• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2011

Тұрақтылық талабы – тәртіп

640 рет
көрсетілді

Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық жолына көз жүгіртіп,  өткен мен бүгінгіні салыстыра қарар болсақ жер мен көктей айырмашылықты байқаймыз. Саясатта, экономикада, мәдениетте, құқық қорғау саласында реформалар жүргізуде едәуір нәтижелерге қол жеткіздік. Соның ішінде елдегі тәртіпті сақтау мен адам құқын қорғаудағы жетістіктер құқық қорғау жүйесін реформалау барысына байланысты еңсерілгені айқын білінеді. Бұл орайда Елбасының құқық қорғау бағытына ерекше мән беруінің нәтижесі орасан зор болды. Осыған орай  Тәуелсіздігіміздің баянды болуына дем берген жүйелі тәртіптің жай-күйіне байланысты, сондай-ақ экстремизм және терроризммен күрес мәселелері төңірегінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВПЕН әңгімелесудің  сәті түсті. – Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы, ең қасиетті де қастерлі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы Қазақстан халықтары үшін үлкен мейрам. Осы орайда елдегі қазіргі ішкі тәртіп, адамдардың құқы мен қауіпсіздігін қорғау мәселелері қандай деңгейде деп бағалар едіңіз? – Таяуда еліміздің Тәуелсіздігіне жиырма жыл толады. Осы  айтулы мереке қарсаңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа басталған онжылдықта Қазақ­стан Республикасының алдына қой­ған мақ­саттары мен  болашақ бағдарын анық­тап берді. Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде экономи­калық-әлеуметтік реформалар бойынша айтар­лық­тай жетістіктерге қол жеткізді. Ішкі істер органдары қызметін еліміз қол жеткізген жетістіктерден бөле-жара қа­рауға болмайды. Өйткені,  қандай жетіс­тіктің болмасын түп қазығы – тәртіп. Тәр­тіп бар жерде табыс бар. Бұл ту­расында Елбасы­мыз құқық қорғау жүйе­сін  әлемдік стан­дарттарға, қазіргі нарық­тық жағдайға  сәй­­кес­тендіретін өзгеріс­терді нақтылап берді. Еліміз соңғы 20 жыл бойы азамат­тардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық қолсұғушы­лықтардан қорғаудың тиімді жүйесін қа­лыптастыра білді. Құқықтық саясатты да­мытудың басым бағыттары құқықтық реформа мемлекеттік бағдарламасының, Құқықтық саясат тұжырымдамасының және де Мемлекет басшысының жыл са­йынғы  халыққа Жолдауы шеңберінде ай­қындалып келеді. Елбасымыздың бастамасымен құқық қорғау органдарына жүргізілген рефор­ма­лардың нәтижесін біз жақын уақытта сезінеміз.  Реформаның арқасында  ішкі істер органы  көптеген қосалқы қызмет­терден босатылды. Медициналық айық­тыр­ғыш­тардың жұмысымен ендігі жерде денсау­лық сақтау орындары айналыса­тын болса, кәмелетке толмағандарды уақытша оқ­шау­лау және бейімдеу жұ­мыс­тарымен білім беру органдары айна­лысады. Көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу және күзет қызметі де  басқа салаларға берілді. Бір сөзбен айт­қанда,  бұл өзгерістер алдағы жемісті істердің бастауы болмақ. – Ішкі істер министрлігі жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарының бірі – ол орын алған қылмыс пен оқиғалар туралы хабарлама мен арыз­дарды толығымен тіркеу. Бұрын осын­ша қылмыс есептен жасырылыпты дегенді естуші едік.  