеген елдерінде және Таяу Шығыс елдерінің барлығында дерлік (Израиль, Иордания, Йемен, Катар, Кувейт, Ливан, Сауд Аравиясы, Сирия, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман) Ішкі істер министрліктері жауап береді.
Ал бірқатар демократиялық елдерде жазаны орындайтын кейбір органдар ішкі істер министріне есеп береді. Мысалы, Канадада жазаны орындау жөніндегі құзырет федералдық үкімет және кейбір аудандардың үкіметі арасында бөлінген. Бас бостандығынан айыру мерзімі екі жылдан асатын жазаларды Канаданың Түзеу қызметі, федералдық агенттігі, қоғамдық қауіпсіздік министріне есеп беретін адам (Minister of Public Safety), ішкі істер министрінің канадалық аналогы орындайды.
– Дұрыс екен. Ал Қазақстандық пенитенциарлық жүйе осы халықаралық ұйымдардың қандай ережелерін басшылыққа алады?
– Әрине, Қазақстан пенитенциарлық жүйені ізгілендіру және демократияландыру қағидаларынан ешқашанда бас тартпайды. Сондықтан, БҰҰ-ның және басқа халықаралық ұйымдардың (ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ, Еуропа Кеңесі) ұсынымдарын ұстанады. Мәселен, біздің елімізде Еуропа Кеңесі ұсынған Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 26 маусымдағы заңымен ратификацияланған, БҰҰ-ның азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясын және 1955 жылғы 30 тамыздағы БҰҰ-ның қылмыстың алдын алу және тұтқындалғандармен қарым-қатынас жасау бойынша конгресс қабылдаған қамаудағылармен қарым-қатынас жасаудың кіші стандартты ережелерін назарда ұстайды. Сондай-ақ Еуропа Кеңесі мәртебесі ережесіне сәйкес, Министрлік комитеттері қабылдаған Еуропалық пенитенциарлық ережелерін тиімді іске асыруға көмектесетін, ішкі ұлттық заң негіздері құрылды.
Бұған қоса адам құқықтарын қорғау саласында барлық қажетті құқықтық тетіктер – Омбудсмен институты, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро бар. Заң деңгейінде қоғамдық бақылауға, бостандығын айыру орындарында заңдылықтың сақталуына прокурорлық қадағалау реттелген.
– Демек, сонда Қылмыстық-атқару жүйесі Ішкі істер министрлігінің құрамында болғанда қандай игі өзгерістер орнап, оңды нәтижелер жасалады демексіз? Және бұл ұсталғандар мен сотталғандардың қауіпсіздігі мен құқықтарының заң талаптарына сай қорғалуына жағдай тудыра ала ма?
– Біріншіден, Қылмыстық-атқару жүйесінің комитеті ІІМ-нің құрылымында тұрып тікелей бағыныстағы өзінің дербестігін сақтап қалады. Екіншіден, ІІМ-нің негізгі басым бағыттарының бірі түзеу мекемелерінде ұсталатын адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып белгіленген. Бұл үшін орталықта да, жергілікті жерлерде де бірқатар ұйымдастырушылық және практикалық шаралар кешені қабылданады.Үшіншіден, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде кәсіби өзекті сақтауға және мамандардың кетуін қысқартуға бағытталған, ұтымды жүйелі кадр саясаты жүргізіледі. Төртіншіден, ІІМ өз қызметінің басқа салаларындағыдай осы жағдайда да, қылмыстық-атқару жүйесі саласында да халықаралық стандарттарды орнатуға және орындауға талпынады.