Қазіргі жағдай қалай? – Жоғарыда айтқанымдай, біздің мақ­сат – Елбасының құқық қорғау саласы­ның жұмысын жақсарту үшін ұсынған бағыт­тарын  абыроймен жүзеге асыру. Бұл баста­малардың барлығы халықтың поли­цияға деген сенімін күшейту үшін жаса­лып жатқан қадамдар. Қазіргі күні барлық арыздар тіркеледі, бұрынғыдай шағымда­нушының арызын қайтарып алуға үгіттеу немесе жасырып қалу деген жоқ. Сөзсіз, қылмыс туралы арыздарды толық тіркеу, бір жағынан, оның артуына әкеп соқтыр­са, екінші жағынан ашылу көрсеткішіне де кері әсерін беруі мүмкін. Алайда, мұны есепке алу – тіркеу тәрті­біндегі оң өзгерістер деп білуіміз қажет. Қазіргі уақытта  прокуратура тарапынан бақылау күшейтіліп, қылмыстарды элек­трондық тіркеу жүйесі енгізілді. Бұл аза­маттардың шағымдары мен арыздарын уақытында қарастыруды қамтамасыз етіп отыр.   Осы жүйе негізінде азаматтардың арыз­дары автоматты түрде Бас прокура­тураның құ­қықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің серверіне түсіп тұрады. Аталған мәселелер үстіміз­дегі жылғы 3 шілдеде ІІМ-нің кеңейтіл­ген алқа отыры­сында, ал    4 шілдеде Бас про­куратурамен бір­лескен алқа отыры­сын­да қаралды. Мұның барлығы Елба­сының қойған тап­сыр­маларын орындау мақсатында, халық­тың сақшыларға деген сенімін күшейту үшін жасалып отыр. – Таразда болған оқиға көп нәрсені аңғартқаны анық. Терроризм әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде да­мы­ған Еуропада да орын алып отыр­ғаны рас. Ендеше, бұл қатерден Қазақ­станның да сырт қалмайтыны белгілі болды. – Бұл туралы Мемлекет басшысы өткізген діни экстремизм және терроризммен күрес мәселелері жөніндегі кеңесте де жан-жақты айтылды. Бүгінде әлем елдерінде орын алып отырған бұл қатерден біздің еліміздің де шет қалмай тұрғаны анық. Бірақ Қазақстанға қарсы жасалған терроризмді ымырасыз басып-жаншуға мемлекеттің мүмкіндігі жетеді. Мемле­кеттің қолында күш те, қуат та, жігер де бар. Біз лаңкестікті түбірімен жоқ қыла­мыз, деді Елбасы. Әрине, Таразда ерекше ауыр қылмыс жасалғанын айту керек. Бұл бізге, құқық қорғау органда­рына үнемі сақадай-сай әзірлікте, дайын­дықта болуы­мызды талап етеді. Сондай-ақ барлық қазақстандықтарда бұл орайда қырағы­лық та болуы керек деп ойлаймын. Егер лаңкестікке қатысты деректер бай­қалатын болса, оны дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажет. Біз мұндай қатерге қарсы бәріміз бірігіп, бір жұдырықтай түйіле кіріссек ешбір лаңкестік атаулыға жол бермейтінімізге сенемін. – Кезінде елдегі қыл­мыстық саясатты ізгілендіруге байланысты бірқатар оңды ша­ралар жүзеге асырылғаны белгілі. Дегенмен, кейде асы­ғыс­тық орын алған секілді кө­рі­неді. Әйтпесе, Қыл­мыс­­тық-атқару жү­йе­сін қай­та­дан қудалау орга­нына қайтару нені білдіреді? – 2011 жылғы шілдеде қылмыстық-атқару жүйе­сін Ішкі істер минис­тр­лігінің қарамағына беру түзету мекемелерінде кри­миналдық жағдайды тұ­рақ­тандыру, сон­дай-ақ қыл­мыстық ортаның беделділері мен ұйымдасқан қылмыстық