Ал ІІМ жекелеген құқық қорғаушылардың қылмыстарды ашу көрсеткішіне қол жеткізу үшін полиция қызметкерлері тергеу изоляторларына және түзету мекемелеріне бақылаусыз кіріп, айғақтарды күш қолданып алады және сотталғандардың басқа да құқықтарын бұзуға жол береді деген пікірлерін негізсіз деп санайды. Өйткені құқық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру шеңберінде ішкі істер органдарының қызметін бағалаудың негізгі өлшемі кез келген әдіспен әйтеуір қалайда қылмысты ашу емес, азаматтардың полицияға сенімін арттыру болып табылады. Демек, тергеу изоляторларындағы тергеу амалдары мен жедел-іздестіру іс-шаралары қатаң белгіленген тәртіпте жүргізілетін болады.
Сотталғандардың құқығын бұзудың әрбір фактісі бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, кінәлі лауазымды тұлғаларды ішкі істер органдарынан шығаруға дейін тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Осыған ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік, жеке құрам жөніндегі инспекция және кадр аппараты бөліністерінің күштері бағытталатын болады. Қызметтік тергеудің шынайы және уақтылы жүргізуін қамтамасыз ету үшін ҚАЖК-де және жергілікті жерлерде өзіндік қауіпсіздік бөліністерінің штаттық саны көбейтілді және олардың барлығы ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментінің тікелей бағынысына ауыстырылды. Қазақстан Үкіметінің жаңадан қабылданып жатқан ұйымдастырушылық және практикалық шаралары қылмыстық-атқару жүйесін демократияландыру бағытын жалғастыруға, сотталғандардың құқықтарын қорғауға және сақтауды қамтамасыз етуге көмектеседі.
– Жалғыз Қылмыстық-атқару жүйесі ғана емес, ІІМ-ге басқа да қызметтер қайтарылуда. Мәселен, халықты тіркеу және құжаттандыру, Көші-қон қызметтері де Ішкі істер министрлігіне берілді. Осы қадамдар қандай өзгерістерге әкеліп отыр, өз тиімділігін көрсете алды ма?
– Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес Ішкі істер министрлігінде Көші-қон полициясы комитеті құрылды. Аталған Жарлықты іске асыру аясында ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының азаматтарын құжаттандыру мен тіркеу функциялары әділет органдарынан алынып, ішкі істер органдарына, яғни көші-қон полициясына жүктелді.
Бұл реформалар құқық қорғау жүйесін жаңғырту мақсатында жүргізілді. Бұл алдымен мемлекеттің қауіпсіздігін күшейтуге, ішкі көші-қон саласындағы қарым-қатынастарды реттеу тәртібін нақтылауға бағытталып отыр. Бұған дейін сыртқы және ішкі миграциялық үдерістерді тіркеумен үш министрлік – Ішкі істер, Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері айналысып келсе, бүгінде жүйені оңтайландырудың арқасында бұл іс бір ведомствоның құзыретіне кірді. Осы өзгерістердің өзі қарапайым халыққа қолайлы жағдай туғызып, қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етіп отыр. Соңғы мәліметтерге көз жүгіртсек, шілде айының 1-інен бастап аумақтық ішкі істер органдарына Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алу үшін 360 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның ішінде 116 мың азаматқа төлқұжат және 235 мыңға жуық азаматтардың жеке куәлігі дайындалды. Сонымен қатар, екі айдың ішінде 390 мыңға жуық азамат мекен-жайы бойынша тіркелген.
– Алматы, Ақтөбе қаласында бас көтерген ұйымдасқан қылмыстық топтарды немесе жекелеген басбұзарларды ұстауда және бірнеше қалалардағы түзеу мекемелерінен қашқан сотталғандарды құрықтау барысында небір дайындықтан өтті деген полиция қызметкерлерінің қыршын кетуі нені білдіреді? Әрине, бұл орайда соңғы кездері Тараз қаласында болған оқиғаның жәйі бөлек. Жалпы кадрларды іріктеу, оларды даярлау барысы қалай жүзеге асады?