топтар бас­шы­ларының арнайы контин-­генттің басым бөлігінің тәртібіне теріс әсер етуін бейта­раптандыру қажеттілігіне негізделді. Қылмыстық-атқару жүйесі 2002 жыл­дан Әділет министрлігінің құзыре­тінде болды. Алайда, осы уақыт ішінде еңбекпен түзеу мекемелерінде криминогендік жағ­дай күтіл­ген нәтижеге сай жақсарған жоқ. Және бұл көптеген түзету мекемелеріне тән болды. Дене мүшелерін зақымдау жағ­дайлары орын алды, мекеме әкімшілігінің заңды талапта­рына бағынбау (оның ішінде топ­тық) факті­лерінің саны, сондай-ақ түзеу мекемелеріне есірткі құралдарын, қару-жарақ, ұшты, өткір жүзді заттар, ұялы телефондар мен ақшалай қаражаттар кіргізу факті­лерінің саны өсті. Соңғы екі жыл ішін­де бірқатар түзету мекемелерінен сот­талған­дардың  топтасып қашу әрекет­тері орын алды. Маңғыстау облы­сының түзету мекемесінен 2010 жылғы маусымда оқ-дәрі, суық қару және қолдан жасалған  жа­рыл­ғыш құрылғыларды қолда­нып, 21 сотталған қашты. Ағымдағы жылғы шілдеде Балқаш қаласының түзету мекемесінен  16 соттал­ған­­ның қарулы қашу әрекеті­нің жолы кесілді. – Демек, кейбір өркениетті елдердегідей мұндай маңызды міндетті атқару талап деңгейінен шықпағандықтан «еш­тен кеш жақсы» деп бұрынғы күйге оралу дұрыс болғаны ғой? – Иә, жоғарыда айтылған жағдайлар қылмыстық-атқару жүйесін Ішкі істер министрлігінің қарамағына беруге негіз болды. Әлемде қылмыстық-атқару жүйесі ІІМ-нің құзыретіне қарайтын көптеген мемлекеттер бар. Мәселен, жазалардың орын­далуына Испания және Ұлыбрита­нияда (2007 жылға дейін), Африканың (Ангола, Габон, Гамбия, Египет, Замбия, Кения, Малави, Намибия, Нигерия, Судан, Танзания, Руанда), Латын Америкасының (Белиз, Боливия, Гватемала, Гондурас, Мек­сика, Никарагуа, Уругвай, Эквадор), Азияның (Бангладеш, Вьетнам, Үндістан, Камбоджия, Лаос, Солтүстік Корея, Сингапур) көптеген елдерінде және Таяу Шығыс елдерінің барлы­ғында дерлік (Израиль, Иордания, Йемен, Катар, Кувейт, Ливан, Сауд Аравиясы, Сирия, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман) Ішкі істер министрліктері жауап береді. Ал бірқатар демократиялық елдерде жазаны орындайтын кейбір органдар ішкі істер министріне есеп береді. Мысалы, Канадада жазаны орындау жөніндегі құзырет федералдық үкімет және кейбір аудан­дардың үкіметі арасында бөлінген. Бас бос­тандығынан айыру мерзімі екі жылдан асатын жазаларды Канаданың Түзеу қыз­меті, федералдық агенттігі, қоғамдық қа­уіп­сіздік министріне есеп беретін адам (Minister of Public Safety), ішкі істер минис­трінің канадалық аналогы орындайды. – Дұрыс екен. Ал Қазақстандық пени­тенциарлық жүйе осы халықара­лық ұйымдардың қандай ережелерін басшы­лыққа алады? – Әрине, Қазақстан пенитенциарлық жүйені ізгілендіру және демократия­лан­дыру қағидаларынан ешқашанда бас тарт­пайды. Сондықтан, БҰҰ-ның және басқа халықаралық ұйымдардың (ЕҚЫҰ, Еуро­палық одақ, Еуропа Кеңесі) ұсынымдарын ұстанады. Мәселен, біздің елімізде Еуропа Кеңесі ұсынған Қазақстан Республи­касы­ның 2008 жылғы 26 маусымдағы заңымен ратификацияланған, БҰҰ-ның азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясын және 1955 жылғы 30 та­мыздағы БҰҰ-ның қылмыс­тың алдын алу және тұтқындалғандармен қарым-қатынас жасау бойынша конгресс қабылдаған қамаудағылармен қарым-қатынас жасаудың кіші стандартты ережелерін назарда ұстайды. Сондай-ақ Еуропа Кеңесі мәр­тебесі ережесіне сәйкес, Министрлік комитеттері қабылдаған Еуропалық пенитен­циарлық ережелерін тиімді іске асыруға көмектесетін, ішкі ұлттық заң негіздері құрылды. Бұған қоса адам құқықтарын қорғау саласында барлық қажетті құқықтық тетіктер – Омбудсмен институты, Президент жанындағы Адам құ­қық­тары жөніндегі комиссия, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жө­ніндегі қазақстандық ха­лық­аралық бюро бар. Заң деңгейінде қоғамдық ба­қылауға, бостандығын айы­ру орын­да­рында заң­ды­лықтың сақталуына про­курорлық қадағалау реттелген. – Демек, сонда Қыл­мыстық-атқару жүйесі Ішкі істер минис­трлі­гі­нің құрамында болғанда қандай игі өзгерістер ор­нап, оңды нәтижелер жа­салады демексіз? Және бұл ұсталғандар мен сотталғандардың қауіп­сіз­дігі мен құқық­тары­ның заң талаптарына сай қорғалуына жағдай тудыра ала ма? – Біріншіден, Қылмыс­тық-атқару жүйе­сінің комитеті ІІМ-нің құрылымында тұ­рып тікелей бағыныстағы өзінің дербестігін сақтап қалады. Екіншіден, ІІМ-нің негізгі басым бағыттарының бірі түзеу мекемелерінде ұсталатын адамдардың құқық­тары мен бостандықтарын қорғау болып белгіленген. Бұл үшін орталықта да, жергілікті жерлерде де бірқатар ұйымдасты­рушылық және практикалық шаралар кешені қабылданады.Үшіншіден, қылмыс­тық-атқару жүйесі мекемелерінде кәсіби өзекті сақтауға және мамандардың кетуін қысқартуға бағыт­талған, ұтымды жүйелі кадр саясаты жүргізіледі. Төртіншіден, ІІМ өз қызметінің басқа салаларындағыдай  осы жағдайда да, қылмыстық-атқару жүйе­сі саласында да халықаралық стандарт­тар­ды орнатуға және орындауға талпынады. Ал ІІМ жекелеген құқық қорғаушы­лардың қылмыстарды ашу көрсеткішіне қол жеткізу үшін полиция қызметкерлері тергеу изоляторларына және түзету мекемелеріне бақылаусыз кіріп, айғақтарды күш қол­данып алады және сотталған­дардың басқа да құқықтарын бұзуға жол береді деген пікірлерін негізсіз деп санайды.   Өйткені құқық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру шеңберінде ішкі істер органдарының қызметін бағалаудың негізгі өлшемі кез келген әдіспен әйтеуір қалайда қылмысты ашу емес,  азаматтардың поли­цияға сенімін арт­тыру болып табылады. Демек, тергеу изоляторларындағы тергеу амалдары мен жедел-іздестіру  іс-шара­лары қатаң белгіленген тәртіпте жүр­гізілетін болады. Сотталғандардың құқығын бұзудың әрбір фактісі бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, кінәлі лауазымды тұлғаларды ішкі істер органдарынан шығаруға дейін тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Осыған ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік, жеке құрам жөніндегі инспекция және кадр аппараты бөліністерінің күштері бағытта­латын болады. Қызметтік тергеудің шы­найы және уақтылы жүргізуін қамтамасыз ету үшін ҚАЖК-де және жергілікті жерлерде өзіндік