– Мұның бәрі алдын ала дайындыққа байланысты, біз қазір әрбір қызметкердің талапқа сай болуын қолға алып жатырмыз. Бұл жұмыстар бұрыннан да атқарылып келеді, дегенмен қазіргі қылмыстық ахуалға байланысты дайындықты одан әрі арттыру артық етпейді. Ал ішкі істер органына денсаулығы мықты, білекті, білікті жастар қабылданады. Бұл «Құқық қорғау қызметі туралы» заңымен реттеледі. Ішкі істер органдарындағы қызметке он сегіз жасқа толған, өзінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері оң, денсаулығы мықты және дене шынықтыруы жоғары, жүктелген лауазымдық міндеттерді орындай алуы үшін білім деңгейі зор азаматтар ерікті негізде қабылданады.
Ішкі істер органдарының арнайы бөліністеріне қызметке қабылдау кезінде спорттың әр түрі бойынша үміткерлердің спорттық жетістіктері ескеріледі. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының жедел-қызметтік жұмысының тиімділігін арттыру шаралары тек әрбір қызметкердің кәсіби даярлығының сұранысы және кәсіби шеберлігін жүйелі жетілдіру арқылы жүзеге асады.
Қазір қылмыскерлердің қарулануы мен агрессиялық екпіні өсіп отыр, сондықтан мұны да оқытудың әдістемелік айқын түрлері қажет. Өйткені, ішкі істер органдары қызметкерлерінің іс-қимыл шеберлігі қызметтік тапсырмаларды орындау кезінде автоматтандырылған деңгейге жетуі қажет. Демек, қызметкерлер қандай да бір қысылтаяң жағдайларда өздерінің кәсіби міндетін орындауға дайын болуы тиіс.
– Қызметтік міндеттерін адал орындап, жанқиярлық ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерін марапатқа ұсыну жағы қалай жүзеге асып жатыр?
– Иә, бұл сұрағыңыз өте орынды. Үстіміздегі жылдың 10 ай ішінде ішкі істер органдарының 71 қызметкері қаза болды, оның ішінде 18 қызметкер – қызметтік міндетін орындау, 9 қызметкер қылмыскерлерді қолға түсіру кезінде. Күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайлар, оқыс оқиғалар қызметкерлерден батырлықты, әділдікті, табандылықты, сауаттылықты, қырағылықты талап етеді. Қалаларда, елді-мекендерде, шалғай аудандарда адамдардың тыныштығын қорғап, қырағылық танытып, кей кездері өміріне қауіп төнгенін біле тұра қылмыскерлердің қастандық әрекетінің жолын кесіп, мақтан тұтарлық жетістіктерге қол жеткізіп жатқан қызметкерлеріміз баршылық. Жамбыл облысында орын алған жағдай соған нақты дәлел деп айта аламын.
Қаруланған қылмыскерді қолға түсіру кезінде қайсарлық пен батырлық танытқаны үшін Ақтөбе облысының ІІД қызметкерлерін – Руслан Жолдыбаевты, Рустем Кенжалинді, Нұрлан Алпысбайды, Айдос Боранбаевты және «Сұңқар» жасағының бөлімше бастығы Айболат Иманбаевты (марқұм болғандар), Жамбыл облысы ІІД-нің қызметкерлерін – Ғазиз Байтасовты, Полат Аянқұловты, Жақсыбек Байсейітовті (марқұм болғандар), Алматы қаласының ІІД қызметкерлерін Ғалымжан Абдировты, Мақсат Дабыловты (марқұм болғандар) және т.б. қызметкерлерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Мемлекет басшысына ұсынымхат жіберілді.
Ал жалпы жылдың басынан ішкі істер органдарының 15 қызметкері, оның ішінде қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған 2 адам мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы Таразда және Алматыда қаза болған полиция қызметкерлерінің отбасына, сондай-ақ жараланғандарды емдеуге материалдық көмек көрсетуге шешім қабылдап отыр. Қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған қызметкерлердің отбасыларына жәрдемақы бөлінеді. Демек, батырлықпен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің ерлігі ел есінде сақталады.
– Салмақты да салиқалы әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.