қауіпсіздік бөліністерінің штаттық саны көбейтілді және олардың барлығы ІІМ өзіндік қауіпсіздік депар­таментінің тікелей бағынысына ауысты­рылды. Қазақстан Үкі­метінің жаңадан қабылданып жатқан ұйым­дастырушылық және практикалық шара­лары қылмыстық-атқару жүйесін демо­кратия­ландыру бағы­тын жалғастыруға, сотталған­дардың құ­қық­тарын қорғауға және сақтауды қамта­масыз етуге көмектеседі. – Жалғыз Қылмыстық-атқару жүйесі ғана емес, ІІМ-ге басқа да қызметтер қайтарылуда. Мәселен, халықты тіркеу және құжаттандыру, Көші-қон қыз­мет­тері де Ішкі істер министрлігіне берілді. Осы қадамдар қандай өзгерістерге әке­ліп отыр, өз тиімділігін көрсете алды ма? – Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес Ішкі істер министрлігінде Көші-қон полициясы комитеті құрылды. Аталған Жарлықты іске асыру аясында ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының азаматта­рын құжаттандыру мен тіркеу функ­циялары әділет органдарынан алынып, ішкі істер органдарына, яғни көші-қон полициясына жүктелді. Бұл реформалар құқық қорғау жүйе­сін жаңғырту мақсатында жүргізілді. Бұл алдымен мемлекеттің қауіпсіздігін кү­шейтуге, ішкі көші-қон саласындағы қарым-қатынастарды реттеу тәртібін нақ­тылауға бағытталып отыр. Бұған дейін сыртқы және ішкі миграциялық үдеріс­терді тіркеумен үш министрлік – Ішкі істер, Әділет, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрліктері айна­лы­сып келсе, бүгінде жүйені оңтай­ландырудың арқасында бұл іс бір ведом­ствоның құзы­ретіне кірді. Осы өзгеріс­тердің өзі қара­пайым халыққа қолайлы жағдай туғызып, қызмет көрсету сапасын артты­руға ықпал етіп отыр. Соңғы мәлі­меттерге көз жү­гірт­сек, шілде айының 1-інен бастап аумақтық ішкі істер органдарына Қазақстан Рес­публи­касы азаматының жеке куәлігін алу үшін 360 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның ішінде 116 мың азаматқа төлқұжат және 235 мыңға жуық азамат­тардың жеке куәлігі дайындалды. Соны­мен қатар, екі айдың ішінде 390 мыңға жу­ық азамат мекен-жайы бойынша тіркелген. – Алматы, Ақтөбе қаласында бас көтерген ұйымдасқан қылмыстық топ­тарды немесе жекелеген басбұзар­ларды ұстауда және бірнеше қала­лардағы түзеу мекемелерінен қашқан сотталған­дарды құрықтау барысында небір да­йын­дық­тан өтті деген полиция қызметкерлерінің қыршын кетуі нені білдіреді? Әрине, бұл орайда соңғы кездері Тараз қаласында болған оқи­ғаның жәйі бөлек. Жалпы кадрларды іріктеу, оларды даярлау ба­рысы қалай жүзеге асады? – Мұның бәрі алдын ала дайындыққа байланысты, біз қазір әрбір қызметкердің талапқа сай болуын қолға алып жатыр­мыз. Бұл жұмыстар бұрыннан да атқа­рылып келеді, дегенмен қазіргі қылмыс­тық ахуалға байланысты дайындықты одан әрі арттыру артық етпейді. Ал ішкі істер органына денсаулығы мықты, білекті, білікті жастар қабылданады. Бұл «Құқық қорғау қызметі туралы»  заңымен реттеледі. Ішкі істер органдарындағы қызметке он сегіз жасқа толған, өзінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қа­сиеттері оң, денсаулығы мықты және дене шы­нықтыруы жоғары, жүктелген лауа­зымдық міндеттерді орындай алуы үшін білім деңгейі зор азаматтар ерікті негізде қабылданады. Ішкі істер органдарының арнайы бөліністеріне қызметке қабылдау кезінде спорттың әр түрі бойынша үміткерлердің спорттық жетістіктері ескеріледі. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының жедел-қызметтік жұмысының тиімділігін арт­тыру шаралары тек әрбір қызметкердің кәсіби даярлығының сұранысы және кәсіби шеберлігін жүйелі жетілдіру ар­қылы жүзеге асады. Қазір қылмыскерлердің қарулануы мен агрессиялық екпіні өсіп отыр, сон­дықтан мұны да оқытудың әдістемелік айқын түрлері қажет. Өйткені, ішкі істер орган­дары қызметкерлерінің іс-қимыл шеберлігі қызметтік тапсырмаларды орын­дау кезінде автоматтандырылған деңгейге жетуі қажет. Демек, қызмет­кер­лер қандай да бір қысылтаяң жағдай­ларда өздерінің кәсіби міндетін орын­дауға дайын болуы тиіс. – Қызметтік міндеттерін адал орындап, жанқиярлық ерлікпен қаза тап­қан полиция қызметкерлерін ма­рапатқа ұсыну жағы қалай жүзеге асып жатыр? – Иә, бұл сұрағыңыз өте орынды. Үстіміздегі жылдың 10 ай ішінде ішкі істер органдарының  71 қызметкері қаза бол­ды, оның ішінде 18 қызметкер – қызметтік міндетін орындау, 9 қызметкер қылмыс­кер­лерді қолға түсіру кезінде. Күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағ­дайлар, оқыс оқиғалар қызметкерлер­ден батырлықты, әділдікті, табандылықты, сауаттылықты, қырағылықты талап етеді.  Қалаларда, елді-мекендерде, шалғай аудандарда адамдар­дың тыныштығын қор­ғап, қырағылық танытып, кей кездері өміріне қауіп төнге­нін біле тұра қыл­мыскерлердің қастандық әрекетінің жо­лын кесіп, мақтан тұтарлық жетістіктерге қол жеткізіп жатқан қызмет­кер­леріміз баршылық. Жамбыл облысында орын алған жағдай соған нақты дәлел деп айта аламын. Қаруланған қылмыскерді қолға түсіру кезінде қайсарлық пен батырлық та­ныт­қаны үшін Ақтөбе облысының ІІД қыз­мет­керлерін – Руслан Жолдыбаевты, Рустем Кенжалинді, Нұрлан Алпысбай­ды, Ай­дос Боранбаевты және «Сұңқар» жаса­ғының бөлімше бастығы Айболат Иман­баевты (марқұм болғандар),  Жам­был об­лы­сы ІІД-нің  қызметкерлерін –  Ғазиз Бай­тасовты, Полат Аянқұловты, Жақсы­бек Байсейітовті (марқұм бол­ғандар), Ал­маты қаласының ІІД қызмет­керлерін Ға­лым­жан Абдировты, Мақсат Дабыловты  (мар­құм болғандар) және т.б. қызметкер­лерді Қазақстан Рес­публи­касы­ның мемлекеттік наградала­рымен марапаттау туралы Мемлекет бас­шы­сына ұсынымхат жіберілді. Ал жалпы жылдың басынан ішкі істер органдарының  15 қызметкері, оның ішінде қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған 2 адам мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы Таразда және Алматыда қаза болған полиция қызметкерлерінің отба­сына, сон­дай-ақ жараланғандарды емдеуге материал­дық көмек көрсетуге  шешім қабылдап отыр. Қызметтік міндетін орын­дау кезінде қаза болған қызметкерлердің отбасыларына жәрдемақы бөлінеді. Демек, батырлықпен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің ерлігі ел есінде сақталады. – Салмақты да салиқалы әңгіме­ңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.